«Әйелдер фастфуд жеп, аз қозғалады»: дәрігерлер алып сәбидің артуына алаңдаулы

0
243

Қарағандыдағы перзентханада 3 алып нәресте дүниеге келді. Бірінің салмағы 5,5 келі болса, қалған екеуі де соған жетеқабыл, деп хабарлады KTK телеарнасы.

Сәбилердің үшеуі де кесарь тілігі арқылы туған. Сондай-ақ дәрігерлер алпамсадай балалардың көбеюі дұрыс емес деп дабыл қағып отыр.

Жалпы, жыл басынан бері Қарағандыда осындай 59 бала дүниеге келген. Он баланың салмағы 5,5 келінің айналысында болған. Бұл – ауыр салмақ. Кейінгі кезде алып балалардың жиілеуі жақсы емес дейді ақ халаттылар. Өйткені бұл баланың да, ананың да денсаулығына қауіп төндіреді. Әйелдер жүктілікке ерте дайындалып, ең алдымен ағзасындағы қант деңгейін тексеруі керек. Тамақты, оның ішінде фастфудты көп жеу мен аз қозғалу да іштегі баланың тез өсіп кетуіне әкеп соғады.

Тәтті нан жейді. Қимыл-қозғалысы аз. Көп серуендеу керек. 5 келіден асатын болса, онда шешімді консилиуммен қабылдаймыз. Кесарь тілігін жасау керек, ананың да, баланың да жарақатын төмендету үшін, – дейді Қарағанды облысы клиникалық ауруханасы №2 перинаталдық орталығының меңгерушісі Жарқын Нүркеева.

Бес келіден артық болып туған нәрестелердің үшеуі де қыз. Олардың алып болып туатыны 1 ай бұрын болжанып, жоспарлы отаға жатқызылған. Бәрі сәтті өтіп, балалар анасының қолына берілді.

Фото: tvc.ru



ПІКІР ЖАЗУ