Қазақ тілін дәлізден сығалатқан «ескі де жаңа» билікке бұл үлкен сын – Кәмшат Тасболат
Елордада өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары кеңесінің ұйымдастырылуы мен өтуіне Қазақстан халқы ғана емес, тұтас әлем көз тігіп отыр . VII съездің ұйымдастырылуы мен саяси салмақтылығына қатысты ой-пікірлер ұлттық ақпарат кеңістігінде талқыға түсуде. Журналист, зерттеуші Кәмшат Тасболат көпшіліктің назарын съездегі қазақ тілінінің қолданысына аударды, деп хабарлайды «Адырна».
– Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің елімізде өткізілгені құптарлық. Тек бір әттеген-айы, кешелі бері съездің Баннері қазақша және ағылшынша жазылды деп жұрттың бәрі сүйіншілесе де, кешегі отырыстың да, бүгінгі съездің де Модерациясы орыс тілінде жүрді?! Енді қараңыз, Ватикан басшысы, араб әлемінің ғұламалары, Израиль раввиндері, басқа да баптист, буддист, т.б. дін өкілдеріне қазақша сөз бересің бе, орысша сөз бересің бе, бәрібір. Ресейдің патриархы жиынға келмеді, сонда Мәскеу патриархатының өкіліне жасалған құрмет пе бұл? Жалпы, халықаралық заңдарға, ұстанымдарға сәйкес, әлемдік шараларды Қабылдаушы елдің мемлекеттік тілінде өткізуге болады! Сондықтан қабылдаушы тарап – Қазақстан болған соң, съезд мемлекеттік тіл – қазақ тілінде өтуі керек! Міндетті. 19 млн халықтың 13,5 миллионы қазақ, бұған бірнеше миллион түркі тілдес бауырларымызды қосыңыз. Елімізде қазақша білетін қаншама неміс, украин кәріс, орыс, т.б. бар. Мемлекеттік тіл – мемлекеттіліктің нысаны! 31 жыл бойы мемлекеттік тілді халықаралық жиындарда дәлізден сығалатып қойған «ескі де жаңа» билікке бұл үлкен сын, – деп жазды журналист.