Президент жаңа Салық кодексін қабылдау мерзімін ұзартты
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауында айтты.
Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отыр. Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есеп-шоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн. Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек. Ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет, – деді Президент.
Оның айтуынша, салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру өзекті мәселеге айналды. Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиіс.
Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал. Мысалы, өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық беруге болады. Яғни, құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн. Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек. Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырамын. Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын. Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек, – деді ол.