Еділ Жаңбыршин: Кейбір делдал компаниялар 1 кВт/сағат жылудан 25 теңге пайда алып отыр

0
80

 

– Еділ мырза, жылу энергетикасы туралы заң кейінгі жылдары тұтас қалалардың жылу жүйесі істен шығып, инфрақұрылым әбден тозып біткен кезде қолға алынып отыр ғой. Жаңа заң осы қордаланған мәселелерді шеше ала ма?

– Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңда «Жылу энергетикасы туралы» жеке салалық заң жоқ. Бұл заңнамадағы олқылықтардың орын алуына және осы салада стратегиялық мақсаттар мен даму жоспарларының жоқтығына, электр энергетикасы саласындағы көптеген мәселелердің қордалануына әкеп соқтырды. Сонымен қатар, саланың инвестициялық тартымдылығының жоқтығы, кәсіпорындардың тиімсіздігі де көзге көрініп тұр.

Заң жобасындағы негізгі жаңа нормалар бірнеше өзекті мәселеге бағытталған. Оның біріншісі – жылу-энергетика саласындағы құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлу. Қазір Энергетика министрлігінің құзыретіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жүзеге асыратын жылу энергиясын тасымалдау функциясы кіреді. Біз әзірлеп жатқан заң жобасы бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жылумен жабдықтау жүйелеріне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа байланысты үй ішіндегі жылуды тұтыну бөлігінде жауап беретін болады.

Екінші бағыт – жылумен жабдықтау бағытындағы бақылау функцияларын қайта қарау. Заң жобасы жылу желілеріндегі бақылау функцияларын (мемлекеттік орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері шегінде) жергілікті атқарушы органдардан атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне беретін нормаларды көздейді. Демек, Астана елдегі жылумен жабықтау кәсіпорындарының қысқа дайындығын қазіргідей жергілікті әкімдіктердің баяндамасы бойынша емес, бір ғана жауапты комитеттің жұмысын қадағалау арқылы қамтамасыз етеді.

Үшінші бағыт – жылу энергетикасын дамытуды жоспарлаудың жаңа құралын енгізу. Қарапайым сөзбен айтсам, кейінгі кезде әр жылдың басында «Биыл мына өңірде бәлен шаршы метр баспана, түген мектеп пен аурухана береміз» деп келетін жоспарлар айтылып жатады. Осындай жоспардың көбінде аталған нысандарға қанша инфрақұрылым керек екені нақты есептелмейді. Соның салдарынан қыста жылудан, жазда ауыз судан тарығу басталады. Осыны тоқтату үшін аумақтарды дамыту, тұрғын үй салу, халық санының өсу динамикасы, өнеркәсіпті дамыту жоспарлары мен бағдарламаларды жылу-энергетиканы үдемелі дамыту жоспарымен байланыстырып іске асыру қажет.

Төртінші бағыт – кешенді әрі тұрақты мониторинг. Бұл құралды енгізу қазіргі жағдайды неғұрлым нақты түсінуге және саланың одан әрі дамуын сапалы болжауға мүмкіндік береді.

Бесінші бағыт – тарифтерді белгілеу принциптерін анықтау. Жылу энергетикасында мемлекет реттейтін тарифтер бар екенін білесіз. Осы тарифтерді мемлекет тарапынан реттеу қағидаттары мен өлшемшарттары белгіленді. Сонымен қатар әлеуметтік ахуалы әлсіз тұтынушыларды бюджеттен тікелей қолдау тетігі қарастырылған.

Алтыншы бағыт – жылу-энергетика саласының құрылымын қайта қарау, яғни жылумен жабдықтау және жылу тұтыну субъектілерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланды.

Жетінші бағыт – төтенше жағдайлар кезінде жылумен жабдықтау жүйелерін басқаратын арнайы кәсіпорын құру. Заң жобасына осындай ұсыныс айтылғанмен, бұл қандай компания болатыны, оны кім басқаратыны және кім жасайтыны әзірге белгісіз. Қазір бұл нормаға депутаттар өз түзетулерін ұсынып, мемлекеттік органдар мен сарапшылармен талқылап жатыр.

– Төтенше жағдайлар кезінде жылумен жабдықтау жүйелерін басқаратын арнайы кәсіпорын деген не жалпы? Ол сонда көшпелі кәсіпорын бола ма? Төтенше жағдай бірнеше өңірде бірдей болса, арнайы кәсіпорын қалай жұмыс істейді?

– Қалай құрылатыны және қалай жұмыс істейтіні нақты анықталмаған. Депутаттарға да түсініксіз. Сондықтан бұл норманы не алып тастау немесе басқа жаңа норма ұсынылады. Қазір Энергетика министрлігімен жұмыс жасалып жатыр.

– Сіздер әзірлеп жатқан заң жобасы ертең тиімді жұмыс істеу үшін қандай заңдар мен нормативтік актілерді өзгерту керек?

Айта кету керек, энергетика саласын мемлекеттік бақылаудың қазіргі қалыптасқан жағдайына Кәсіпкерлік кодекстің қабылдануы себепкер болған. Осыған байланысты құзырлы орган Кәсіпкерлік кодекстен электр станциялары мен «KEGOC» АҚ бақылау тәртібін алып тастауды ұсынды.

Бұл ретте депутаттар Кәсіпкерлік кодекстен алып тасталатын субъектілердің тізімін кеңейтіп, оған жылу көздеріне, электр және жылу желілеріне қызмет көрсететін ұйымдарды қамтуға қатысты түзетулер енгізуге бастамашылық жасап, қабылдады.

– Осы тұсына кеңірек тоқталсаңыз. Жекелеген компаниялар тексеруден босатыла ма, әлде керісінше жаңа заңда тексеруден босатылған кәсіпорындардың тізімі қысқара ма?

– Кәсіпкерлік кодекс бойынша, бұрын энергетикалық компанияларды тексеру үшін прокуратураның келісімі керек болатын. Депутаттар энергетикалық компанияларды профилактикалық және жоспарлы тексеру арнайы кесте бойынша, прокуратура органдарының келісімінсіз жүргізілсін деген ұсыныс қосты. Ал осы тексерулер қорытындысы бойынша адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың мүддесіне қауіп төндіретін жағдай анықталса, онда да прокуратура келісімінсіз жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.


ПІКІР ЖАЗУ