Батыс Қазақстанда алаяқтық деректері неліктен азаймай отыр?

0
47

Елімізде алаяқтық деректерінің көбейіп кеткені жасырын емес. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысында да сол жағдай. Сиреудің орнына жиілеп бара жатқан алаяқтықтың алдын қалай алуға болады? Онымен күресте қандай тәсілдер қолданылады?
полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Артур Мұсағалиевпен

Артур Ғайсаұлы, алаяқтыққа байланысты облыстағы ахуал қандай, алдымен осыған тоқталсаңыз?

– Қазіргі таңда интернеттегі алаяқтардың облыс тұрғындарына шабуылы тіптен күшейіп кетті. Бұған нақты деректерді сөйлетсек те, көз жетеді. Жыл басынан бері 76 дерек тіркелді. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы залал көлемі 245 млн теңгеден асты. Алаяқтар жәбірленушілерді 93 мыңнан бастап 104 млн теңгеге дейін шығынға қалдырған.

Баса айтатын жайт, интернеттегі алаяқтар адамдардың психологиясына әсер етіп, ес жидырмауға тырысады. Бұл орайда олардың құрығына жасы 60-тан асқан, тез сенгіш болып келетін қариялар көбірек ілігеді. Биылдың өзінде 21 адам сондай алаяқтықтың құрбаны болған. Ал 50-60 жастағылар арасында 28, 30-50 жастағылардан 27 алдану дерегі тіркелген.

Егер әлеуметтік топтар бойынша алып қарайтын болсақ, жәбірленушілердің көп бөлігі – жеке кәсіпорын жұмысшылары (38), одан кейін зейнеткерлер (15), мемлекеттік қызметшілер (12) үшінші орында. Сондай-ақ жұмыссыздардың (10) банк есепшоттарындағы жинақ қаражаттары қолды болып жатыр.

Өңірде тіркелген 76 қылмыстың 51-і әйелдерге қатысты жасалған.

– Соңғы кезде алаяқтық қандай әдіс-тәсілдермен жасалады?

– Алаяқтық жасаудың үш негізгі әдісі бар. Алаяқтар негізінен ұялы байланыс компанияларының шетелдік (28 жағдайда) немесе қазақстандық (41) нөмірлерінен телефон соғады. Оларды табу, өкінішке қарай, мүмкін болмай отыр.

Ең көп таралған және залалы да көп әдіс – алаяқтардың өздерін банк қызметкері немесе банктің қауіпсіздік қызметінен деп таныстыруы. Олар біздің тұрғындарды сақтандырып отырғанымызды біледі, сондықтан қазір алдау тәсілдерін жетілдіре түскен. Алдымен ұялы байланыс операторлары ретінде қоңырау соғып, абоненттік нөмірінің мерзімін ұзарту үшін 4 таңбалы санын айтуды сұрайды. Содан кейін өздерінің схемасы бойынша банктің маманы болып қайта телефон соғып, оны алаяқтар алдағанын және оның атына несие рәсімделгелі жатқанын айтып қорқытады. Сосын бұл әрекетті тоқтату мақсатында жәбірленушінің өзіне несие рәсімдеуді ұсынады. Жәбірленушілердің көбі мұнымен келісіп, түрлі банктерден рәсімдеген несиелерін дропперлердің есепшоттарына аударады немесе қолма-қол беріп жібереді. Ақшалай қаражат бір сағат ішінде елден тыс жерге криптовалютаға аудару жолымен кетеді.

Мысалы, Ақсай қаласында тұратын ер адамға хабарласқандар оның жинақ ақшасынан айрылып қалатынын айтып қорқытқан. Бұдан кейін жәбірленуші банктен қаржысын алып, оған үйіндегі қолма-қол ақшасын қосып, алаяқтардың жүздерін көрмесе де, өз еркімен 104 млн теңгесін аударып жіберген. Бір апта ішінде ол полицияға бармаған және туыстарына да хабар бермеген.

Сонымен қатар ақшаны айналдыру, инвестиция жасау және әлеуметтік желілерде онлайн сату-сатып алу әдісімен жасалған алаяқтық деректері де бар.

– Сөзіңіз аузыңызда, әлеуметтік желі демекші, Whatsapp арқылы да әрекет ететіндер бар ғой?

