«Абай оқуларын» арзандатып алмайық…
Кемеңгер Абайдың кемел ойлары мен жақұт жырларын сансыз ұрпақтың санасына сіңіріп, жадында мәңгілік жаттату ісінің мемлекеттік маңызды шаруаға айналғаны қашан?! Тіпті қылышынан қан тамған сонау кеңестік дәуірдің өзінде Абайды оқыту алдыңғы кезекте тұрды. Әсіресе бұл шаруа ұлы ақынның туып-өскен ортасы – Абай ауданының барлық мектебінде ерекше үрдіс алды. Сол кездегі Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аңыз адам марқұм Хафиз Матаев ұстаздардың алдына оқушыларға кем дегенде Абайдың 100 өлеңін жаттату міндетін қойды. Қазір шырт ұйқыда жатқан кез келген абайлықты оятып, ақынның бір өлеңін оқып жібер десеңіз, зуылдата жөнелетіні де сондықтан шығар.
1995 жылы данышпан ақынның 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде, бүкіләлемдік дәрежеде тойланып өтті. Ақынның басына ұшы-қиыры жоқ көк теңіздің үстінде көлбей жүзген ақ кемедей алып кесене тұрғызылды. Ұмытпасам, сол кездегі ақша нарығымен есептегенде 250 миллиондай қаражат жұмсалды. Бұл жаңа құрылып жатқан жас мемлекет үшін бір қомақты қаржы болатын. Сол тойдан кейін үш жыл өткен соң Жидебайға еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тағы да келді. Жан-жағынан қаумалап жапа-тармағай еріп жүрміз. Кенет Нұрекең кесене ортасындағы амфитеатрға тоқтай қалып, түсін суытып, «осы сендер Абайдың мүрдесін Семей қаласына көшірейік деген сөзді ұқпай, айдалаға, қаншама қаражат жұмсап мынандай кесене салдырдыңдар, ал осыған келетін, көретін кісі бар ма?!» деді. Дәл осындай мәселенің сонау 1960 жылдары да қозғалып, тобықты ақсақалдарының қабірдің үстінде жатып алып бермей қойғанын естігенбіз. Содан Президенттің сөзінен кейін бәріміз тұқырып жерге қарадық. Сәл үнсіздікті бұзып, сол кездегі Абай ауданының әкімі Қонысбай Төлеубеков жұлып алғандай: «Нұрсұлтан Әбішұлы, былтырдан бастап біз облыс басшылығымен келісе отырып, осы арада Абай, Шәкәрім оқуларын өткізуді бастадық. Оқушылар Абай аталарының жүздеген өлеңін жатқа айтады», деп қалды. Нұрекеңнің бағанағы суық жүзіне кәдімгідей шырай кіріп: «Ой, мыналарың жақсы нәрсе ғой, ендеше келесі жылдан бастап мұны республикалық көлемде өткізу керек», деді.
Осы сөз сөз болып, 1999 жылы алғаш рет Жидебайда, ұлылар мүрдесі жатқан киелі топырақта мектеп оқушылары арасында тұңғыш рет республикалық «Абай, Шәкәрім оқулары» басталды. Әр жыл сайын жүздеген оқушы қасиеттің қағбасындай киелі мекенге әрі бағын сынау үшін әрі бабалар рухына тағзым ету үшін үкілі үміттерін желбіретіп, ағын судай ақтарылды.
Бір кездегі Білім және ғылым министрлері болған Қырымбек Көшербаев, Шәмша Беркімбаева, Жақсылық Құлекеев, Күләш Нағатайқызы, Бірғаным Әйтімова, Жансейіт Түймебаевтардың өздері бастап, Абай еліне келіп, жүрегі Абай деп соққан жас өркеннің талабына қанат бітіріп, қадамына қуана қол соқты. Әсіресе Білім және ғылым министрлігінің бас сарапшысы, Абай ауданының құрметті азаматы Роза Мұхамеджанқызы Батталдың 20 жыл бойы Абай оқуларын үздіксіз үлкен ұйымшылдықпен, шып-шырғасыз өткізудегі ерен еңбегі әлі ел есінде.
