Олжас Бектенов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасындағы шикіліктерді айтты
Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы маусым айында қайта қаралмақ. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты
«Ұлттық жобаны іске асыруда белгілі бір шикіліктер де бар екенін атап өткен жөн. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ұлттық жобаны іске асыру барысын, әсіресе жер учаскелерін бөлу және жобалық құжаттаманы кешіктіру мәселелерін әділ сынға алды. Үкіметке барлық проблеманы тез арада жоюды тапсырды. «Самұрық-Қазына» қорының тарапынан мердігер ұйымдардың жұмысына тиісті бақылау жасалмай отыр. Жекелеген өңірлерде әлі күнге дейін жер учаскелерін рәсімдеу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері шешілмей келеді», – деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының сөзінше, өңір әкімдері тарапынан орын алып отырған формализм мен мәселені орталыққа ысыра салу әрекеті жобалау және құрылыс жұмыстарының кешігуіне әкеп соқтыруда.
«Салдарынан объектілер уақытында тапсырылмай қала ма деген қауіп те жоқ емес. Құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тарту қажет. Әрбір басшының тікелей есіне саламын – жайлы мектептердің құрылысы Үкіметтің қатаң бақылауында болады», – деп атап өтті ол.
Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорына 1 қыркүйекке дейін 98 мектептің, ал осы жылдың соңына дейін қалған 119 мектептің пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Бұл ретте, жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс. 15 мамырға дейін барлық жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және мемлекеттік сараптамадан өткізуді аяқтау қажет. Өңір әкімдері 15 наурызға дейін мектеп құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты барлық проблемаларды шешуі тиіс. Биыл пайдалануға берілетін мектептерге баратын жолдар мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын осы жылғы 1 тамызға дейін аяқтау қажет», – деп жалғастырды Премьер-Министр.
Сөзінше, Астана және Алматы әкімдері 15 желтоқсанға дейін 9 мектепті пайдалануға беруді қамтамасыз етуі қажет. Бұдан бөлек ол салынып жатқан мектептерді алдын ала педагог мамандармен, сапалы интернетпен қамтамасыз ету қажеттігін де баса айтты.
«Біз Ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қараймыз. Егер жұмыс тәсілі өзгермесе, жауапты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылатын болады», – деп қорытындылады Олжас Бектенов.