Қазақстан мұнай саласында нақты кедергіге тап болды

0
68

Өнім бөлісу келісімі» аясында соның бәрін Қазақстанға өз мұнайымен өтеуге тура келеді.

Бұрынғы билік тұсында Қазақстанның №1 шетелдік инвесторы деп дәріптелген «ТШО-ға» қатысты мемлекеттің көңілтолмастығы күшейе бастады.

Біріншіден, Экология және табиғи ресуртар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, компания экологиялық талаптарды бұзып отыр.

Мысалы, 2023 жылдың қорытындысында, алдыңғы 2022 жылмен салыстырғанда ауаға зиянды шығарындылардың 3,3%-ға және далаға төгінділердің 8%-ға төмендеуіне қол жеткізілді. Залалды шығарындылар лимитінің ең үлкен төмендеуі бойынша «Қашаған» кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company N.V көшбасшы атанды: жылына 12,4 мың тоннаға, 34%-ға азайтқан. Тіпті ArcelorMittal Temirtau-дың өзі – жылына 40 мың тоннаға немесе 16%-ға кеміткен.

Экологиялық заңнаманы сақтамау бойынша «ТШО» керісінше, антилидер атанды. Сондықтан Экология министрі Ерлан Нысанбаев ластаушы заттарды қоршаған ортаға рұқсатсыз тастағаны үшін ең үлкен айыппұл «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-іне (7,2 млрд теңге) және «Теңізшевройл» ЖШС-іне (2,8 млрд теңге) салынғанын айтты. Айыппұл өндіріліпті.

Екіншіден, ТШО ондаған мың жұмысшысын жыл сайын жұмыстан шығаруда. Мысалы, Теңіз кен орнын «Келешек кеңейту жобасындағы» (ККЖ) құрылыс-монтаждау жұмыстарының үлкен бөлігі аяқталды деген себеппен, былтыр 39 мыңнан астам жұмысшыны жұмысынан шығарып тастады.

Олардың бәріне жұмыс тауып беру – биліктің «бас ауруына» айналды. Таяуда, 2024 жылғы 14 наурызда Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Атырау облысына жұмыс сапарымен баруға мәжбүр болды. Сонда Үкімет басшысының орынбасарына «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Кевин Лайонмен дауысын қатайтып сөйлесуге тура келіпті. Дүйсенова ханым ТШО басшылығы өндіріс орындарында қалған қазақстандық жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға және еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға тиістігін нықтады. Орындай қояр ма екен?

Оның үстіне жұмыссыз қалғандарды ТШО кері алуға құлықты емес. Үкімет өз ақпаратында «өңірде Теңіздегі «Келешек кеңею жобасының» аяқталуына байланысты қызметкерлердің жұмыстан босатылуы» енді жергілікті биліктің проблемасы екенін ашық жазады. Облыс әкімдігі берген дерекке сай, былтыр жұмыстан босатылғандардың 96%-ына түрлі әлеуметтік көмек беріліпті. Бірақ көмек тұрақты жалақыны ауыстыра алмайды.

Атырау облыстық әкімдігі ТШО «тәрк еткен» еңбеккерлердің тек жартысынан астамын жұмыспен қамти алғандарын мойындады. Оның ішінде уақытша жұмысқа тұрғандар да жетерлік. Өзгелеріне мемлекет, амалсыз, әлеуметтік төлемдер тағайындаған. Тағы бір бөлігі басқа мамандықтарды жаңадан игеруі үшін оқу курстарынан өтті.

Дегенмен, Үкіметті көбірек түңілтіп отырғаны – «Теңіз» кен орнын «Келешек кеңейту жобасының» (ККЖ) шектен тыс қымбаттап кеткені болды. Онсыз да «удай» жобаның міне, 1,5 миллиард долларға тағы қымбаттағаны жария болды. Бұл туралы Bloomberg мәлім етті.

