Азық-түлік корпорациясы мұқтаж фермерлерге 200 мың тонна тұқым таратуға міндеттелді

0
77

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Азық-түлік корпорациясын өз қорынан 200 мың тонна тұқымды мұқтаж фермерлерге тауарлық кредит ретінде таратуға міндеттеді.

«Сапалы тұқым қоры мен тұқым импортына тәуелділік бойынша да проблемалар жеткілікті. Әсіресе, бұл ұсақ және орта шаруашылықтар үшін өзекті болып отыр. Фермерлер жақсы тұқымға қол жеткізу мүмкін еместігін айтып, шағымданады.

Азық-түлік корпорациясы жинақталған қордан кемінде 200 мың тонна тұқымды мұқтаж фермерлерге тауарлық кредит түрінде бөлуі керек», – деді ол.

Премьер-министр елдегі климатқа төзімді, шығарылатын отандық тұқым қорының көлемін ұлғайту қажеттігін еске салды.

«Агротехнологиялық талаптардың сақталмауы да өнімнің көлемі мен сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Ең алдымен, бұл – минералды тыңайтқыштардың, пестицидтер мен өсімдіктерді қорғайтын басқа да құралдардың қажетті мөлшерін қолдануға қатысты мәселе.

Бізде өткен жылы тыңайтқыштарды қолдану деңгейі ғылыми қажеттіліктің небәрі 21%-ын ғана құрады», – деді Олжас Бектенов.

Айтуынша, Қаржы, Экономика, Өнеркәсіп, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктер фермерлерді тыңайтқыштармен қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселесін шешуі қажет.

«Бұл топырақтың тозуынан, алқаптардағы арамшөптерден болатын шығындарды да айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді», – деді Үкімет басшысы.


ПІКІР ЖАЗУ