Агроөнеркәсіп проблемасы, білікті кадрлар жетіспеушілігі, Баянауылдағы туризмді дамыту
– Жыл қорытындысы бойынша аймақ экономикасы оң динамикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Павлодар облысы өңдеу секторының көлемі бойынша еліміздегі үздік төрттікке енді, жалпы құны 3,1 трлн теңгенің тауары өндірілді. Бұған қоса облыс көлік саласында бірнеше жыл қатарынан көшбасшы атанып келеді. Былтыр экономикамызға 965 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 26%-ға артық.
Нақтырақ айтқанда, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықтың сапалы өмір сүру деңгейін қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев фермерлердің әлеуетін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беріп отыр. Сондықтан Павлодар облысы да бұл бағыттан жаңылмауы керек деп есептеймін.
Өңір экономикасының шамамен 6 пайызы агроөнеркәсіптік кешенге тиесілі. Агроөнеркәсіпті қолдауға 95 млрд теңге бағытталса, соның ішінде 40 млрд теңгесі субсидиялауға, өзгесі облыстың 1,5 мың фермеріне жеңілдікті кредит беруге бөлінді. Былтырдың өзінде бұл салада 25-тен аса жоба іске асырылып, бір мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туды. Нәтижесінде өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялар көлемін 153 млрд теңгеге дейін ұлғайта алдық.
Бірақ бұл облыс экономикасындағы ауыр өнеркәсіп пен индустрияландыру қарқыны бәсеңдейді деген сөз емес. Жалпы сомасы 2,1 трлн теңгеге 127 ірі өңірлік жобалар пулы қалыптастырылып отыр. Бұл жобалар жаңадан 10 мыңнан астам жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы су ресурстарын ұқыптап пайдалану мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Суармалы жерлер желісін кеңейту мәселесі өңіріміз үшін өте маңызды әрі өзекті. Климаттық жағдайларды ескере отырып, біздің міндетіміз – ауыл шаруашылығы саласының табиғи құбылыстарға тәуелді болуын төмендету. Бұл мақсатта суармалы алқаптарды ұлғайту бойынша жұмыстарды жүргізіп отырмыз.
Су ресурстары министрлігімен бірлесіп, Павлодар облысының суару жүйелерін қалпына келтіру жөніндегі 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарды кезең-кезеңімен әзірледік. 6 жыл ішінде облыстағы барлық лиманды суару жүйелерін қайта жаңартуды жоспарлап отырмыз. Биыл Баянауыл ауданында аумағы 6,7 мың гектар лиманды суару жүйесін қайта жаңартуды бастаймыз. Бұл жобаны іске асырсақ, қар шамадан көп түскен жылдарда жазғытұрым тасқын судың алдын алар едік. Демек, аудандағы 8 ауылдық елді мекенді су басу қаупін жоюға мүмкіндік береді. Есесіне еріген қар суын шабындықтарды суландыруға бағыттап, мал азығы өнімділігін 4-5 есеге дейін арттыра аламыз.
Облыста азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағытында қандай шаруалар атқарылып жатыр?
– Ауылдың ырзық-берекесі қалалы жерлердің тұрғындары үшін қолжетімді бағамен сатылады. «Егістіктен – сөреге дейін» қағидасын кеңірек таратып жатырмыз. Мысал үшін, былтыр аудан-қалаларда 600-ден аса ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда 3,4 млрд теңге сомасына азық өнімдері сатылған. Павлодар қаласында «Jailau» фермерлік базары жұмыс істейді. Онда сатылатын азық-түлік тауарлары тікелей жергілікті өндірушілерден жеткізілетіндіктен, нарықтағы бағадан 15-20%-ға арзан. Биыл Екібастұз бен Ақсу қалаларында да осындай базарлардың құрылысын бастау жоспарда тұр.
Өңірлік Тұрақтандыру қорына жалпы құны 2,7 млрд теңге болатын 14,6 мың тонна өнім сатып алынды. Облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 499,6 мың тонна болатын 150 көкөніс сақтау қоймасы бар. Биыл сыйымдылығы 8 мың тонна көкөніс қоймасын салу көзделген. Сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін 8 тауарлы сүт фермасын салуға 10 млрд теңге бөлінді. Бұл сүт өндіру көлемін 39,9 мың тоннаға және мал басын 6,4 мыңға арттыруға мүмкіндік береді.