Қазақстанда лотерея дүңгіршектеріне тыйым салынды
Бүкіл Қазақстан бойынша электронды лездік лотереяларды сататын дүңгіршектердің жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомстводағылар бұл дүңгіршектерге қатысты қазақстандықтар мен мемлекеттік органдарға шағымдар жиі түсетінін түсіндірді.
«Сондықтан, Туризм және спорт министрлігі 2023 жылы екі рет – мамыр және қараша айларында лотерея операторы – «Сәтті Жұлдыз» АҚ-на лотерея клубтарының жұмысын және электронды лездік лотереяны ұйымдастыруды жақсарту бойынша ұсынымдар жіберді», – деп жазылған хабарламада.
Министрліктің 2024 жылғы 20 қаңтардағы соңғы ұсынымдарына сәйкес лотерея операторы 2024 жылғы 30 қаңтардан бастап республика бойынша Lotomatic терминалдары/дүңгіршектер арқылы электронды лездік лотереяны таратуды уақытша тоқтатты.