СЫРТҚЫ САЯСАТ, ЖОЛ, БАЙЛЫҚ

0
73

Президенттің кеңейтілген жиында сөйлеген сөзін толығымен тыңдап шықтым. Әріптестерім өздеріне жақын тақырыптар туралы посттар жаза түсер деп ойлаймын. Өз басыма ең маңызды болып көрінген ҮШ мәселені түртіп алдым:
Сыртқы Саясат. “Президент дүниежүзінде жағдай өте күрделі” деген жұмсақ сөзінің артында, жағдайдың әлде қайда қиын екенін аңғаруға болады. Айналамыз соғыс немесе қырғи-қабақ суық қарым-қатынасқа толы көршілер. Ресей мен Украина, Қытай мен Тайвань, Әзербайжан мен Армения және т.с.с. Осындай өл-ара шақта, Қазақстанның дипломатиясы тыныш, сапалы, мүдделі жұмыс жасау үшін, ішкі атмосфера дұрыс болу керек. Елдің ішін түзесек, дипломаттар да алаңсыз өз ісін алып шығатынына күмән жоқ.

Жол. Ес білгелі жолдың жыры біткен емес. Семей-Алматы, Семей-Ақсуат сияқты тозақи жолдармен 90-шы, 00-шы жылдары жүрген адам ретінде айта аламын. Жалпы президент жол мәселесін бірінші рет көтеріп жатқан жоқ. Талай айтты. Бірақ, жол саласындағылардың бітіргені шамалы. Әлде олар “наказание по Сыздықбековски” деген жазаны күтіп отыр ма, білмедім. 32 жыл егеменді болып отырған ел үшін, Алматы-Астана автобанының болмауы – Ұят құбылыс.

Жол – логистиканы күре тамыры, туризмның негізі. Ақтау – Өскемен автобанын салу керек деп күліп те айттым, жылап та айттым. Бүкіл Қазақстанның қалалары бір-бірімен байланысу керек. Сонда нәтиже болады. Айтуға ұят – Қызылорданың қазағы Ақтауға бару үшін Ақтөбеге дейін жүру керек. Абсурд қой. Қысқасы, биыл Алматы мен Астананың жолы айнадай болу тиіс. Президент айтты – жасалады.

Байлар. “Ұрланған капиталды Елге қайтару” деген ұран дұрыс. Алайда сол ұранды желеу етіп, өз еңбегімен байыған кәсіпкерлерге зиян тигізетін күштік құрылымның өкілдеріне де жазаны қатаңдату керек. Президент өз сөзінде нақты осы кейсты айтты. 1917 жылы Байларды қудалаған жүйенің немен аяқталғанын көрдік. Ұлт Олигархтар мен Кедейлерден тұрмайды, ұлтты тұрақтандыратын Орта тап. Орта тап азайған қоғамда – революцияның иісі шығады. Орта таптың көбеюіне Үкімет те, Қоғам да мүдделі. Кіші және Орта бизнесты қолдап, қудаламай, жағдай жасаса, қоғамда Орта таптың үлесі қосылары анық.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні – президент Олжас Бектеновке карт-бланш берген сияқты. Тек Олжас Абайұлыға нәтиже көрсету керек.

Самат НҰРТАЗА, саясаттанушы


ПІКІР ЖАЗУ