«Қазақстандық Теңіз «супергигант» кен орнын игеру жобасының операторы – америкалық Chevron жобаны кеңейту үшін қажетті салымдар көлемін қайтадан ұлғайтты. Әлемдік алпауыт мұнай кен орнындағы өндірісті кеңейту құны тағы 1,5 млрд долларға өсіп отыр. Бұдан бұрын, былтырғы 2023 жылғы қазанда жоба операторы «Теңіздің» құнын 4%-ға арттыратынын жариялаған болатын. Салдарынан, өндірісті кеңейту шығындары сонда 47 миллиард долларға жуықтады. Бұған өндірісті іске қосудың күтілгеннен анағұрлым баяу жүруі ықпал етті. Енді бұл сан шамамен 48,5 миллиард долларды құрайды», – деп хабарлады Bloomberg агенттігі.

Салыстырсақ, бастапқыда ТШО Үкіметті «Келешек кеңейту жобасы» әрі кетсе, 12 млрд долларға түседі деп сендірген еді.

«Теңіз» кен орнында қара алтын мен көгілдір отын өндірілетін аумақты арттыру және тереңдету жобасы билікті әбден ығыр етті. Мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілумен келеді. Әу баста жоба 2022 жылы түпкілікті қолданысқа берілетіні мәлімделді. Артынша, мерзімі 2024 жылға сырғыды.

Биылғы жылдың басында іске қосу қайтадан кейінге қалдырылды. Оператор 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ел игілігіне тапсыруға сөз берді. Ол уәдесінде тұра ма, онысы белгісіз.

«Теңіз» кен орнының қоры кем дегенде 3,2 миллиард тонна мұнайды құрайды. Ондағы өндірісті кеңейтпей, ел Үкіметі қара алтын өндірісі бойынша жоспарлы межелеріне жете алмайды. Жетпесе, ел бюджетінің триллиондап артқан тапшылығын «жаба» алмайды.

Мысалы, Үкімет қаулысымен бекітілген «Аса ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес, 2027 жылға қарай Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында мұнай өндіру деңгейін 105,5 миллион тоннаға дейін, газ өндірісін 82,1 миллиард текше метрге дейін арттыру міндеті бекітілді.

Кен орнын игеріп жатқан «Теңізшевройл» компаниясының 50% акциясына америкалық Chevron жалғыз өзі ие. Қалған акцияларға ресейлік «ЛУКОЙЛ», америкалық ExxonMobil және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бөліскен. Яғни, америкалық қос компания «Теңіз» кен орнының 75%-ын еншіледі. ҚМГ оның қаржылық шешімдеріне салмақты ықпал ете алмайды.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов «келешек кеңейту жобасы» афера-алдау емес пе?» деп сұрақты төтесінен қоятын кез жеткенін айтты.

Сарапшы елге жылына 12-13 миллион тонна қосымша мұнай әкелуге тиіс ККЖ үшін бастапқыда 12 миллиард доллар инвестиция салу қажет болатыны айтылғанын қаперге салды. Содан соң бюджеті 25 миллиард долларға дейін шығандап шыға келді. Қымбатшылықты ақтау үшін оған «Теңіз» кен орнында сағалық қысымды басқару (Сағалық қысымды басқару бағдарламасы немесе СҚББ, орысша ПУУД) да кіретіні мәлімделді.

Бертінде, жобаны жүзеге асыру ортасына таяғанда 37 миллиард доллардан арзанға жасау мүмкін еместігі жария етілді. Бүгінде шығындарын 48,5 миллиард долларға бағалап отыр.

Сонымен бірге аяқтау мерзімі де ары ысырылды. Үкімет бұған бас иген сыңайлы. 2024 жылғы 15 ақпанда «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездескен еліміздің жаңа Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Теңіз кен орнында сағалық қысымды басқару және келешек кеңейту жобаларының сәйкесінше – 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында және 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталуын қамтамасыз етуді» өтінді.

Олжас Байділдинов 2025 жылы ККЖ шығынының көлемі 50 миллиард доллардан да асып кететінін болжады. Ол осы шығыстың бәрін Қазақстан өтеуге тиістігіне назар аудартты.

