Ана тіліміздің деңгейін көтеріп, Алашты қайта жаңғыртамыз! – «Mazmundama» баспа үйі

0
126

Ел тарихында тұңғыш рет саммари және non-fiction кітаптарды шығарып, әлемдік бестселлер кітаптарды қазақ тілінде сөйлеткен «Mazmundama» баспасы аз уақыт ішінде бедел жинап, қалың оқырманның көзайымына айналды. Қазақ тілінің мазмұнын дамыту арқылы ұлттың болашағына қызмет етеміз деп алдына зор мақсат қойып, осы күнге дейін біраз белестерді бағындырып үлгерген «Mazmundama» қоғамдық қорының жетекшісі, әлеуметтік кәсіпкер – Теңіз Сейілханмен сұхбаттасудың сәті түсті.

 

– “Аударма саласымен айналысып, қазақ нарығына әлемдік бестселлер кітаптарды шығарамын” – деп, бұл істі қолға алуларыңызға не түрткі болды? Мұндай шешімге қалай келдіңіздер?

 

«MAZMUNDAMA» ЖОБАСЫ 2016 ЖЫЛЫ АҚШ-ТА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

 

– «Mazmundama» жобасы 2016 жылы Америка Құрама Штаттарында бастау алды. Негізін қалаушы Гарвард университетінің түлегі Шыңғыс Мұқан.

– Бағдарлама бойынша және бағдарламадан тыс көптеген кітаптар оқыдық. Оқу кезінде жаңа және қызықты нәрсені білген сайын маңызды ақпараттарды басқаларға бөліскіміз келді. Жыл сайын әлемде екі миллионға жуық кітап шығарылады. Танымал танымдық әдебиетті қазақ тіліне аударудың дәстүрлі нұсқаларын шығаруды армандадық. Осылайша, достарымызбен кеңесіп саммари кітаптарын құрастыруға шешім қабылдадық.

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МАЗМҰНЫН ДАМЫТЫП, ҰЛТТЫҢ БОЛАШАҒЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІЗ

 

– Мазмұндаманың миссиясы – қазақ тілінің мазмұнын дамыту арқылы ұлттың болашағына қызмет ету.

– Адам санасының дамуы сапалы ақпаратқа байланысты десек, Мазмұндаманың басты қызметтерінің бірі – адамзат даналығы мен білімін қазақшаға аудару арқылы өскелең ұрпақты білімді ету. Ең алғашқы жобамыз – «Оқуға тиіс 10 кітап» деп аталады. Ең қызықты және өзекті таңдауды қалай таңдадық? Біз (Good Reads, New York Times, Amazon) сарапшыларының және (Harvard Business Review, Forbes) оқырмандарының пікірлеріне жүгініп, «көшбасшылық» тақырыбы бойынша үздік 10 кітаптың рейтингін жасадық. 4 жыл ішінде «Оқуға тиіс 10 кітап» жобасы аясында келесі 9 кітапты шығардық: көшбасшылық, менеджмент, кемелдену, отбасы, тәрбие, маркетинг, табыс, денсаулық, байлық. Бүгінде экономика, келіссөз, саясат, болашақ тақырыптарындағы кітаптар әзірлену үстінде. Қазақстан тарихында тұңғыш рет саммари және non-fiction кітаптарды «Mazmundama» баспа үйі шығарғанын атап өткім келеді. 

 

– Теңіз Сейілханның баспа ісімен айналысқанға дейінгі өмірі қандай болды? Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз? 

 

ҚАРАПАЙЫМ АУЫЛДАН ШЫҒЫП, ШЕТЕЛДЕ БІЛІМ АЛДЫМ

 

– Оңтүстік Қазақстанда, қазіргі Түркістан облысының Шардара қаласында дүниеге келдім.

– Ауылдағы қарапайым қазақ мектебін бітірдім. Менің және мектептегі жолдастарымның алдында екі таңдау тұрды: 1) Ауылда қалу. Содан кейін үйленіп, сол жерде жұмыс істеу. 2) Үлкен қалаға оқуға түсіп, болашаққа қадам жасау. Мен екінші жолды таңдадым. Мектепті аяқтағаннан кейін Малайзияға ағылшын тілін үйренуге аттандым. 6 ай Азия-Тынық мұхиты технологиялар және инновациялар университетіне қарасты мектепте ағылшын тілін оқыдым. 2013 жылы Алматыға келіп, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Информатика мамандығында оқыдым.

 

ОНЛАЙН ПЛАТФОРМАЛАРДЫ ДАМЫТЫП,  ДЕРЕКТЕРДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРДІМ

 

– Студент кезімде білім саласы қызық болатын.

