«Мұсылман еркектер «төсектес болайық» деп маза бермеді»: қазақ қыздары хиджабын шешіп жатыр

0
1199

«Домбыра харам», «Түсімде 26 рет пайғамбарды көрдім» деген Назерке есімді әйел басынан өткен келеңсіздіктерден кейін хиджабын шешкен. Ал алматылық Алуа Болатқызы 4 жыл бойы намаз оқып, дінге сараптама жасағаннан кейін хиджаб киюден бас тартқан.

Бойжеткендер Stan.kz тілшісіне орамалын шешкеннен кейінгі өмірлері қалай өзгергенін айтып берді.

Хиджабты шешуге мәжбүр болдым. Халал деген жерлерде жұмыс істедім. Мұсылман еркектер «төсектес болайық» деп маза бермеді. Намаз оқып жүрген қаншама оңбаған еркектің барын сіздер білмейсіздер… Көбі КНБ-нің (Ұлттық қауіпсіздік комитеті, – ред) адамдары жаман деп айтады. Негізі бәрі мұндай емес. Маған «қазағымның қызы» деп жәрдем берген солар еді. Олар көмектеспегенде, не боларын кім білсін… – деді Назерке.

Оның айтуынша, ешкімнің иманы сыртқы киімімен өлшенбейді. Ол иманы мен діні жүрегінде екенін айтты.

Мен әркімнің тулағындай иленбей, таза өмір сүру үшін, балаларымның жүзі төмен болмауы үшін осы қадамға бардым. Иманым да, дінім де жүрегімде. Мен – намысын таптатпаған қазақтың қызымын. Осыны біліңіздер! Ешкімнің иманы сыртқы киімімен өлшенбейді, – деген ол басқалардан әйел ретінде өзін түсінуін өтінді.

Ал алматылық Алуа Болатқызы орамалды 4 жылдан кейін шешкен. Бірақ ол бүркенбей тұрғанда ата-анасы мен дос-құрбылары қарсы шыққан. Тіпті колледжде оқып жүргенде оны сабаққа кіргізбей қойыпты.

Діни манипуляция… Енді ғана дінді танып келе жатқан 18 жастағы қызға қатты әсер етті. Хейт көп болып, ешкім түсінбеді. «Сен әлі жассың», «бұл қазақтың киімі емес», «орамалды тұрмысқа шыққан соң тақ», «сектаға кіріп кеттің» деген сөздер жиілеп кетті. Орамалды 22 жасқа толғанда шештім. Ішкі қалауым. Біраз есейіп, әрбір діни әңгімелерге анализ жасап, бұл жол менікі емес екенін түсіндім. Қазір намаз оқымаймын. Дінге деген көзқарасым өзгерді. Барлық нәрсе саналы түрде болуы керек деп ойлаймын. Бүркеніп алу жақсы деп айтпаймын. Себебі жан-жақтан нешетүрлі әңгіме, ұрыс-керіс көбейіп кетті. Туысқандардың жеке басымның ісіне араласуы, колледжге кіргізбей қойған сәттер күйзеліске түсуіме әкеп соқты, – деді алматылық қыз.

Алуа орамалын шешкен кезде өзін арқасынан бір ауыр жүк түскендей сезінген. Дегенмен қоғам тарапынан көп сынға ұшырағанын жасырмады.

Меніңше, білімсіздіктің кесірінен көп жас діни манипуляцияға тез ереді. Жанымдағы құрбым намаз оқитын еді. Ол қызбен колледжге түскен кезде таныстым. Кейін ол маған дін туралы көп әңгіме айта бастады. Қызығып, мен де оқи бастадым. Мешітке барып, уағыз тыңдап қайтатын едік. Телефоннан нешетүрлі уағыз тыңдайтын едік. Ол маған «сен қашан киесің?», «өліп қалсаң қайтесің?», «арғы дүниеңді ойламайсың ба?», «Құдайдан қорықпайсың ба?» деп өзіне тартты. Басында менікі дұрыс, сендер қате ойлайсыңдар деп ойлайтынмын. Алайда орамал тағуды қойғаннан кейін сол құрбым араласпай кетті, – деп түсіндірді Алуа.



ПІКІР ЖАЗУ