Роза Мұхамеджанқызы өткізген Абай оқуларында сайысқа қатысушыларға қойылатын талап өте қатал болды. Мәселен, ақын өлеңдерін жатқа айтушылар, ең алдымен кем дегенде 150-200-ге тарта шығарманы біліп қана қоймай, оны қазылар қойған сұраққа сай кез келген жерінен мүдірмей айтуға тиіс болды. Бұл оқушы зейін-зердесінің мықтылығын және нағыз талантының ерекше еңбегін танытатын сынақ еді. Бірақ жады жақсылар жасыған жоқ. Қай кезде де қалың көрермен мен тыңдаушыны таланттарына таң тамаша қылды. Мысал үшін, ұмытпасам, 2005 жылғы оқуда қостанайлық Раушан Әділбаева Абайдың 141, Шәкәрімнің 209 өлеңін жатқа оқып, өзінің шын жүйрік екенін дәлелдеп шықса, Виктор Федянин Абай әндерін құйқылжыта шырқап, бас жүлдеге ие болды. Естуімше, қазір осы бала шетелдік байқауларда да Абай әндерін айтып жүрген көрінеді.
Сондай-ақ Абай оқуына қатысып, жүлдегер атанған Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы, Сара Тоқтамысова, Қарлығаш Әубәкіровалар қазір Алаштың арқалы айтыс ақындары болып жүрсе, Ұлан Сағадиев, Бақытжан Байболов, Нұржан Байтөс, Жайдар Жақсылықов, Айдос Имантаевтар қазіргі қазақ поэзиясының алдыңғы шоғырынан көрінуде. 2007 жылғы Абай оқуларының бас жүлдегері, абайлық ақын Арман Шеризатов жастардың мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері атанды. Сөз жоқ мұның бәрі Абай оқуларының түпкі нәтижесін көрсетеді. Ал нәтижелі істің қайырын қай кезде де халық көреді.
Биыл Абай оқулары Абай ауданында ХХІV рет өткізілді. 2019 жылдан бергі Жидебай төрінде, ашық аспан астында өткізіліп отырғаны осы. Үш жыл әлемді жайлаған коронавирустың салдарынан онлайн форматта өткізілді. «Өткізілді» дегеніміз жай көңіл жықпас сөз ғана. Әйтпесе, топырағының ыстығы табанды жылытып, атырабының самалы қадамды ширатып жіберетін киелі жерге келгенге, өз көзімен көргенге не жетсін, шіркін! Биылғы байқауға 150-ге тарта оқушы қатысты. Оларға басшылық жасап, бас-көз болып жүргендер – тек республикалық «Дарын» орталығының астаналық және облыстық бөлімшелерінің адамдары ғана. Республикалық Оқу-ағарту министрлігінен ешкімді көре алмадық. Осыдан-ақ жыл өткен сайын Абай оқуларының қожырап, сиырқұйымшақтанып бара жатқанын сезесің, сезесің де көңілің сары даладай құлазып сала береді. Біріншіден, байқаудың бұрынғы шарттары бұзылып, номинациялары тіпті көбейіп кеткен. «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармаларын жатқа оқу» сайысы деген жаңа номинация енгізіліпті. Ниет жаман емес. Бірақ әуелі Абай мен Шәкәрім шығармаларын ұрпақтар санасына әбден сіңіріп алмай, бірді-екілі өлең, поэмалары ғана бар Ақылбай, Мағауия сияқты ақын балаларын қосып, қойыртпақ жасаудың не қажеті бар?! Ол ол ма, өлең құдіретін толық түсінбейтін байқау шартын жасаушылар Шәкәрімді ақын шәкірттеріне қосып, Абай бабамыздың өзі ақындық қуаты мен талантын қатты бағалаған Көкбай Жанатайұлы мен Уәйіс Шондыбаевтарды мүлде қалтарыста қалдырған.
Екіншіден, осы байқау номинациясына эссе жазуды күштеп енгізудің қандай қажеті бар?! Оқу процесіндегі бұл жанрды аудандық, облыстық, республикалық білім олимпиадаларының еншісіне қалдырса да жарап жатыр емес пе?! Әрі-беріден соң Шәкәрім болмаса, Абай прозалық шығарма жазбаған. Пәлсапалық 45 қарасөзі мен «Қазақтың қайдан шыққандығы туралы» шежіресін эссе жанрына жатқызуға келе қоймас. Қайсыбір байқауды ұйымдастырушылар «эссе жазудың ең басты шарты – Абай өлеңдеріне талдау жасау» деген уәж айтқан болады. Қазылар берген 15-20 минутта ақын шығармасына жан-жақты талдау жасаудың ақылға сыя қоймайтынына әдебиетші мұғалім түгілі жай қарапайым адам да илана қоймас.
Сөз жоқ, осындай көп номинацияның байқаудың өз дәрежесінде, өте әділдікпен өтуіне үлкен кедергі келтіріп отырғаны да шындық. Себебі әр номинацияға әрі кеткенде екі, әйтпесе бір адам ғана қазылық жасайды. Осыдан әділдік шыға қоя ма, ойлана беріңіз?!