– Сөйтіп, Рауан Кенжеханұлы басқаратын «Bilim Media Group» компаниясына контент менеджер болып жұмысқа орналастым. 6 ай ішінде көптеген жобалармен жұмыс істедім, айта кетсем Bilimland.kz, iTest.kz, iMektep.kz. Менің міндетіме айтылған платформалардың контентін дамыту кірді. Көп тәжірибе алдым. 2017 жылы елордаға келіп, Астана Халықаралық қаржы орталығында IT маман болып бір жылдай қызметте істедім. 2018 жылы Қазпоштадан деректерді басқару департаментінен шақыру келіп, Қазақстан бойынша 22 мың адам істейтін мекеменің миллиондаған деректерін қалыпқа келтірумен айналыстық.

 

 IT САЛАСЫНА  5 ЖЫЛЫМДЫ АРНАДЫМ 

 

– Деректердің дұрыстығына байланысты дұрыс шешім қабылданады.

– Деректерді басқаруды жүйелеп, жұмысы жолға қойылғаннан кейін, Назарбаев Зияткерлік мектептеріне қарасты «Педагогикалық өлшеулер орталығынан» шақыру келді. Дәл осы жылы 2018 жылдың соңында «Mazmundama» дүниеге келді. «Mazmundama-ға» қоғамдық жұмыс ретінде қарадым, кешке дейін НИШ-тың жұмысын, кештен түн ортасына дейін демалыс күндері жаныма жақын «Mazmundama» жұмыстарын істеп жүрдім, осылай арада біраз жыл өтті. IT саласында 5 жылдай жұмыс істедім.

– Баспа үйінің атауын неге “Mazmundama” деп қойдыңыздар? Өзге баспа үйлерінен басты ерекшеліктеріңіз неде? 

 

ҚАЗАҚ ТІЛДІ КОНТЕНТТІ БАЙЫТУ БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ 

 

– Мазмұндама қоғамдық қор болып құрылған кезде мазмұн деген сөз ағылшынша контент – қазақ тілінде контентті дамыту және байыту.

– Мазмұндама қоғамдық қорының миссиясы басқа баспа үйлерінен басқаша. «Mazmundama» – коммерциялық ұйым емес, қоғамдық ұйым. Қазақ тілді контентті байытуды өзіміздің басты міндетіміз деп санаймыз. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі әр адамға байланысты. Ал әр адамның бәсекеге қабілеттілігі оның тіліне байланысты. Тілдің бәсекеге қабілеттілігі сол тілдің мазмұнына байланысты. Біз қазақ тілін жан-жақты насихаттауға өз үлесімізді қосып, жастарымызға заманына лайық, заманауи білім алуына көмектескіміз келеді.

– “Mazmundama” баспасы көбіне қандай әдебиеттерді аударумен айналысады? Мысалы «50% — бизнес, мотивация, 30% — көркем әдебиет, 20% — балалар әдебиеті» дегендей белгілі бір ережеге сүйенесіздер ме?

 

ҮЗДІК КІТАПТАРДЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРАМЫЗ 

 

– Әлем оқырмандары таласып оқитын үздік кітаптарды қазақ тіліне аударамыз.

– Good Reads, New York Times, Amazon және Harvard Business Review, Forbes эксперттерінің рейтінгі бойынша ең көп сатылған кітаптар, ең көп тілге аударылған кітаптар. Шетелдің ең алып баспаларына келетін болсақ Penguin Random House, Simon & Schuster, Эксмо, АСТ бұл баспалар тек қана бір жанрдегі әдебиетпен шектелмей кітап саласындағы барлық жанрдағы кітаптарды шығарады. Сол сияқты «Мазмұндама» қоғамдық қорында осы алып баспалар секілді барлық жанрдағы кітаптарды қамтыдық.

«Оқуға тиіс 10 кітап» сериясы танымдық маңызы зор кітаптарды қысқа да нұсқа форматта құнды идеяларды оқырмандарға жеткізу мақсатында жинақталды. Жинақтарға әр сала бойынша зерттеушілер мен ғалымдардың, әлемге әйгілі кәсіпкерлердің таңдамалы он кітабының мазмұны енеді. Олардың барлығы да уақыт сынынан өтіп, адамзат ойының алтын қазынасына айналған таңдаулы туындылар.

«Qazaqsha100 bestseller» сериясы – әлемдік, халықаралық бестеллерлер. Әлемде ең көп сатылған, ең көп тілге аударылған кітаптар New York Times, Amazon сияқты басылымдарға жарияланып отырады. Осы кітаптардың ішінен ең үздіктерін қазақ тіліне аударып басуды көздейді.

