ҚАЗАҚСТАН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ САЛАСЫНА САЛЫҚТЫҚ ЖЕҢІЛДІК ЕНГІЗДІ

0
63

Бұл іс медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологияны қамтитын экономика секторы ретінде айқындалған. Іргедегі елдер де осындай оң өзгеріске бет бұрды. Айталық, Өзбекстан креативті парктер ашуға кіріскен. Жалпы Орталық Азия заманауи сала жұмысын дамытудың негізгі кезеңіне аяқ басты. Әлемдік зерттеушілер креативті индустрияны үш түрге бөліп қарастырады. Алғашқысы америкалық, одан кейін скандинавиялық және шығыс-азиялық. Ал Орталық Азия креативті салада өзіндік жол сала бастады. Біздің ел бұл мақсатта арнайы тұжырымдаманы қабылдаған. Оның ішінде, 40 түрлі арт қызметті іске асыратын бизнеске салықтық жеңілдік ұсынылып жатыр. Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі: – Креативті индустрияны дамытудың институционалдық негізі қалыптасты. Қазір біз тиісті инфрақұрылымды, креативті орталықтары мен хабтарын, сондай-ақ, таланттарды іздеу және қолдау, өнімдерді экспорттауға коммерциаландыруға жәрдемдесу мақсатында креативті индустрия орталығын құру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Екінші заңнамалық бағыт, ол креативті индустрияны қолдау және дамыту туралы заң жобасын әзірлеу. Қазақстан секілді Өзбекстан да креативті индустрияны дамытуға тың серпін берді. Көршіміз былтырдан бері әр аймақта арнайы орталықтар ашуға кірісіп кетті. Алғашқысы Ташкентте іске қосылды. Онда жастардың шығармашылық дағдысын дамытуға жағдай жасалған. Ұлықбек Исматов, жобаларды басқарудың дербес орталығының басшысы: – Орталық 14 медиа жобаның қызметін үйлестіріп отыр. Олардың ішінде бес түрлі саланың креативті индустрия мамандары өз бағыттары бойынша шеберлік сағаттарын өткізетін жоба бар. «Modul5»-тің негізгі мақсаты – Өзбекстан жастарына таза өзбек тілінде пайдалы ақпарат беру және болашақта олардың дамуы үшін негізгі платформа жасау. Бүгінге дейін жобаға 100-ден астам спикер қатысты, оларға 10 мыңнан астам адам жиналды. Кейінгі жылдары стартаптар мен бизнесжобаларды қолдау Өзбекстандағы реформалардың өзегіне айналды. Креативті индустрия 16 мен 29 жас аралығындағы азаматтар үшін жұмыс орындарын құруға да сеп. Біле білсек бұл өскелең ұрпақты көбірек еңбекпен қамтуға ықпал етеді. Себебі саланың әлемдік капиталы 2,3 трлн долларға жетеді. Көрсеткіш түрлі экономикалық қиындықтарға қарамастан ұлғайып келеді.  Ұлықбек Исматов, жобаларды басқарудың дербес орталығының басшысы: – Бүгінгі таңда барлық жерде интернет бар, тек компьютер мен идея ғана қажет. Біз көптеген мысалдарды көріп отырмыз. Мәселен, израильдік стартап болды, онда 4 жігіт автопилот жүйесін жасап шығарып, оны 19 млрд долларға сатқан. Бізде де ойы ұшқыр жастар көп, оларға тек бағыт берсек болғаны. Бұл бағытта қазақстандық озық тәжірибенің бірі – «Дом – 36» арт-кеңістігі. Креативті хаб түрлі саладағы таланттардың басын қосқан. Арт-кеңістік аумағында дәріс, көрме, фестиваль, питчинг және қайырымдылық шаралары өткізіліп тұрады. Аз уақыт ішінде мемлекетке 127 млн теңге табыс әкелген. Жалпы біздің елдің креативті индустрия саласында 133 мың адам жұмыс істейді. Рауан Мыңбаев, тілші: – Орталық Азия елдері саланы ілгерілету мақсатында бір-бірінің тәжірибесіне сүйенеді. Қырғызстан да біраз бастаманы қолға алып, жүйелі жүзеге асырған. Әр мемлекет өзіндік ерекшелігін халықаралық нарықта ілгерілетіп, шығармашылық тұрғыда танылып жатыр. Айта кетейік, биыл Өзбекстанда креативті экономика бойынша IV дүниежүзілік конференция өткізіледі. Оған мүдделі тараптың барлығы қатысады деп болжанып отыр.


ПІКІР ЖАЗУ