Әскерде жараланған Ербаян Мұхтарды Түркияға емдеуге апаратын болды

0
95

Әскерде жараланған Ербаян Мұхтарды ертең Түркияға ұшақпен әкетеді. Бұл туралы сарбаздың ресми парақшасында нағашы ағасы хабарлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ағасының айтуынша, Ербаянды Түркияға жеткізу үшін мемлекет арнайы борт шығарған. Түркияға арнайы борт Әзербайжан мен Армения арқылы ұшады. Әзербайжан тарапы рұқсат берген. Қазір Армениядан жауап күтіліп отыр.

Ербаян Мұхтардың ем-домы Ыстанбұлда жалғасады.

Жақында Ербаян Мұхтардың әкесі мен шешесі, адвокаты Инга Иманбай Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихатын өткізген еді. Сол кезде заңгер Инга Иманбай Ербаянның ісі қазір мүлде жүрмей тұрғанын мәлімдеген.

Ербаян Мұхтарұлы 22 жаста. Отбасында 4 баланың үлкені. Әскерге өзі сұранып барған. Бірнеше айдан кейін комаға түсіп, ауруханаға жеткізілген. Әскерге кетпес бұрын жас жігіттің дені сау болған, спортпен шұғылданған.

Желіде тараған Ербаянның емхана керуетіндегі суреті адамның жанын түршіктіреді. Күннен күнге солып бара жатқан сарбазға бас сүйегі ауыр зақымданған, маңдай мен самайдан тиген қатты соққыдан миы ісіп кеткен, қарақұсы сынған деген диагноздар қойылып отыр. Сарбаз шұғыл Түркиядағы клиникалардың бірінде емделуі керек. Оған шамамен 30 млн теңге қаражат керек. Мамандар науқас клиникада кем дегенде 3 ай емделмесе беті бері қарамайтынын айтады. Осы мақсатта Ербаянның еміне халықтан қаражат жиналып жатыр. Ол үшін арнайы Instagram парақша ашылған.


ПІКІР ЖАЗУ