«Балалар және жасөспірімдер кітапханасы» сериясы әлемдік балалар әдебиетінің үздік туындыларын қазақ тіліне аударып, жас оқырманға ұсынады. Бұл сериямен шыққан кітаптарды бастауыш сынып балалары ата-анасымен, ал жасөспірімдер өз бетімен оқуына болады.

«Мектеп кітапханасы» сериясы бойынша жарық көрген кітаптар орта мектептердің 5–11-сынып оқушыларына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарына туындысы енген авторлардың жеке шығармалар жинағынан тұрады.

«Qazaq Classics» сериясы қазақ тіліндегі көркем әдебиетке арналған. Бұл сериямен қазақ әдебиетінің классикалық шығармалары жарық көреді.

«Mazmundama Classics» сериясы әлемдік классикаға арналған бағыт. Бұл серия бойынша әлемдік көркем ойдың классикасына айналған туындылар жарық көреді.

«WHO HQ» сериясымен жарық көретін кітаптар әлемге белгілі тұлғалар мен ғаламдық оқиғалар туралы білгісі келетін ең жас оқырмандарға арналады. Оларды ата-аналар мектеп жасына жетпеген балаларға оқып беруіне және бастауыш сыныптағы оқушылармен бірге оқуына болады. Бұл серия аясында шығатын кітаптар баланың қиялын шыңдап, биік мақсаттар қоюға жетелейді.

– Қазіргі мотивацияға құштар Z ұрпақ өзін дамытпаққа талпыныс жасап келеді. Жастарға өзіңіз оқыған нон-фикшн жанрындағы қандай кітапты ұсынар едіңіз?

 

ҚАЗІР ЖАСТАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ ДАМУ ҮСТІНДЕ 

 

– Иә, технологиялардың әсерімен заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Қазір қарап отырсам, жастардың барлығы даму үстінде. Құр жүрген адамды көрмеймін. Әркім өзіне не керек, сол саладағы кітаптарды оқуы керек. Өзім қазір менеджмент, маркетинг, келіссөз, көшбасшылық, сату саласындағы кітаптарды оқып жатырмын. Өзіме ұнаған, кітаптар:

  • Jim Camp «Start with No. The negotiating tools that the pros don’t want you to know» 
  • John Zenger «How to Be Exceptional: Drive Leadership Success By Magnifying Your Strengths»;
  • Dave Logan «Tribal Leadership: Leveraging Natural Groups to Build a Thriving Organization»;
  • Jack Welch «Winning»;
  • Dale Carnegie «How to Win Friends & Influence Peoplе»;
  • Jonah Berger «Contagious. Why Things Catch On».

 

– Кітап оқуды әдетке айналдырудың жолдары қандай?  Оқырмандарға айтар басты кеңестеріңіз қандай?

 

КІТАП ОҚУ ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРМЕН КЕЗДЕСУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

 

– Кітап оқудың пайдасы көп… Ең алдымен ой өрісін өзгереді, басқаша ойлана бастайсың, жаман әрекеттерге бармайсың, жадың жақсарады. Бір кейсті келтіре кетейін: кез-келген адам ой тастай алуы қажет.

– Мысалы, қазіргі таңда Әлихан Бөкейхан, Абай Құнанбайұлы, Дінмұхамед Қонаев, Сократ, Стив Джобс сынды ұлы тұлғалармен кездесіп, сұрақтар қойып, сұхбаттасқың келсе, олармен кітаптары арқылы қауыша аласың. Кітап оқыған кезде адам әуелі өзіне талап қоя білуі қажет, өзін алдамауы тиіс. Кемінде күніне 1 бет болсын, 10 бет болсын кітап оқу керек. Осы әдісті күнделікті қайталап отырса, айына еш қиналмай 2-3 кітап оқып тастауға болады. Бәлкім, қызығушылығын оянып 1 жылдан кейін айына 30 кітап оқып кетуін де ғажап емес. Адам қандай кітап оқып жатқанын түсінбесе, ол кітапты соңына дейін оқымайды. Өйткені өзіне не керек екенін де, қандай кітап оқу керектігін де білмейді. Неғұрлым көбірек кітап оқысаң, соғұрлым өзіңе пайдалы. Анализ жасап, өзіңе қандай қабілет жетіспейтінін анықтайсың. Сол қабілетті дамытатын үздік кітаптарды оқи бастайсың. Кітапты оқып қана қоя салмай, ұнаған жерлердің астын сызып, кітаптан алған білімді күнделікті өз өміріңде қолдана бастайсың. Кітаптың адам өміріне берер пайдасы шынымен орасан зор. 

– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз. Болашақта “Mazmundama” оқырмандарын қаңдай тың бастамалармен қуантпақ?

