НИДЕРЛАНДПЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚ БҰРЫНҒЫДАН ДА АРТА ТҮСЕДІ

0
66

Қазақстан мен Нидерланд денсаулық сақтау саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты, оның ішінде медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісін оқшаулауды кеңейтеді. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев бастаған қазақстандық делегацияның Голландияға сапары барысында белгілі болды. Жанат Эрнст, тілші: – Қазақстандық делегация голландиялық ірі медициналық компанияның өндірістік мүмкіндіктерімен танысты. Тараптар еліміздің ауыл медицинасын жаңғырту, медициналық көмектің тиімділігін арттыру, кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметтерді жетілдіру, сондай-ақ денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Нидерландтық әріптестерімен келіссөздер барысында Жандос Бүркітбаев Қазақстандағы медицина мен фармацевтиканың дамуы туралы мәлімет берді. Бұл нарықтың көлемі былтыр 2 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ол еліміздің бұл салаға инвестиция мен жаңа технологияларды тартуға мүдделі екенін және қолайлы инвестициялық ахуал үшін толық жағдай жасауға дайын екенін жеткізді. Тараптар ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанда медициналық техника өндірісін локализациялау мүмкіндіктерін талқылады. Асқар Жұмағалиев, Қазақстан Республикасының Нидерландтағы Төтенше және өкілетті елшісі: – Өздеріңізге белгілі Нидерланд Қазақстандағы номері бірінші инвестор болып табылады. Осы кездесуде өте жақсы әңгіме болды. Нәтижесінде Royal Philips компанияcының қазіргі танда солардың кейбір жабдықтарын Қазақстанда шығаруға мүмкіншілік бар. Президенттің тапсырмасына сәйкес жұмыс жалғастырамыз. Өйткені ол өте маңызды. Ян-Виллем Схейгронд, Royal Philips компаниясының вице-президенті: – Қазақстан бүгін Орталық Азиядағы ең тартымды хаб, аймақтағы инновациялар үшін стратегиялық маңызды орын болып табылады. Үкімет пен жеке сектордың ашықтығының арқасында біз сіздермен 30 жыл жұмыс істеп келеміз. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, біз кардиология, ана мен бала денсаулығын сақтау, онкологиямен күресу салаларындағы инновациялардың қолжетімділігі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстанға қандай технологиялар ұсына алатынымызды талқыладық. Қазақстан өкілдерінің айтуынша, бұл осы компанияның еліміздегі медициналық техника өндірісін локализациялау жөніндегі инвестициялық жобасы бойынша алғашқы консультациялар. Дмитрий Войнован, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы бас директорының орынбасары: – Біз бүгін бұл мәселені жалпы талқыладық. Біраздан кейін егжей-тегжейлі талқылау процесін бастаймыз. Өйткені инвестициялар белгілі бір климатты болжайды. Оның ішінде инженерлік, салық мәселелері және кадр саясаты да бар. Кез келген инвестиция екі жақты өзара іс-қимыл мәселесі болып табылады. Сондықтан екі тараптың да мүддесі ескерілетін болады. Сапардың екінші күні қазақстандық делегация мүшелері Нидерланд денсаулық сақтау министрлігінің, кәсіпорындарды дамыту агенттігінің және голландиялық жеке компаниялардың өкілдерімен кездесті. Келіссөздер нәтижесінде тараптар Қазақстанда бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыру және кадрларды оқыту бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.


ПІКІР ЖАЗУ