БАЙ ЕЛ ҚАТАРЫНДАҒЫ КАТАР

0
84

 

Кезінде Жасим бин Мұхаммед Әл-Тани деген адам құм мен Күн билігін жүргізіп тұрған аймақтағы қырықпышақ болған тайпалардың басын қосады. Ол сәтте Әль-Тани ХХІ ғасырдағы ең бай мемлекеттің іргетасын қалап жатқанын сезбеген де еді. Халқы кедей, аш болатын. Балық аулап, теңіз түбінен маржан терумен айналысатын. ХХ ғасырдың 30 жылдары мұнай табылып, ақыры даму бағыты өзгерді. Бүгінде сіз бен біз бұл елді Катар деп танимыз.

Міне, осы Катарға кеше президент Тоқаев екі күндік сапармен барды. Ал бүгін Катардың әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәнимен келіссөздер жүргізіп, бірқатар екіжақты құжатқа қол қойды.

Қазақ-Катар қатынасы қарқынды дамып келеді. Президент Катардың таяу болашақта Қазақстанның он ірі инвесторының бірі болу мүмкін екенін айтып жүр. Екі ел басшылары 2019 жылдан бері 8 рет кездесіпті. Осы жолы президент Консультативтік кеңестің (Шура Мәжілісі) алдында сөз сөйлеген. Бұған дейін шет мемлекет басшысы онда сөз сөйлемеген екен, осының өзі екі ел арасындағы қатынастың даму деңгейінің көрсеткіші. Бұл жолғы сапар екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін беріп, қарқын қосар деп сенемін.

Біз үшін әрине экономикалық қарым-қатынас аса маңызды. Мемлекет басшылары елдер арасындағы екіжақты тауар айналымының көлемін 500 млн долларға дейін ұлғайтуға келісім жасаған екен. Қарап тұрсақ, тауар айналымы бір жылда 50%-ға артқан. Егер осы қарқынмен жалғастыратын болсақ, 500 млн доллардың ауылы да алыс емес. Осы сапар барысында 18 млрд долларды құрайтын инвестициялық жобалар бойынша коммерциялық уағдаластық орнаған көрінеді. Атап айтқанда, катарлық Power International Holding холдингімен Қашағанда газ өңдеу зауыттарын салу және «Бейнеу – Бозой – Шымкент» және «Ақтөбе – Қостанай» учаскелерінде газ құбырларын салу туралы келісімнің шарттары талқыланған екен.

Катардың әлем бойынша жан басына шаққандағы табысы ең жоғары елдердің көшін бастап тұрғанын білеміз. Бұл мұнай мен газдың үлкен қорының арқасында жетіп отырған дәреже. Ал Қазақстанның да ірі мұнай өндіруші елдер қатарында екенін ескерсек, бұл саладағы жетекші елмен ынтымақтастықта болу маңызды.

Таяу Шығыста күнде атыс-шабыс. Осындай тұрақсыз аймақта технологиялық тұрғыдан дамыған әрі ең қауіпсіз елдердің біріне айналу оңай емес. БҰҰ мәліметі бойынша Катар астанасы Доха қауіпсіздік жағынан әлемде екінші орында тұр. Катарлықтардың өмір сүру деңгейі өте жоғары: елде салық жоқ (тек кәсіпкерлер төлейді), тегін білім мен дәрі-дәрмек қолжетімді, әрі әлеуметтік төлем де ең жақсы қарастырылған елдердің бірі саналады. Яғни, бізге бұл елмен байланыс жасау тиімді, маңызды әрі пайдалы.

Қазақстанда Катардың қатысуымен 9 компания тіркелген. Ал Қазақстан болашақта мұнай-газ, көлік-транзиттік, телекоммуникация, медицина және ауыл шаруашылығы салаларында, сондай-ақ сирек кездесетін жер асты металдарын өндіру және қайта өңдеу, жасыл индустрияны дамыту салалары бойынша қатарлық инвесторлармен ынтымақтастық орнатуға дайын.

Инвестициядан бөлек экспорт жайлы да ұмытпаған абзал. Қазақстан-Катар нарығына халал индустриясының өнімдерін, сондай-ақ органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге дайын. Олар «бізге халал жолмен қой сойып бер, сиыр етін жеткіз, біз сатып алуға дайынбыз, бізден ақша – сендерден өнім» деп отыр.

Келіссөздер барысында туризм саласы да шет қалмапты. Екі ел арасындағы визасыз режим әлеуметтік-экономикалық қатынастарды нығайтуға себепші болып отыр. Бұрын Дубайдан шықпайтын қазақ, енді ат басын Дохаға бұра бастаған. Былтыр 40 мың қазақ «катаркөргендер» қатарына қосылыпты. Айтпақшы Катардан 1 мың араб Қазақстанға турист болып келіп, қымыз ішіп қайтқан екен.

Осындай бай елдермен әріптестікті арттыру біз үшін дамудың бастамасы. Олардан инвестиция, қаржы тартуды көбейту керек.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, саясаттанушы


ПІКІР ЖАЗУ