«Бесік жырын айтып, мәйітханаға апара жатқан едім». Әсел Асқар өмірден өткен сәбиін еске алды
Блогер Әсел Асқар марқұм сәбиін есіне алып, әлеуметтік желіде жазба жариялады.
Ол 2022 жылы сегіз айлық сәбиінен айырылып қалған еді.
Бүгін сенің жоқ болғаныңа екі жыл. Екі жыл бұрын сенің жүрегің тоқтаған сәтте мен жансақтау бөлімінде жүгіріп жүрдім. Сені ол жерден тезірек алып кету үшін қажетсіз қағаздарды ұстаған мен дәрігерлерге ешқандай шағымым жоқ екенін айту үшін зомби құсап жүрдім. Сол күні қандай ауыр жағдайда болғанымды сөзбен жеткізе алмаймын. Осы күні сені кептелісте бесік жырын айтып, мәйітханаға апара жатқан едім. Уақыт тоқтап қалғандай еді, – деп жазды актриса.
Ол бұл қорқыныштан оянғысы келгенін айтады.
Имам келіп дұға оқыды, мен әзер шыдап тұрдым. Барлығы маған басу айтты… Құдай сені маған не үшін берді? Қайта алу үшін бе? Сыйлықты берген кезде қайта алмайды ғой. Имам келіп, барлығы мені асықтырды. Кеш түспей жер қойнына тапсыруымды айтты. Сені менен күшпен тартып алды. Сенімен бірге бұрынғы мен, Әсел де жоқ. Тек робот бар, – деп жазды ол.