ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ БҚО-ДАҒЫ КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Батыс Қазақстан облысында калий тыңайтқышын өндіретін қуаттылығы 6 млн тонналық кешен салынады. Елімізде алғаш пайда болатын жобамен Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірге сапары барысында танысты. Премьер-Министр, сондай-ақ, коммуналдық-энергетикалық секторындағы бірқатар нысандарды аралап, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Үкімет басшысы әуелі өңірдегі коммуналдық мекемелердің жұмысымен танысты. Облыста су және жылумен қамтамасыз ету желілерінің тозуы 61 пайызға жеткен. Олжас Бектенов су тазарту жүйелерін жаңарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын жыл соңына шейін аяқтауды тапсырды. Өңірдегі жылу электр орталығының да жағдайы мәз емес. Жарты ғасыр бұрын қолданысқа берілген орталық жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Кәсіпорынды жаңғырту үшін екі жоба қолға алынған. Қазіргі кезде үш жылу қондырғысы мен турбинада жөндеу жұмыстары аяқталып, 16 шақырым жылу желілері жаңартылған. Бақытжан Әкімғожин, «Жайықтеплоэнерго» АҚ бас директоры: – ЖЭО жалпы қуаты 44 мвт. 2023 жылы біз 5,6 км жылу желілерін ауыстырдық, биыл турбоқұрылғыны іске қосатын боламыз. Келесі жылу беру маусымын жаңа турбинамен бастаймыз деген жоспарымыз бар. Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі: – Жалпы республика бойынша тозу деңгейі 66 процент. Сіздерде 86 пайызға жетті. Күрделі мәселе. Жобалық сметалық құжаттама дайын болған соң бізге өтінім жіберіңіздер. Қарастырамыз. Шешуге тырысамыз. Үкімет басшысы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. Арнайы техникалар зауытында өрт сөндіру және коммуналдық салаға қажет көлік түрлері шығарылады. Былтыр мұнда 120 дана техника құрастырылып, қолданысқа берілген. Компания акционерлері өздері шығарып отырған отандық өнімге мемлекеттен қолдау көрсетілуін сұрады. Премьер-Министр мемлекеттік сатып алуларда жергілікті компанияларға басымдық беріліп, қолдау болатындығын айтты. Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі: – Елімізде отандық автоөндіріс дамып келеді. Көлікке арналған құрал-саймандар, басқа да бөлшектерді жасау ісін жолға қою керек. Мемлекет бұл салаға қолдау көрсетеді. Біз тапсырыс көлемін ұлғайтамыз. Сонда кәсіпорында айналымдағы қаражат болады. Ал сіздер өз тараптарыңыздан оны кәсіпорнды дамыту үшін инвестициялауңыз керек. Олжас Бектенов бұдан кейін биг-бэг өндіретін жаңа зауытта болды. Кәсіпорын полипропиленді талшықтардан берік қаптар шығарады. Жаңа зауытта 100 жұмыс орны ашылып отыр. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында минералды тыңайтқыш өндіретін кешен салынады. Қуаттылығы 6 млн тонна. Бүгінде мұндай тыңайтқыштарға орташа қажеттілік жылына 18 мың тоннаны құрайды. Зауытты 2035 жылға дейін кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланып отыр. Жоба аясында 4 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі: – Бұл ірі кен орны. Мемлекет сіздерге лицензия берді. Енді сіздер өз міндеттемелеріңізді орындауға тиіссіздер. Яғни, инвестицияларды уақыты бөліп, өндірісті іске қосу керек. Мемлекет өз тарапынан барлық қолдау шараларын көрсетеді. Олжас Бектенов ішкі нарықты отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырды. Үкімет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстармен танысып, жылына 6 мың тоннадан астам қияр мен қызанақ өсіретін жылыжай кешенін аралап көрді. Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі: – Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуды қолдайды. Биыл АӨК қолдау шаралары аясында 430 млрд теңге қарастырылды. Алайда, Президенттің тапсырмасы бойынша біз бұл соманы екі есеге арттырамыз. Сондықтан бізде ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту перспективасы жоғары, енді белсенді жұмыс істеу қажет. Мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетіледі. Аймақта алдағы уақытта бірқатар инвестициялық жобалар іске аспақ. Үкімет басшысы жауапты органдарға Президент тапсырмаларының жүйелі жүзеге асыруын тапсырды.