«Өнім бөлісу келісімінің басты мәні де сонда: инвесторлар мұнай сатудан түскен табыспен алдымен өздері салған инвестицияларын өтейді. Инвесторлар төл инвестицияларының шамамен 50–70%-дайын қайтара алғаннан кейін ғана мемлекет қомақты табыс таба бастайды. Бұл ретте Келешек кеңейту жобасы (FGP, Future Growth Project) – «Теңіз» деген алып жобаның қорытынды бөлімі. ККЖ-ның мақсаты – мұнай өндірісін жылына 12-13 млн тоннаға қосымша арттыру», – деді

Егер инвесторлар жоба шығынын шексіз өсіре берсе, оның өтеміне кететін мұнай да таусылады, салмақты табыс Қазақстанға сол бойы тимейді. Қазірдің өзінде қордаланған шығыстар – Үкімет үшін «көтере алмас шоқпарға» айналды.

Олжас Байділдинов есеп-қисабын келтірді. 2023 жылы «Теңіз» кен орнынан 29 миллион тонна қара алтын өндірілді. Біріншіден, ККЖ іске қосылса, америкалық-орыс-қазақ консорциумы 10 жылда жалпы көлемі 120 миллион тонна немесе 876 млн баррель мұнайды қосымша шығарады.

Екіншіден, әлемдегі көміртек бейтараптылығы саясатын, мұнай бағасының төмендеуі мүмкін екенін, тасымалдау-фрахт және басқа шығыстарын ескергенде, бұл қара алтынның бір баррелін 60 доллардан сата алуы ықтимал. Мұның өзін оптимистік сценарий деп санауға болады.

Нәтижесінде, қосымша өндірілген 876 миллион баррелді сатудан небары 52,6 млрд доллар ғана таба алады.

«Тоқтаңыз, сонда инвесторлар 10 жылда 53 миллиард доллар алу үшін Келешек кеңейту жобасына 50 миллиард шығындайды ма? Мен осы туралы көп жылдан бері айтып келе жатырмын ғой. ККЖ бюджеті шектен тыс қампайған. Бұл қаржыға Айда ғарыш станциясын тұрғызуға болады. Біздегісі – небәрі мұнай-газ кен орны ғана, оның үстіне кен орны теңіздің ортасында емес, құрлықта орналасқан. Бұған қоса, дайын инфрақұрылымы да бар: не қажеттінің бәрі игерудің бұрынғы фазаларында салынып қойылды. ТШО-ға шығыстарды тек ұлғайта беру тиімді. 2033 жылдан кейін ұшағына отырып, еліне аттанып кеткен америкалықтардың артында қалған біз «Теңіз» алыбын игеруден республиканың шынында қанша табыс тапқанын біліп, көзімізге жас алатын боламыз», – деді О.Байділдинов.

Олжас Байділдинов Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ бойынша инвесторлардың Қазақстанға ай сайын (!) 500 миллион доллар (немесе 225 миллиард теңгеден астам) қаржыны жете төлемей отырғанын жеткізді. ӨБК-лерде (NCOC, KPO) және тұрақтыландырылған контрактіде (ТШО) мемлекетке төленетін салықтар, төлемдер, басқасы солар бекітілген 90-шы жылдардың басындағы деңгейде бекітілген.

Сондай-ақ ТШО, KPO және NCOC консорциумдары 2024 жылғы қаңтарда мұнайды экспорттық кедендік баж төлеусіз экспорттаған. Яғни, 2010 жылы енгізілген бұл салықты төлеуді де доғарған. 2024 жылғы 1 наурызда экспорттық кедендік баж мұнайдың әр тоннасына 83 долларды құрауға тиіс еді. Ендеше 2024 жылғы наурызда консорциумдер мемлекетке 440 млн доллардай төлем төлемейді.

Үкімет оны төле деп табандай алмайды, өйткені ӨБК бекіту кезінде ондай алым-салық болмаған, келісімге енбеген. Былтыр мұнай құны шамамен 20% жоғары болды, тиісінше, 2023 жылы бюджет ай сайын жарты миллиард доллардай түсімнен қағылып тұрды.

Сол себепті сарапшының байламынша, бұрынғы билік тұсында бекітілген ірі мұнай-газ контрактілерін, әсіресе, Өнім бөлісу келісімдерін (ӨБК) қайта қарау – Қазақстанның қоғамдық күн тәртібінің ең басты мәселесіне айналуға тиіс.


ПІКІР ЖАЗУ