Көшпенділер ойындары: Түркістаннан елордаға «Бірлік керуені» аттанды

0
298

Түркістан облысынан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына «Бірлік керуені» жолға шықты.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев көкпардан Азия, әлем чемпионы, Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі Ғалымжан Изжановқа торсықты тапсырып, қатысушыларға жеңіс тіледі.

Әр облыстың белігілі спортшылары бастаған керуен жергілікті жердегі қасиетті бұлақтар мен құдықтардан су алып, арнайы торсықпен Астана қаласына жеткізеді. Осыған орай, су алу рәсімін өткізуде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішіндегі Құдықханабұлақ көзі таңдалып отыр. Мен осы орайда көшпенділер ойындары өтетін негізгі алаңға облыстың ыстық сәлемін, қасиетті суды жеткізетін керуенге сәттілік тілеймін! – деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетсек, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары спорттың 21 түрінен өтеді. Оған әлемнің 89 елінен 2 мыңға жуық спортшы, бапкерлер мен өкілдер қатысып, негізгі жүлделерді сарапқа салмақ. Оның ішінде спорттың 13 түрі бойынша Қазақстан құрамасының сапында Түркістан облысынан 29 спортшы қатысады.

Фото: облыс әкімдігі



ПІКІР ЖАЗУ