– Иә, солай. Таныс біреудің телефоны арқылы оның өзі немесе туысы бір байқауға қатысып жатқаны, соған дауыс беру керектігі жөнінде хабарлама түседі. Оны ашқаннан кейін 8 таңбалы санды кодты салуды сұрайды. Кодты салғаннан кейін құрылғыны байланыстыру деген түседі. Егер соған қосылсаңыз, Whatsapp-тағы барлық нөмірлер алаяқтың басқаруына көшеді. Өз нөміріңіз 24 сағатқа бұғатталып қалады. Бұдан кейін алаяқ сіздің нөміріңізге тіркелгендерге хабарласып, ақша сұрайды, басқалай әрекет жасайды. Бұл жерде қаржы көлемі аз болғанымен, жәбірленушілер көп болуы мүмкін.

– Атына несие рәсімделіп, шығынға қалған адамдарға қатысты қандай жұмыстар атқарылады?

– Ең алдымен, оларға жәбірленуші ретінде танылғаны жөнінде қаулы беріледі. Соған сәйкес банктер қылмыстық іс тергеліп жатқан уақытта несие төлеуді тоқтатады. Содан соң ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 200-бабы негізінде біз ұйғарым береміз. Соның негізінде тағы алты айға тоқтатылады.

Осы арада атап өтетін жайт, біз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бөліністерімен қоян-қолтық жұмыс жасаймыз. Бұл мекеме жәбірленушілердің арызына сәйкес банктердің қызмет барысын тексеруге құқылы. Банк несиені онлайн немесе офлайн түрде берді ме, несие алушының қайтаратындай мүмкіндігі есептелді ме, әлде банк артық қаржы рәсімдеді ме, соның бәрі қаралады.

Шынына келгенде, жәбірленушілердің дені несие төлеуге мүмкіншіліктері жоқтар ғой. Мысалы, екінші деңгейдегі банктердің бірі 74, қалғандары 70 жасқа дейінгі адамдарға несие береді. Мардымсыз зейнетақысы бар зейнеткерлер 7 млн теңге несие алса, ай сайын 560 мың теңге төлеуі керек. Бұған қайдан шамасы келеді?

Банктер коммерциялық ұйым болғандықтан, олардың өз пайдасына жұмыс істейтіні анық. Бірақ несие беру кезінде банк тарапынан құқықбұзушылыққа жол берілсе, онда келтірілген шығын өз есептерінен жабылады.

Біздің ойымызша, интернет-алаяқтықтың өршуіне банктердің адамдардың төлем мүмкіндігін есептеместен, ірі көлемде несие рәсімдеуі де септесіп отыр.

– Ендеше, бұдан сақтанудың жолы бар ма, соны айтыңызшы?

– Қауіпсіздіктің басты әдістерінің бірі – e-Gov сайты арқылы несие рәсімдеуден бас тарту. Осы орайда полиция қызметкерлері аяқтай жүріп, жыл басынан бері 3 315 адамның есепшотын бұғаттауына жәрдемдесті. Мұның ешқандай қиындығы жоқ. Бастапқыда есепшотты қайта ашқан кезде ақша төлейсіз деген жалған ақпарат тарады, бұл негізсіз.

Ал бұғаттаудың пайдасы бар ма? Бар. Бұған нақты мысал келтірейін. Бәйтерек ауданының тұрғынына алаяқтар қоңырау соғып, 4 банк арқылы 2 млн теңге несие рәсімдеуге тырысқан. Алайда олардың арам ойы іске аспады, өйткені тәртіп сақшылары профилактикалық жұмыстар жүргізу барысында оның барлық есепшоттары e-Gov сайты арқылы бұғатталған болатын.

Тұрғындарға айтарымыз, егер банктердің атын жамылып, телефон соқса және қандай да болсын ақпарат сұраса, онда бұлар – алаяқтар, сондықтан тез арада сөйлесуді доғарып, нөміріңізді бұғаттаңыз.

Ең бастысы, алаяқтар сол адамның қатысынсыз несие рәсімдей алмайды. Жәбірленушілердің жауаптарын талдай келе, мынаған көз жеткіздік. 76 деректің 31-і бойынша алданғандар алаяқтардың әдістері туралы білген, соған қарамастан, қорыққанынан құрықтарына түскен.

Тағы бір мысал, Орал қаласының тұрғыны 4 таңбалы кодты байқамай айтып қойған. Дегенмен дереу ес жиып, полицияға хабарлаған. Жедел әрекет арқасында есепшоты бұғатталып, бірнеше банктен 8 млн теңге көлемінде несие рәсімделуі тоқтатылған. Мұндай деректер аз емес.

Жалпы, полиция қызметкерлері алдын алу, түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Айталық, ақпан айының өзінде «AntiFraud» және «Стоп – интернет алаяқ» жедел алдын алу іс-шаралары өткізіліп, оған департаменттің барлық жеке құрамы тартылды.


ПІКІР ЖАЗУ