Қазақстан мен Қытай басшылары Қытайдағы Қазақстан туризмі жылына орай құттықтау жолдады

0
74

«Синьхуа» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ашылу салтанатына құттықтау хат жолдады.

Қазақстан Президенті құттықтау хатында көршілес, достас елдер ретінде Қазақстан мен Қытай өзара саяси сенімді тұрақты түрде тереңдетіп, түрлі салалардағы ынтымақтастықта зор жетістіктерге қол жеткізгенін, қазіргі уақытта қос тарап екіжақты қарым-қатынастардың «жаңа алтын отыз жылын» ашу үшін бірлесіп жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ көпжылдық тарихы мен сүйкімді табиғаты, халқының қонақжайлылығы Қазақстанды қытайлық саяхатшылар үшін ең жақсы туристік мекенге айналдыратынын айтты.

Сонымен қатар Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында Қазақстан бірқатар іс-шара өткізетінін, олар қытайлық туристерге Қазақстан туралы көбірек білуге, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік достықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік қарым-қатынасқа жаңа серпін беретіне сенім білдірді.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин құттықтау хатында Қытай мен Қазақстанның тату көрші, берік дос, жақсы әріптес екеніне тоқталды. Екі ел арасында мыңдаған жылға созылған достық тарихы бар екенін, екі ел халықтары әйгілі Жібек жолын бірлесіп қалыптастырғанын баса айтты.

Си Цзиньпин 2013 жылы Қазақстанда алғаш рет «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасын ұсынғанын еске салып, екі елдің «Бір белдеу – бір жол» жоспарының дамуы мен өркендеуіне бірлесе ықпал еткенін атап көрсетті.

Си Цзиньпин Қазақстанның туризм жылы екі халықты бір-біріне жақындастырудың, екі ел арасындағы «жаңа алтын отыз жылды» бастаудың және Қазақстан-Қытай ортақ болашағын бірлесіп құру жолында зор үлес қосудың маңызды мүмкіндігі болады деп күтетінін айтты.

Осыған дейін Қытайдағы Қазақстан туризмі жылына орай эстрада жұлдыздары Бейжіңде өнер көрсеткенін жаздық.

Айта кетсек, жылдың ресми ашылуы халықаралық туризм мен инвестицияларға арналған форумнан басталып, Қазақстанның көрмесі және этно-ауылдағы мәдени іс-шаралармен жалғасты. Қазақстан делегациясы қатарында министрлік, туризм, бизнес, спорт пен өнер саласының өкілдері бар.


ПІКІР ЖАЗУ