Тимур АЙСАУТОВ: Елдегі ақша құнсыздығы, қымбатшылық мәселесін шешу жолы – АЭС салу
Экономика қалай дамиды? Біз қалай өз үлесімізді қоса аламыз? Осы сынды өзекті мәселеге айналып үлгерген тақырыптарды тілшіміз экономист-социолог, DAMU Research Group зерттеу агенттігінің директоры Тимур Айсаутовпен болған сұхбатында қозғады.
– Әлеуметтік қоғамға АЭС қалай әсер етеді?
– АЭС расымен керек дүние. Елімізге аса қажет стратегиялық құрылым. Бұрында Сауд Арабиясында көліктер жүріп, ұшақтар ұшып бастағанда сол аймақтағы діни көзқарастағы адамдар қарсы шыққан болатын. Мұның бәрі шайтанның амалдары, шайтанның арбаушы істері дейтін. Осындай пікірлер бізде де болған. Батыстан келіп жатқан жаңа дүниелердің бәріне қарсы шығып, халықтың қабылдауы қиын болатын. Бұл адамзатқа тән нәрсе. Заманның ағыны ретінде де, басқа тұрғысынан да АЭС аса керек дүние. Мейлі, мысалы, АЭС салмадық делік. Онда бізде Қырғызстан секілді өзендеріміз көп емес. Сол себепті гидроэлектростанция сала алмаймыз. Тек нұсқа ретінде көмір жағу, яғни ЖЭС қана және күн энергиясы ғана қалады. Баламалы электр энергия көздері ретінде АЭС болмаса, осы дүниелерді қарастырамыз. Бірақ, бұл энергия көздерімен біз қажетті энергия мөлшердің орнын толтыра алмаймыз. Оны толтырып отырған әлемде бір-екі мемлекет қана бар шығар бәлкім. Оның ішінде қателеспесем, Германия бар. Алайда оның деңгейіне жете алатын мемлекеттер қатары аз. Басқа елдерде су электр станциясын ұтымды пайдалана алатын табиғи мүмкіндік бар шығар. Алайда, біздің елде өзендер саны аз екенін ұққанымыз жөн. Бұл тиімді емес.
Біріншіден біздің жеріміз кең. Халқымыз көп. Территориямыз Қырғызстаннан 30-40% үлкен. Сондықтан да, энергия көзін алудың ең тиімді әрі ыңғайлы жалғыз жолы – АЭС. Әрине, көбі қарсы болатын да, қорқатын себеп те қауіпсіздік жағына келіп тіреледі. Алайда, атом станциялары көп елде бар ғой. Әлемнің 30-дан астам елі энергияны осы дүниеден алып отыр. Тарихта үш үлкен апат болған еді. Бірі Чернобыльде, Фукусима және Америкада орын алған. Осы жайттар халық қорқынышын тудырады. Бірақ, техникалық тұрғыдан бәрі стандартқа сай, ретімен болса, жарылыс та, қауіп те болмайды. Жарылысқа жеткізу үшін үлкен апат болу керек немесе арнайы провакациялық іс жүзінде орын алуы мүмкін. Соншалықты немқұрайлы деңгейде салғырт қаралған болса апат тууы әбден мүмкін. Алайда, ол өз қолымызда.
Екінші мәселе – халықтың пікірі. Демократиялы ел болғандықтан ел пікірін елемей отыра алмаймыз. Аталған тақырыпқа байланысты бізде біраз жыл бұрын сауалнама жүргізілген болатын. Елімізде радиофобия қалыптасып қалған. Себебі, халықтың басым көпшілігі атом энергиясы зиян деп ойлайды. Денсаулыққа, табиғатқа әсері теріс деп түсінгендіктен қолдау таппайтын тақырып. Алайда, шынайы көзқараспен қарасақ, керісінше АЭС-тің зияны жоқтың қасы. Бізден жер көлемі 5-6 есе кіші Францияның өзінде ең көп АЭС орналасқан. Олар да біз секілді адамдар, бізден халық саны көп ел. Осы дүние арқылы энергия алып отыр және ала береді де. Сол себепті қорқа беруге негіз жоқ. Радиофобияның болуы – орынсыз нәрсе.
– Ел экономикасына әсері қандай болмақ?
