«Ата-аналар шу шығарды»: Түркістан облысындағы түрмеде сотталушыларды азаптаған

0
113

Түркістан облысы Леңгір қаласындағы №55 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан балаларымызды азаптап жатыр деген ата-аналар шу шығарды, деп хабарлайды Politico.kz 31 телеарнаға сілтеме жасап. 

Ата-аналардың айтуынша, абақты басшылығы жазасын өтеушілерге күн көрсетпейді екен. Сондықтан түрмедегі жазасын өтеушілер арасында өзіне қол салу жағдайлары жиілеген.

Түзеу мекемесіндегі сотталушылар туыстарына видеоүндеу жолдап, көмек сұраған.

Осы мекемеге келгеніме екі ай ғана болған шығар. Мұнда болып жатқандарды заң аясында деп айта алмас едім. Түрме әкімшілігінен маған болып жатқан заңсыз әрекеттерге төзе алмағандықтан, өзіме дене жарақатын салдым, – дейді видеоүндеу жолдаған сотталушы.

Кадрлардан сотталушының қарны тілініп, ашық жараның әлі жазылмағанын көруге болады.

Түрме алдына жиналған ата-аналар балаларының бұған дейін Шымкент пен Қарағандыдағы түзеу мекемелерінде жатқанын, ол жақта мұндай мәселелер болмағанын атап өтті.

Менің де бауырым кесіліп отыр. Осы жерден мәйітін алып шықпау үшін арызданып отырған жайым бар. Уақыты тамақ берілмейді. Бір тәулік бойы менің бауырыма тамақ берілмепті. Кездесуге де кіргізбейді, – дейді сотталушының туысы Әйгерім Қожамжарова.

Ата-аналардың шағымы бойынша түзеу мекемесінде тексеріс жұмыстары басталды. Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы қылмыскерлер түрмедегі қатал тәртіпті әлсірету үшін әдейі өздеріне қол салып, шу шығаратынын атап өтті. Олардың мақсаты ел назарын өздеріне бұру дейді жауаптылар.

Бұлардың мақсаты сотталғандардың ішкі тәртіп ережесін әлсірету мақсатында ұйымдастырылған дерек деп санаймын. Туыстарының айтқаны шынайылыққа жатпайды. Мен және прокуратура тарапынан тексерулер жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда видео бойынша екі күн бұрын қызметтік тексеру тағайындалған. Ол деректерді қазір тексереміз, – дейді Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Ермек Жалғасов.

Жауапты басшының сөзінше видеоүндеу жолдап, туыстарынан көмек сұраған сотталушылардың барлығы түрме тәртібіне бағынбағандар. Олардың қолына ұялы телефонның қалай түскенін де арнайы комиссия анықтайтын болады.

Айта кетейік ресми ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері дәл осы колонияда 9 адам өзіне қол салмақ болған екен.

Фото: видеодан скрин



ПІКІР ЖАЗУ