Үкімет: 2,8 мың шақырым жол жөнделіп, 143 жолаушы вагоны жаңартылды

0
49

Премьер-министр Олжаса Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын және транзиттік әлеуетті дамыту мәселелері қаралды.

Тасымалдау қарқыны мен инфрақұрылымдық жобалар туралы көлік министрі Марат Қарабаев, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады

Министрліктің мәліметінше, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша жүк тасымалының көлемі 3,5%-ға артып, 263 млн 400 мың тоннаны құрады. Ішкі тасымалдар 10,8%-ға өсіп отыр – 156,2 млн тонна. Ал транзиттік жүк тасымалының көлемі өткен жылдың деңгейінде, яғни 22 млн 400 мың тонна.

Көлік-логистика саласын дамыту бойынша Президент тапсырмасын іске асыру аясында елде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Былтырдан бері 2,8 мың шақырымнан астам теміржол жөнделді. Жылжымалы құрамды жаңарту жұмыстары жалғасуда. «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың мәліметінше, биыл 185 локомотив пен 143 жолаушылар вагоны сатып алынған. 2028 жылы жолаушылар вагондарының паркі 3 мыңнан астам бірлікке жетіп, елдің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

Премьер-министр саланы жаңғырту бойынша күш-жігерді арттыру қажеттігін ерекше атап өтті. Әсіресе, теміржол вокзалдары мен станциялардың инфрақұрылымына ерекше назар аудару керек – қазіргі уақытта олардың шамамен 90%-ы жөндеуді қажет етеді.

«Мемлекет басшысы Қазақстанды толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналдыру бағытында нақты міндеттер қойды. Бұл ретте теміржол саласының даму әлеуеті жоғары екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ ол ішкі және транзиттік жүк тасымалын арттыруда шешуші рөл атқарып отыр. Алға қойылған мақсаттарға жету үшін біз қолданыстағы темір жолдар мен логистикалық орталықтарды жаңғыртып, жаңаларын салып жатырмыз. Сондай-ақ вагон паркін жаңарту жұмыстары да тұрақты жүруде. Бұл еліміздің көлік жүйесінің тиімділігін және оның өткізу қабілетін барынша ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2029 жылға қарай транзиттік тасымал көлемі 28 млн тоннадан 45 млн тоннаға дейін, ал транзит жиырма футтық баламадағы 2 млн контейнерге дейін өседі», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Халықаралық көлік дәліздеріндегі қазақстандық бағыттардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығы атап өтілді. Премьер-министр шекарадағы мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі жедел көрсету үшін барлық рәсімдерді аяқтауды тапсырды – қазіргі уақытта салық жүйесі мен теміржолдың ақпараттық жүйелері интеграцияланды.

Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нақты тетіктерін әзірлеп, қаржыландыру көздерін анықтау тапсырылды. Сонымен қатар вагондарды жаңартуда қиындықтарға кезігіп отырған жеке тасымалдаушыларды қолдау шараларын әзірлеу қажет.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы теміржол жүктерін ауыстырып тиеу көлемін ұлғайту және теңіз тасымалының әлеуетін арттыру үшін Ақтау портының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясына 2025 жылы контейнерлік хаб салып, Ақтау портының түбін тереңдету жұмыстарын аяқтау тапсырылды.


ПІКІР ЖАЗУ