 

АЛАШ ТАҚЫРЫБЫН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТАМЫЗ 

 

– Жоғарыда айтқанымдай қазіргі таңда 7 жоба бойынша кітаптарды дайындап, шығарып жатырмыз.

Сонымен қатар Алаш тақырыбын терең зерттеп, қайта жаңғыртамыз.  «Әлихан Бөкейхан кім?», «Ахмет Байтұрсынұлы кім?», «Қаныш Сәтбаев кім?»,  «Абай Құнанбайұлы кім?» деген иллюстрациялы шағын кітаптарды балаларға арнайы дайындау үстіндеміз. Бұйырса келесі жылы сатылымға шығады. Әрине қазірдің өзінде қазақтың тұлғаларына арналған кітаптар былай да шығып жатыр. Бірақ, олардың барлығы да үлкен-үлкен қалың кітаптар… Мұқабасы да, ішіндегі әріптері де көздің жауын алмайды. Адам оқымайды. Нарыққа арналмаған кітаптар болғасын олар өтпейді. Сондықтан осындай 112 беттен тұратын шағын кітаптарды шығаруды бастадық. Осы бастама да тарихымызда алғаш рет жасалып жатқан игі іс.

 

 

ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРЫМЫЗДЫ ЕЛ БІЛУІ КЕРЕК

 

– Мысалы, Америкадағы ірі баспалар нарыққа жұмыс жасайды.

Осындай тұлғаларды танытумен айналысады. Мысалы, Стив Джобс кім? деген сияқты кітаптар әлем бойынша таралып, оқылды. Бізде тұлғалар да, спортшылар да, кәсіпкерлер де бар. Дегенмен, олар жайлы көп айтыла бермейді. Өз еңбектерімен жетістікке жеткен адамдарды көбірек насихаттап, жастарымызға үлгі-өнеге беруіміз керек. Стив Джобс, Марк Цукерберг кім екенін білеміз, өйткені контент көп. Біздің де тұлғаларымыз жетерлік. Бірақ, оларды ешкім білмейді… Міне, осы проблеманы шешумен айналысып жатырмыз. 

 

КЕЛЕР ЖЫЛЫ КІТАП ДҮКЕНІН АШУ ЖОСПАРДА БАР

 

– Кітаптан түскен қаржы Mazmundama-ның миссиясы – қазақ тілінің мазмұнын дамытуға, одан да көп кітап шығаруға жұмсалады.

Алда жоспар көп, қазіргі таңда оқырмандарға таңдау болу үшін iOS, Android, мобильдік және Web қосымшаларын дайындау үстіндеміз. Келер жылы кітап дүкенін ашу жоспарда бар. Көптеген кітаптардың құқығын алып жатырмыз. Атап айтатын болсақ: 

  • The 5AM Club by Robin Sharma;
  • The Everyday Hero Manifesto by Robin Sharma;
  • The Monk Who Sold His Ferrari: Special 25th Anniversary Edition by Robin Sharma;
  • Who Will Cry When you Die? by Robin Sharma;
  • The Psychology of Money by Morgan Housel;
  • Hachiko Waits by Lesléa Newman;
  • Alibaba: The House That Jack Ma Built by Duncan Clark;
  • The Leader Who Had No Title by Robin Sharma;
  • You Are a Badass: How to Stop Doubting Your Greatness and Start Living an Awesome Life by Jen Sincero;
  • You Are a Badass at making money: Master the Mindset of WealthY by Jen Sincero;
  • You Are a Badass everyday: How to Keep Your Motivation Strong, Your Vibe High, and Your Quest for Transformation Unstoppable by Jen Sincero;
  • Dune by Frank Herbert және т.б. 

 

АНА ТІЛІМІЗ БАРЛЫҚ САЛАДА №1 БОЛАДЫ

 

– Mazmundama-да қазір жүзге жуық идеялас, миссиялас адамдар жұмыс істейтінін атап өткен жөн.

– Аудармашылар мен редакторлар, корректорлар мен дизайнерлер, маркетологтар мен сату мамандарынан құрылған мықты команда Mazmundama жобасы аясында 4 жылдан бері адамзат ақыл-ойының алтын қазынасына айналған шетелдік туындыларды қазақ тіліне аударып сатумен айналысып келеді. Біздің ең басты мақсатымыз – Қазақстанда қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, жаңа деңгейге шығару. Ана тіліміз барлық салада №1 болуы үшін қолдауларыңыз керек. Ол үшін баршаңызды игі бастамаға ат салысуға шақырамын! 

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Ағартушылық жолындағы қызметтеріңізге сәттілік тілейміз! 

Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы 

www.politeco.kz

www.adyrna.kz


ПІКІР ЖАЗУ