Экологияға тиімді энергия көзі – АЭС қана — эколог

0
1342

«Қоршаған орта атом станциясынан зиян шеге ме?», «АЭС жоспарланып отырған аймақ тұрғындарына қандай әсері болады?», тағысын-тағы экологияға қатысты сауалдарымызды «Ecology Consulting» ұйымының басшысы, эколог Садыбекова Ботакөз Нұржанқызынан сұрап білдік.

– Ботагөз ханым, АЭС экологияға қай жағынан тиімді, қай жағынан тиімсіз? 

– Өте ауқымды сауал. Жан-жақсы қарастыру керек. Әсіресе экономикалық жағынан да экологиялық жағынан да не бере алады деп қарастырғанымыз жөн.

Экологияға тиімділігі – шығарындылар яғни қалдықтар сөзсіз АЭС-та аз болады. Мүлдем жоқтың қасы десек те болады. Экологияға тиімді энергия көзі – АЭС қана.  Ал қазіргі таңдағы көмірмен, газбен энергия алу – көптеген қалдықтардың болуына, оның ішінде ауаға таралатаын көмірқышқыл газының көбеюіне әкеліп соғады. Көзге көрінбейтін болғасын көбіміз байқамаймыз. Алайда, көмірқышқыл газы адам ағзасына өте жағымсыз әсер етеді және канцероген болып табылады. CO2 жоғары концентрациясы бар ауаны жұту әлсіздікті, ұйқышылдықты, бас ауруын, зейіннің бұзылуын немесе қандағы жағымсыз өзгерістерді тудыруы мүмкін. ЖЭО-лардың Алматыдағы ауаның ластануынан-ақ, қоршаған ортаға беріп жатқан зиянын аңғара аламыз.

– Радиоактивті қалдықтар қайда кетеді? Олар сол аймақтағы флора мен фаунаға кері әсерін тигізбей ме?

– Радиоактивті қалдықтардың шығарылуы технологияға байланысты. Қай елдің технологиясы таңдалады, сол аймақтың ерекшелігіне байланысты. Оларды залалсыздандырады. Радиоактивті қауіпсіздікті білетін мамандар жұмыс істеуде әлбетте экологиялық қауіпсіздікке баса назар аударуы тиіс. Сол кезде ғана қоршаған орта үшін қауіпті болмайды.

Радиоактивті қалдықтар мәселесін шешудің бірнеше жолы бар. Олардың негізгілері өңдеу, сақтау және кәдеге жарату. Егер бұл дұрыс нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берсе, кейде олар кез келген комбинацияда қолдануға болатын аралас әдістерге жүгінеді.

– Қазақстанның декарбонизацияға өтуі қалай жүзеге асады?

– Декарбонизацияның өзіндік периодтары бар. Соған байланысты көп шығарындылар жасайтын өндірістерге арнайы лимит қойылады. Белгілі бір мөлшерге дейін азайту қажет деген сынды шектеулер қойылатын болады. Мәселен, фильтрлар қойып, түтінді залалсыздандыру, басқа технология бойынша жұмыс жасауды ұсыну сынды шаралар жасалатын болады. Президенттің 2050 жылға дейінгі жоспарларының бірі осы көміртекті шығарындыларды азайту. Жаһандық деңгейде арнайы келісімдер бар. Сол бойынша жұмыстар да жүргізіледі. Ең тиімді жүзеге асуының бірден-бір жолы лимиттерді шектеу. Мәселен, белгілі бір өндірістік орында шығарындылар саны 100 тонна болатын болса, шектеу қойылған жағдайда олар ол мөлшерден азайтуы тиіс болады.

– Апатты жағдай орын алса зардабы қандай болады?

– Өте қорқынышты болады. Апатты жағдай қандай деңгейде болмасын әсерін тигізбей қоймайды. Десе де, апатты жағдай орын алмайтындай дұрыс елдің технологиясын алу керек. Мәселен, көп мемлекеттердің ішінде Жапония мемлекетінің технологиясы ең дұрысы болып саналады. Менің пікірімде де осы. Көптеген мамандардың пікірінше де Жапонияның технологиясы ең қолайлы нұсқа деп қарастырады.

– Жаһандық климаттың өзгеруіне АЭС әсер ете ме?

– Әрине әсер етеді. Егер де жаппай көмірмен, газбен энергия ала беретін болсақ экология үшін орасан зор зиян кешеміз. Қазірдің өзінде зиянын тигізіп те отыр. Ал АЭС атомнан алынатын ең таза энергия көзі, сонымен қатар арзан түрі болып саналады. Жел, күн тағы басқаларының ішінен ұтымды қолдана алсақ ең тиімдісі – АЭС.

– Қазақстанның экологиясындағы басты мәселе не? Онымен қалай күресеміз?

– Мәселе өте көп. Қалдықтар болсын, шығарындылар болсын, су мәселесі болсын ірі проблемаларға толы. Экологияның қай мәселесі болмасын онымен жүйелі түрде жұмыс істеу керек. Жүйелі түрде адамдарды ақпараттандырып отыру керек. БАҚ өкілдері арқылы да, әсіресе қазақ тілді аудиторияның экологиялық сауатын ашуымыз керек. Жауапты мекемелер, оқу орындары арқылы жүйелі түрде жұмыс істесе экологиялық зардап тигізетін мәселелердің бәрін шешуге болады. Міндетті түрде оның әрқайсысын білетін мамандар жанашырлықпен жұмыс істеп, сол проблемаларды шешуге ат салысу керек.

Ең бастысы – экологиялық таза қоғам қалыптастыру үшін бір-біріне сілтемей, бірінші кезекте адам өзінен бастау керек. Суды үнемдеп, қалдықтарды тастамай, айналаға бей-жай қарамаса ол тікелей өзінің денсаулығына әсер етеді деп ұғыну керек. Қоршаған ортамыздың тазалығына әрбір жан үлес қосу қажет.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан:

Дина ЛИТПИН


ПІКІР ЖАЗУ