Жаркентте қаза тапқан капитанның өліміне қатысты 4 адам қамауға алынды

0
37

Жетісу облысындағы 74261 әскери бөлімінде көз жұмған капитан Дархан Нұрланұлы бүгін жерленді. Туыстары қызмет орнында қаза тапқан әскеридің өлімін  қасақана жасалған іс деп отыр.


Жерлеу рәсіміне келген Құрлық әскері қолбасшысының орынбасары қылмыстық іске қатысты 4 адамның ұсталғанын мәлімдеді.

Қараша айының 13-і күні түнгі кезекшілікке кеткен Дархан шаңырағына табытпен оралған. Туыстарының айтуынша ол түнгі сағат 1-лер шамасында көз жұмған. Ал, қаралы хабарды әскерилер таңғы сағат 7 де бірақ айтқан. Марқұмды жуындырған ағасы оны көкала қойдай қылып ұрғанын, қолы мен аяғында жіптің іздері барын және бас сүйегі жарылғанын айтты.

«Біз біріншіден іс жүргізетін органдардан талап ететініміз істің тек әділ болуы. Дархан бауырымның ісіне қатысты адамдар, өлтірген адамдар заң алдында жауап беруін сұраймыз және талап етеміз. Бүгін жерлеу рәсіміне жоғары шенді генерал мен орынбасарлары келді. Кешірім сұрады. Істің әділ болуына, оған қатысы бар адамдардың жазасын алтынына генерал серт берді. Бірақ істің қандай баппен қозғалып жатқанын білмейміз» – деді ағасы Ермек Мұсаұлы.

Марқұмның ауылдастары Дархан кішкентайынан спортқа құмар болғанын айтады.

«Бір әулеттің тұңғышы. Атасының құдайдан сұрап алған немересінің алды. Мектепте оқып жүргенде спортқа мықты болды. Грек-рим күресіне қатысқан. Мақтанышымыз деп мектепте суреттері ілулі тұр. Әділдік болса дейміз. Жазықсыз сарбаздар ұсталып кетіп, нақты қылмыскер жазасыз қалмаса екен. Анасы да мұғалім. Толық қанды отбасыдан шыққан бала. Нағыз патриот. Кішкентайынан әскерде жүр. Көп үміт күткен бала еді. Осы әулеттегі шаңырақты ойрандап кетті ғой. Бүкіл ауыл күңіреніп жатыр» – деді ауылдасы Шынар Жүнісова.

Күні кеше Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі офицердің жоспардан тыс диверсияға қарсы сабақ кезінде жарақат алып қайтыс болғанын жариялаған еді. Алайда Дарханның туыстары мұнымен келіспейді. Олар ұлдарының жаттығу (сабақ) кезінде көз жұмғанына күмәнмен қарайды. Қаралы жиынға қатысқан Қорғаныс министрлігінің өкілдері сол күні әскери бөлімде жоспардан тыс сабақтың өткенін растағанымен оқиғаның мән- жайын ашып айтпады.

«Оқиға бойынша Қорғаныс министрінің бұйрығымен әскери бөлімге комиссия жіберілді. Жағдай бойынша іс қозғалды. Ішкі істер министрлігімен тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиға әскери бөлімнің ішінде болған. Күдікті адамдар ұсталды, қамауда 4 адам. Сол күні жеке жоспар бойынша оқу- жаттығудың болғанын растаймын. Бауырымызды соңғы сапарына шығарып салдық. Ата-аналары, жақын туыстарына, Қорғаныс министрінің, барлық Құрлық әскерінің атынан көңіл айтамыз» — деді Құрлық әскері қолбасшысының орынбасары, полковник Арынғали Акишев.

Дәулет Дархан Нұрланұлы 1998 жылы туған. Панфилов ауданының тумасы. Мектепте жақсы оқыған. 9-сыныптан кейін Б.Момышұлы атындағы әскери мектепте оқыған. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын қызыл дипломға бітірген. Қызмет жолын Отар әскери гарнизонынан бастап, 5 жылдан соң Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінде инженерлік қызмет бастығы лауазымында болған. Үйленбеген. Туған жерінде 2 айға жуық қызмет еткен капитан Дархан Нұрланұлы небары 26 жасында бақилық болды. Қайтыс боларынан бір күн бұрын әкесіне жақсы жаңалығының барын айтқан екен.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жаркент гарнизонында офицер жарақат алып, көз жұмғанын жазған болатынбыз.

Фото: Фото: А.Құттыбек/Kazinform


ПІКІР ЖАЗУ