Алматыда ер адам өзін өртеп жіберді
1 қазанда Алматыда Түрксіб ауданындағы айып тұрағында ер адам көлігін өртеп, артынша өзін де өртеген.
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 13:10-да арнайы патрульдік полиция батальонының экипажы Subaru маркалы көлікті тоқтатқан.
Көлік иесінің төленбеген айыппұлдарының жалпы сомасы – 1 миллион 300 мың теңге. Сонымен қатар жүргізушінің міндетті сақтандыру полисі болмаған. Мұндай жағдайда көлік арнайы айып тұрағына қойылуы керек екені атап өтілді.
Көрсетілген рәсімдерді тіркеу кезінде жүргізуші көлігінен бензин алып шығып, көлікті де, өзін де бензин құйып, өртеп жіберді. Полиция қызметкерлері ер адамды құтқару үшін шұғыл шаралар қабылдады. Олар өрт сөндіргішпен және қолда бар құралдармен өртті сөндірді. Жүргізуші шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.