300 мың доллар қарыз: Алматыда дзюдошыны пышақтап кетті
Алматыда дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионы Дамир Исахановқа қастандық жасалған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Туыстарының айтуынша, ол екі жыл бойы өз қаржысын қайтара алмай келеді. Қарызға берген қомақты қаржысын сұрағаны үшін спортшыны өлтірмек болған. Полицейлер қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, Исахановқа пышақ сұққан күдіктіні ұстаған.
Телеарна мәліметінше, оқыс оқиға осыдан екі апта бұрын болған. Қаладағы мейрамханалардың біріне қарыз алғандармен сөйлесуге барған спортшы әңгіменің ушыққанын біліп, аулаға шыққан. Көлігіне енді міне бергенде, бір топ азамат дзюдошыны қоршап алып, жүрегінің тұсына пышақ сұққан. Дәл осы сәтте оқиға орнында Дамирдің енесі де болған.
Ұрыс шамамен 5-10 минутқа созылды. Олар боқауыз сөздер айтып, «өлтіремін» деп бірнеше рет қорқытқан. Мен жүгіріп келгенде, Дамир қанға боялған күйде субұрқаққа құлап кетіпті. Біз осы күнге дейін тергеушінің жұмыс істеп жатқанын көрмедік. Алғашында күдіктілердің ұсталғанын айтты. Ал келесі күні бәрі тып-тыныш. Мұны тек жеңіл жарақат деп, істі жауып тастаған сияқты, – дейді енесі Сәуле Сабырханова.
Дзюдошының жағдайы қазір бір қалыпты. Ота жасатып, күтініп жүр. Ал 300 мың долларды спортшыдан қарызға алып, кейін оған пышақ сұққан күдікті ұсталған. Полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.
Алмалы ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеу жан-жақты, толық және обьективті қағидатына сәйкес жүргізіліп жатыр. Іс барысы Алматы қаласының полиция департаменті басшылығының бақылауында, – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.