Әнші Луина анасының 5 жасында із-түзсіз жоғалып кеткенін айтты

0
111

Танымал әнші Луинаның анасы өнер иесі 5 жаста кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен. Ол бұл туралы «Din Dina show» телебағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды politico.kz Massaget.kz -ке сілтеме жасап.

Әнші әкесін де танымайтынын жасырмады, өйткені оның ата-анасы ол 3 жаста кезінде ажырасып кеткен.

«5 жасымда анам із-түзсіз жоғалып кетті. Қайта оралған жоқ. Бүгінде ол кісіге не болғанын білмейміз. Анам қатты есімде қалмады. Анамның шашымды өріп бергені есімде, ол жоғалып кеткен түн есімде. Мен ол түні ұйықтай алмадым. Қазір мен ол кісіні іздемеймін. Кейде әпкем немесе ағам қоңырау шалған кезде, қазір қоңырауды көтерсем, анам табылғанын айта ма деп қорқамын. Мен бұл сезімді түсіндіре алмаймын, жай ғана қорқамын. Менен 4 жас үлкен ағамды уайымдаймын. Ол анамды осы күнге дейін іздеп жатыр, оның жаны тынышталар емес. Анам жоғалып кеткен кезде ол 9 жаста болды. Анам бізді тастап кеткен сәтте үйде ағам екеуміз болдық. Ол кезде ағамның ақыл-есі кіріп қалғандықтан, бұл жағдайды қабылдау оған қиын болды. Ол уайымдап, «анамды қорғай алмадым» деп жылайтын. Кей кезде ол өзін кінәлайды. Бұл тақырыптың ағам үшін маңызды екенін білемін», – деді әнші.

Луина анасына қарағанда әкесіне көбірек ұқсайтынын айтты.

«Менде анамның суреттері бар, оны әлеуметтік желіге жүктегенмін. Анама қатты ұқсамаймын, мен көбірек әкеме тартқанмын. Анамның жоғалып кеткені туралы жиі ойлап тұрамын, аптасына бір рет болсын ойлап тұрамын. Анам жоғалып кеткелі бері бір рет болсын түсіме кірген жоқ, яғни ол тірі, егер ол түсіме кіргенде, мүмкін басқаша ойлайтын едім», – деді ол.

Осыдан 10 жыл бұрын өнер иесін әкесінің бірінші әйелінен туған балалары іздеп барған.

«Ата-анам мен 3 жаста болғанда ажырасып кеткен. Бүгінге дейін ата-анамның арасында не болғанын білмеймін. Бірақ әкемнің мені танитынына, кім және қайда екенімді білетініне сенімдімін. Өйткені оның бірінші отбасынан балалары бар, олар мені 10 жыл бұрын іздеген болатын. Егер менің әкем қайтыс болған болса, туыстарымды, яғни бауырларымды бір сәтте тауып ала аламын», – деді ол.

Луина анасын бүгінге дейін іздеп жүрген ағасын қатты уайымдайтынын жеткізді.

«Анам табылса, оның қандай болатынын қатты уайымдаймын. Ол бізден кеткен кезінде 32-33 жаста болды, ажырасқан, жас әйел біреуге ғашық болып, бізден кетіп қалса ше? Мен оның миында не бар екенін білмеймін ғой. Мүмкін оны есінен танғанша соққыға жығып, бір жерде тастап кеткен шығар. Білмеймін. Оның қандай екенін білу және көру мен үшін қорқынышты. Мен тек ағам үшін уайымдаймын», – деді әнші.


ПІКІР ЖАЗУ