Қазақстан футболшылары өз алаңында Аустриядан жеңілді
Футболдан Қазақстан қүрамасы Ұлттар лигасының кезекті туры аясында өз алаңында Аустриядан жеңіліп қалды, есеп – 0:2.
Топтық кезеңде бес ойын өткізген Черчесов шәкірттері осылайша бірде-бір гол соға алмады.
Алматының Орталық стадионында өткен матчта Қазақстан құрамасы Аустрияға айтарлықтай қарсылық таныта алмады. Небәрі 15-минутта Кристоф Баумгартнер есеп ашса, 25-минутта Александр Марочкин айып алаңына жақын маңа ереже бұзып қызыл қағаз алды да, алаңнан қуылды. Ал, осы нүктеден айып добын орындаған Михаэль Грегорич мүлт кеткен жоқ.
Осы есеп екінші таймда да өзгерген жоқ. Оны өзгертуге Қазақстан футболшыларының мүмкіндігі де болмады.
Осылайша B лигасының үшінші тобында бес ойын өткізген Черчесов шәкірттері небәрі бір ұпай жинап, турнир кестесінің соңғы сатысына нық жайғасты. Осы бес матчта өз қақпасына 10 доп жіберіп, бірде-бір гол соға алмады. Соңғы ойынды Қазақстан 17 қарашада сырт алаңда Норвегияға қарсы өткізеді.
Фото: Vesti.kz/Алихан Сариев