Тиімді ипотека. «Елорда жастары» бағдарламасына қабылдау басталды

0
75

Астанада «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасына қатысу туралы өтінімдерді қабылдау басталды.

Елорданың жас тұрғындарынан бағдарламаға қатысу туралы өтінімдер birge.astana.kz порталында онлайн режимде қабылданады.

«Елорда жастары» бағдарламасының әлеуетті қатысушыларына 2024 жылғы 10 қыркүйекті қоса алған мерзімге дейін құжаттар тапсырып үлгеру керек.

«Елорда жастары» бағдарламасы – бұл Отбасы банк пен Астана әкімдігінің бірлескен жобасы. Биыл әкімдік бағдарламаны қаржыландыруға 1 млрд 350 млн теңге бөліп отыр.

Бұл жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, журналистерге, мәдениет, спорт қызметкерлеріне, ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлеріне, әлеуметтік сала өкілдеріне, коммуналдық кәсіпорындардың, полиция департаментінің, ТЖД қызметкерлеріне, «Қазпошта» АҚ филиалдарының бейінді қызметкерлеріне, сондай-ақ «жетім балалар» санаты бойынша Астана қаласында тұрғын үйге кезекте тұрғандарға жеке тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдікті қарыз алуға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

Бағдарламаға жасы 35 жасқа толмаған Астана тұрғындары қатыса алады.

Әлеуетті қарыз алушылардың тізімін елордалық әкімдік қалыптастыратын болады.

Қатысушыларды іріктеу өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін басталады. Тізімге ең көп ұпай жинағандар кіреді. Олар жұмыс өтілі үшін есептеледі. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі отбасы мүшелері бар тұлғалар қосымша ұпай алады.

Пул құрылғаннан кейін оның қатысушысы Отбасы банктен кредит алуға жолдама алады. Онда төлем қабілеттілігі тексеріледі және жылдық 5% мөлшерлеме бойынша қарыз (ЖТСМ 5,2%-дан бастап 5,7%-ға дейін) беріледі. Бастапқы жарна 10%-дан басталады. Елорданың жас тұрғыны ала алатын кредиттің ең көп сомасы – 18 млн теңге. Қарыз 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Кредит арқылы пәтерді бастапқы немесе қайталама нарықтан, сондай-ақ «ҚЖК» АҚ кепілдігі болған кезде үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға болады.

«Елорда жастары» бағдарламасының қатысушыларына қойылатын талаптар:

1. Қатысушының жасы өтініш берген кезде 34 жастан (қоса алғанда) аспауы тиіс.

2. Қатысушының соңғы жылда Астана қаласында үздіксіз тұрақты тіркеуде болуы.

3. Өтініш берген кезде Отбасы банкте депозиттің және 10% мөлшерінде бастапқы жарнаның (депозиттің бар екендігі туралы сертификат немесе шоттан үзінді көшірме) болуы.

4. Бағдарлама қатысушысының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда ҚР аумағында сатып алу құқығымен де, құқығынсыз да жалға берілетін тұрғын үйінің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы.

5. Астана қаласында таңдалған саладағы зейнетақы шотынан алынған үзінді көшірмемен расталатын ресми жұмыс өтілі – өтініш берген сәтте кем дегенде соңғы бір жыл.

6. Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда соңғы 6 айдағы табыс 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды есепке алмағанда) аспауы тиіс;

7. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.


ПІКІР ЖАЗУ