– Жан-жақты қарастыратын өте маңызды сұрақ. Үкімет тарапынан дұрыс қадағалау жүргізіліп, арзан бағада салатын болсақ экономикаға сатылатын электр қуатының бағасы да арзан болады. Әсері де, тиімділігі де жоғары болады. Экономикамыздың әлдеқайда жақсаруына көп әсерін тигізетіні даусыз. Елдегі ақша құнсыздығы, қымбатшылық мәселесін шешудің ұтымды жолы. Нарықтағы кез келген өнімнің құрамында электр қуатының, жалпы энергияның үлесі бар. Тіпті жеп отырған асымыздың, киіп жүрген киіміміздің өзінде электр энергиясының белгілі бір үлесі бар. Қарапайым тілмен айтқанда энергия көзін 20-30% арзан өндіретін болсақ, нарықтағы өнімнің де халыққа сатылатын бағасы соншалықты пайызға арзан берілетін болады. Арзандамаған күннің өзінде де, кәсіпорындар үшін тиімді болатын нәтиже. Шығындар саны азайып, кәсіпорнын кеңейтуіне бір себеп болады. ЛРТ тәжірибесін ескеретін болсақ, болған сценарий қайтадан қайталанбайтын болса бұл маңызды құрылыс халық үшін, ел үшін ұтымды дүние болатыны хақ. Экономикамыздың әлсіреуі бәсекелестігін де жояды. Біздің өнім қымбат болғандықтан, өзге елдегі өніммен нарықтағы актуалдылығын жоғалтып алады. Бұл екінші жағынан қарайтын дүние.
– Құрылысшылардың және АЭС-те жұмыс істейтін мамандардың әлеуметтік талаптарына, қажеттіліктеріне қолдау білдіру керек деп ойлайсыз ба?
– Бұл мәселені мемлекет емес, нарық шешеді. АЭС өте үлкен объект және онда жұмыс істейтін кез келген маманның жалақысы қалыпты жалақы мөлшерінен бірнеше есе көп болады деп ойлаймын. Бұл қайырымдылық тұрғысынан, мемлекеттік көмек ретінде ұсынылатын баға емес. Бұл нарық бағасының жұмысшыларға әсер етуі. Себебі АЭС өте қымбат құрылым әрі ол нарыққа жұмыс істейді. Сәйкесінше ондағы кадр мамандары да тиісті қаражатын алады. Өздеріне энергетик мамандарды тарту үшін қалыпты жалақы мөлшерінен көп баға ұсынуы керек. Жаңа жұмыс орны болғандығынан емес, ол жақта жұмыс істеудің қауіптілігін де ескергені абзал. Мемлекеттен жәрдемақы, субсидия сынды дүниелермен мүсіркемей, алатын айлығын әдеттегіден жоғарылатса жеткілікті деп ойлаймын.
АЭС жұмыссыздық мәселесінің үш тұрғыда шешілуіне әсер етеді. Біріншісі, салыну процессінде 10 мыңға жуық маман жұмыс істейтін болады. Оның ішінде әрине сырттан келген мамандар да болады. Алайда өз еліміздің мамандарының үлесі біршама болатыны сөзсіз. Екіншісі, салынып біткеннен кейінгі тартылатын мамандар. Ал үшіншісі, еңбек нарығындағы әсері орасан болады. Себебі, атом станциясы арқылы алынатын энергияның бағасы нарықта арзанға түссе, Қазақстандағы қаншама зауыт, қанша кәсіпорын шығындары азайып, бәсекелестік қабілеттері артады. Шығаратын өнімдерінің бағасы арзандайды және сәйкесінше импортты үдетеді. Артынша нәтиже біз күткендей орын алса, экспорт та көбейеді.
– Кадр жетіспеушілігі туындаса, шет елдік мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс па?
– Қазіргі таңда бұл сала бойынша еліміздегі мамандар саны аздау. Алайда бұл шешілетін мәселе. Егер де популизмге ұрынбасақ, ауқымда проблема болмайды. Мен өзім Оңтүстік Корея технологиясын қолдаймын. Оңтүстік Корея арабтарға салып берген, сәтті тәжірибесі бар мемлекет. Егер осы ел салып беретін болса, әрине біздің мамандарға үйретіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берері сөзсіз. Бес жылдың көлемінде барынша үйретіп, қолымызға табыстап кетеді. Үлкен объект болғандықтан, арнайы ЖОО орны құрылып я болмаса техникалық мамандықтардың өзектілігі артуы мүмкін.
– Жауабыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Дина ЛИТПИН