Үшіншіден, байқау шашыраңқы өтеді. Шашыраңқы өткен соң оның көрермені де болмайды. Көрермені жоқ байқау бола ма?!
Бұрынырақта үш-ақ номинация болатын. Бәрі де кесене ортасындағы амфитеатрда, жұртшылықтың көз алдында өтетін. Озғанды да, қалғанды да халық көріп отыратын. Қазылар қойған бағасын жұртшылыққа көрсететін. Ал қазір тығылмақ ойнаған сияқты. Байқаудың басы – аудан орталығында, ортасы – мұражай қасындағы жатақханада, аяғы кесене басында. 6 аталым бойынша 6 оқушы әкелген жетекші мұғалімнің қай баласына барып, қай баласына қолдау көрсетерін білмей дал болып жүргенін көзіміз көрді. Осыдан барып орынды реніш туады. Республикамыздың түпкір-түпкірінен 2-3 мың шақырымдай жолды артқа тастап, Абай бабаларының аруағына сиынып келген жас ұрпақты жасытып қайтарғанымыздың несі жақсы?!
Қайтарған дегеннен шығады, жаңа Қазақстанның жаңа ұрпағына Абай жерінде көрсететініміз көбейіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығын атап өтуге айрықша маңыз беріп, тойды ас беріп, ат шаптырып, балуан күрестіріп қыруар қаражат шашып өткізгенше, халық кәдесіне, ұрпақ қажетіне жарайтын із қалатын маңызды шаруалар атқаруды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде Абай ауданында бір-екі жылдың өзінде, пандемияға қарамастан қыруар игілікті іс атқарылды. Мәселен, бұрын Абай бабамыздың кіндік қаны тамып, өмірге келген өңірі – Сырт Қасқабұлаққа Абай оқуларына қатысушыларды апармайтынбыз. Апара қалсақ та, бұлақты көрсетпей бұра тартып кететінбіз. Себебі бұлақ көзі күтімсіз болатын. Айналасы мал, суын балдыр басқан сасық суды көрсету абайлықтар үшін үлкен ұят іс еді. Қазір көзіміз ашылды. Бүгінгі Сырт Қасқабұлақ алыстан көз тартып, көңіл өсіреді. Заманауи талапқа сай безендіріліп, мәрмәр бручатка төселген тротуармен жүрген жолаушы бұлақ көзіне барғанша Абай бабамыздың 45 қарасөзін қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқып танысады.
Жидебайдағы кесене де бүтіндей жаңарды. Кірсе шыққысыз жұмақ төріндей. Тойдан кейін Президентіміздің өзі келіп, атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдірді. Іле-шала Абай облысы болып қайта құрылдық. Қайта түледік. Жаңарып, жасарып жатырмыз. Бұған да шүкіршілік етеміз.
Абай, Шәкәрім оқуларының о бастағы мақсаты – ұлы адамдардың шығармаларын, әндері мен күйлерін жас ұрпақ бойына молынан сіңіріп, сол арқылы ел болашағын жасаушыларды жан-жақты тәриелеу болса, осы мүддеден айнымайық. Абайдың «толық адам», Шәкәрімнің «ар білімін» өзіміз толық түсініп, мойындап алмайынша, жеткіншек жетесіне жеткізу мүмкін емес. Олай болса, Абай оқуларын бұрынғысынша 3 аталым бойынша: «Абай, Шәкәрім өлеңдерін жатқа айту, Абай, Шәкәрім әндері мен күйлерін орындау және жас таланттардың өз шығармашылығын саралау арқылы» өткізу керек деп ойлаймыз.
Тағы бір айта кететін жайт, Абай оқуларының насихатталуы нашар. Нашар емес-ау, мүлде жоқ. Бұрындары облыстық газеттер мен радио-телехабар тарату мекемелері сайыстың өткені жөнінде үзіп-жұлып бірдеңе көрсетіп жатушы еді. Биыл оны да қойыпты. Теледидар арқылы күніне төрт сағат «Қосылайық», «Бірігейік» деп мән-мағынасы жоқ шоуларды өткізгенше, жылына бір-ақ рет болатын, бүкіл республика оқушылары қатысатын Абай оқуларының барысын ыждаһатпен насихаттап жатса, ұлтқа, ұлт ақынына деген құрмет болмас па еді?! Біздіңше, бұл да – мемлекеттік іс-шараны менсінбеушіліктің, атүсті қарап, немкеттілік танытудың бір көрінісі.
Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ,