ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ВЛАДИМИР ПУТИНМЕН КЕЗДЕСТІ

0
78

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласына жұмыс сапары аясында Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл қос президенттің жаңа жылдағы алғашқы басқосуы. Қазақ басшысы «Болашақтың ойындары» турниріне мықты команда әкелгенін айтып, келесі сайысты біздің елде өткізуді ұсынды. Жүздесуде өңірлік һәм жаһандық мәселелер де талқыланды. Таяуда Ресейде өтуге тиіс Президент сайлауы да әңгімеге арқау болды. Қазан қаласы Қасым-Жомарт Тоқаевты жылы қарсы алды. Алдымен Президентке әуежайда ұлттық тағамдар ұсынылды. Кейін Қазан-Экспо көрме орталығында қазақ күйі шырқалды. Көрме орталығына Президент «Болашақтың ойындары» мультиспортты халықаралық турнирінің ашылу салтанатына қатысу үшін келген. Алайда сапарды әдеттегідей маңызды кездесулерден бастады. Соның бірі Ресей басшысы Владимир Путинмен болған басқосу. Жылдың алғашқы кездесуінде қазақ басшысы әріптесіне кибербәсекеге шақырғаны үшін алғыс айтып, бұл бірегей сипаттағы шара екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Шын мәнінде «Болашақтың ойындары» – IT интеллект пен спорт ұштасқан бірегей формат. Біз мұнда мықты команда әкелдік. Жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз. Жалпы Қазақстанда IT секторы дамып келеді. Біздің өз ойындарымыз бар. Халықаралық деңгейде жарыстар өткіземіз. Ресей Федерациясы дер кезінде қолға алған осы бастаманы жалғастыру үшін келесі «Болашақтың ойындарын» біздің елімізде ұйымдастыруды ұсынамын. Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев екі жақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына да тоқталды. Ресейде 17 наурызда Президент сайлау өтеді. Көршілердің саяси науқанын Қазақстан да күтіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Түпкілікті нәтиженің ойдағыдай боларына күмәніміз жоқ. Өйткені Ресей Сіздің беделді басшылығыңызбен таңқаларлық табысқа қол жеткізіп келеді. Шын мәнінде Сіз өз мәлімдемелеріңізбен, іс-әрекетіңізбен жаһандық күн тәртібін қалыптастырасыз. Бұл біздің ынтымақтастығымызға және Сіздің былтыр қараша айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Менің ойымша, қос тарап, екі елдің үкіметтері аталған уағдаластықтарды табысты жүзеге асырып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Өз кезегінде Владимир Путин сайыстың ашылу рәсіміне қатысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Ресей тарапының Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі күшейтуге бейілді екенін растады. «Спорт саясаттан тыс болып, халықтарды жақындастыруға тиіс» деді Ресей Президенті. Екі елдің байланысына да тоқталды. Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті: – Ал екі жақты қатынастарға келер болсақ, байланыстарымыз аса маңызды барлық сала бойынша нәтижелі дамып келеді. Былтыр біздің делегацияның Қазақстанға сапары сәтті болды. Біз алдағы даму бағыттарын айқындадық. Әріптестерім маған қазіргі уақытта энергетика, инвестиция және өңірлердегі жұмыстардың қалай жүріп жатқанын баяндайды. Мұның бәрінде жалпы екі ел, жекелеген аймақтар және тұтас салалар үшін өзара мүдде көзделеді. Қ. Тоқаев «Татнефть» басшысын қабылдады Екі ел басшылары өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Бұл Президент сапарындағы жалғыз кездесу емес. Бұған дейін мемлекет басшысы «Татнефть» бас директоры Наиль Магановты қабылдады. Бұл компания Атырау облысында бутадиен және одан өнім өндіруге бағытталған стратегиялық инвестициялық жобаны қолға алды. Бұдан бөлек қатты пайдалы қазбалар кенін бірлесе игеру ісіне атсалысуда. Қазақстандық тараппен де байланысы қарқынды. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен көмірсутегі қорларын барлау және өндіру жобалары аясында ынтымақтастығы бар. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның елдегі бастамаларын жоғары бағалады.


ПІКІР ЖАЗУ