Сырым жолы: Сәйгүлікпен сайын далаға сапар шеккен жорықшылар

0
98

Осыдан бір күн бұрын ереуіл атқа ер салған азаматтар Орал шаһарынан Сырым даласына қарай бет алған еді. Ту астында тулаған тұлпарлар тұяғы кеше қас қарая Батыс өңіріміздің байтақ даласын кесіп өтіп, Жымпитыға аман ілікті. «Ереуіл атқа ер салып, еңку – еңку жер шалып» келе жатқан жорықшыларды қала беттегі қақпаның алдынан ауылдан шыққан бір топ аттылы қара қиқу айрықша құрметпен күтіп алды.

Ырғатылып аққан Ақ Жайықтың бойы – Сырымның қалың қолмен казак бекіністерін шапқан жері. Қиян-кескі ұрыстар өткен алқап. Борбастау, Шалқар алқабы – батырдың саяси қарсыласы, Кіші жүздің ханы Нұралының қоныс ауыстырып жүргенде, уақытша тұрақтап, орда тіккен орыны. Шолақаңқатының бойында Сырым шыққан тау төбе тұр. Міне сол себепті, Республика күні мен даланың даңқты батыры, биі Сырым Датұлының 280 жылдығы құрметіне жолға шыққан жігіттер жорықтарын «Сырым батыр жолымен…» деп атапты.

Идея авторы – белгілі кәсіпкер Мұратбек Мұхамедиев. Аттылардың ішіндегі Сырым батырдың төл ұрпағы, 11 жасар Шерхан Қайырсапа батыр да бар.

Сапар барысында салт атты жорықшылар Сырым баба кесенесінің маңына аялдап, ат суытты. Таңда тұрып, күн шапағымен жарысып, сапарларын жалғастырды.

«Сырым батыр жолымен…» келген керуенді салтанатты қарсылау шарасы С. Датұлы атындағы стадионда өтті. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев даланы дүбірге бөлеген 140 шақырымдық жорықтың астарында елжанды азаматтардың «ұйқыдағы рухты оятар» ниеті мен туған жерге деген құрметтері жатқанын айтты. Атты топтың атынан ҚМДБ – ның БҚО өкіл имамы Бақытжан Құралбайұлы сөз сөйледі. Жорық туы салтанатты түрде Сырым ауданына табысталды.

Біздіңше, сапар Жымпитыдан Қаратөбе, одан әрі Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз айналып, Сырымның халық кеңесін құрған тарихи жерге дейін жалғасуы керек сықылды.

Осы күні Сырым ауданында «Қайсар» спорт клубының ұйымдастыруымен аударыспақтан аудан біріншілігі өтті. Күлік үстіндегі күрестің жеңімпаздарын самбодан 4 дүркін Әлем чемпионы, Орал қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің ұлттық спорт мектебінің директоры Ерболат Байбатыров марапаттады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы


ПІКІР ЖАЗУ