Рекордтық өсім: Неліктен ұялы байланыс операторларының «тәбеті» ашылып кетті?
Ел тұрғындары ұялы байланыс тарифтерінің қымбаттап кеткеніне қапалы. Әлеуметтік желіде «Тарифім қымбаттап кетіпті, бұрынғы төлеп жүргенім тиімді еді.
Бұлар неге ескертпестен қымбаттата береді?» деген наразылық сарындағы жазбалардан көз сүрінеді. Желі қолданушыларының мұндай шағымдарынан қазақстандық ұялы байланыс операторларының араны ашылып кеткенін байқау қиын емес. Тіпті «тәбеті» қашан басыларын болжау қиын,-деп хабарлайды “Politico.kz” Skifnews.kz сайтына сілтеп.
Алдымен цифрларды сайратсақ, соңғы рет ұялы байланыс бағасының өсуі 2023 жылдың шілде және тамыз айларында байқалған. Сол кезде баға бір айда 2,8%-ға өскен. Байланыс қызметі құнының соңғы төмендеуі 2018 жылдың ақпанында тіркелген. Ал биыл былтырмен салыстырғанда ақпанда ұялы байланыстың бағасы 12,4%-ға өсті. Бұл талданып отырған кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш. Демек, Қазақстанда ұялы байланыс қызметі бағасының өсуі рекордтық көрсеткішке жетті деген сөз.
Бұл ретте «Елдегі ұялы байланыс операторлары бағаны неліктен төмендетпей отыр?» деген ақылға қонымды сұрақ туындайды.
Былтыр абоненттердің бағаның өсуіне қатысты көптеген шағымынан кейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстандағы ұялы байланыс операторларына қатысты тексеруді бастаған еді. Тексеру барысында ұялы байланыс қызметтеріне тарифтік жоспарлар мен бағалардың өзгеру динамикасы талданды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2023 жылдың желтоқсанында қазақстандық ұялы байланыс операторларына «бағаларды негізді төмендету» туралы ұсыныс жасап, оларды «бәсекелестік келісілген әрекеттерді тоқтатуға» шақырған. Бірақ тарифтің арзандағанын тұтынушылар түсінде де көрмеген секілді.
Жалпы, ұялы байланыс операторлары тарифтерді төмендетуді жоспарлап отыр ма? Олар тарифті неліктен қымбаттатып жіберді?
Tele2/Altel – тарифтерді объективті факторларға байланысты көтергенін түсіндерді. Компания өкілдері 5G коммуникациясының жаңа буынына көшу қомақты инвестицияны қажет ететінін алға тартты.
Ал қазір бағаны төмендетуге алғышарттар жоқ. Ұялы байланыс операторлары қазіргі позицияларын және одан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін қомақты инвестиция салуда. Бұл географиялық қамтуды салуға да, кеңейтуге де, ең алдымен, коммуникацияның жаңа буыны – 5G-ге көшуге де қатысты. 5G желілерін салудың жеделдетілген қарқыны үшін инвестиция керек. Шығындарға 5G аукционына төлем және салынған айыппұлдар кіреді. Оған қоса, іске қосылған әрбір базалық станцияның жұмысын қамтамасыз ету шығындары жыл сайын өсіп келеді, – деді компания өкілдері.
KCELL – «Қазақстандағы ұялы байланыс саласы «рентабельділігі төмен». Сондықтан тарифтерді төмендетуге мүмкіндік жоқ. Соңғы 3 жылда Қазақстанда тұтыну тасымалы айтарлықтай өсті және бұл қомақты инвестицияны қажет етеді. Елде 3 жыл ішінде айырбас бағамының тұрақсыздығы, шетел валюталарының теңгеге шаққандағы жинақталған өсуі – осы факторлардың барлығы инфляцияның өсуіне әкелді. Абоненттерге қызмет көрсету және байланыс қызметтерінің сапасын қолдау және жақсарту үшін қажетті телекоммуникациялық жабдық пен бағдарламалық қамтамасыз ету құны да компанияның шығындарына әсер етті» деп отыр.
Beeline – компания өкілдері тарифтердің көтерілуіне әсер еткен себептерді атады. Бағаның өсуіне әкелген себептердің қатарында: электр энергиясы құнының өзгеруі, инфляция, интернетті тұтынудың өсуі бар. Сондай-ақ ұялы байланыс желісінің кеңеюіне байланысты компанияның шығындары көбейген.
Ұялы байланыс желісін дамыту мен кеңейтуге үздіксіз инвестиция құюда. Тек соңғы үш жылда компанияның күрделі шығындары 220 млрд теңгені құрады. 2023 жылы 2021 жылмен салыстырғанда шығындар 37 пайызға өсті,