Бір ауыл мұғалімдерінің 80%-ы – мектепті 14 жыл басқарған директордың туыстары

0
368

Түркістан облысында тұрғындар Ханарық ауылындағы мектеп директорына наразылықтарын білдіріп жатыр. Айтуларынша, 14 жыл бойы қызметінен тапжылмаған директор мектепке тек өз туысқандарын алған. Конкурстан өтсе де жұмысқа тұра алмаған жас мамандар директордың бұл әрекетіне ашулы, деп хабарлады 31 арна.

Оқиға Төлеби ауданына қарасты Ханарық ауылында болып отыр. Тұрғындардың айтуынша, ауылдағы мектеп бүгінде директордың меншігіне айналып барады. Басшы жұмысқа тек өзінің туыстарын тартумен әлек екен.

Динара Расулова күні кеше конкурстан өтіп, жоғары балл жинаған. Педагогты комиссия жұмысқа қабылдауға шешім қабылдапты. Алайда мектепке келгенінде жұмысқа кірмейтінін білген.

Бізден әңгімелесу тестін алды. Сол әңгімелесуден озып шықтым. Мені аудан басшылығынан келген адам тағайындап кетті. Ал екі күннен кейін басқа бала жұмысқа кірді. Өзінің туған ағасының баласы, – деді Дина Расулова.

Дипломын алып, ауылға келген өзге де жас мамандар ұзақ жылдар бойы жұмысқа орналаса алмай жүргендерін айтып шағымданды.

Бұл жерде барлығының тектері бірдей, туысқан, жора-жолдас. Бәрі бір жерде. Құдды бір әулеттің корпарациясы секілді. Мемлекеттік мекеме емес, тіпті жеке меншікке айналғандай, – деді ауыл тұрғыны Малика Бердібаева.

Ал басы дауға қалған директор мектепте туыстарының жұмыс істейтінін жасырмайды. Бірақ «көбі мен келмей тұрып орналасты» деп ақталды.

Туыс болғанда, ағамның баласы. Бірақ ол өткенде болғанмен, бұлар сол күні шағым жасады. Одан кейін мен асықпадым. Ешқандай бұйрық та шығармадым. Менен алдында кірген қарындастарым бар. Биыл – директор болғаныма 14-жыл. 80 пайызы менің қарындасым болады. Менен бұрын кіргені бар, басқасы бар, – деді Ханарық жалпы орта мектебінің директоры Юсупжан Қорғанбаев.

Аудандық білім бөлімінің басшысы директордың мәселесі жуырда басқармада қаралатынын айтты. 14 жылдан бері жылы орнынан жылжымаған басшының ротациялық ауысуына уақыт жеткені де тілге тиек етілді. Ал конкурсты өткізерде кемшіліктер жіберген комиссия мүшелеріне шара қолданылмақ.

Басқа мектептерден маман алады. Сөйтіп комиссия құрамыз. Енді үш мұғалімдікі қайтадан конкурсқа кіреді. Сол кезде жаңағы үміткерлердің біреуінің сертификаты, біреуінің құжаты қалып кетті деп жатыр. Өткізіп үлгереді бәрін, – деді Төлеби ауданы білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев.



ПІКІР ЖАЗУ