Қазақстанда танымал маркетплейсті «ұрлық жайлауы мүмкін» екені айтылып жатыр

0
68

Ресейлік Ozon өзін «логистикалық желісі дамыған мультикатегориялық маркетплейс» деп дәріптейді. Бүгінде «Ozon» бренді жазылған тапсырыстарды беру пункттері (пункт выдачи заказов) қазақстандық ірі қалалардың әр көшесінде бірнешеуден қаптап ашылуда. Дегенмен, ізінше жабылып қалып жатқандары да жетерлік.

Компанияның мәліметінше, оның қоймаларының жалпы ауданы 2,5 миллион шаршы метрден асқан.

Тапсырыстарды беру пункттері мен постаматтарының жалпы саны 45 мыңнан көп көрінеді. 2020 жылдан бері Ozon-ның логистикалық инфрақұрылымы 8 есе артты. Осының арқасында компания РФ пен ТМД-дағы аса ірі логистикалық желіге ие болды.

«Озон» Ресейде және шетелде жалпы саны 31 жоғары технологиялы фулфилмент-орталыққа ие. 100-ден астам сұрыптау орталығымыз бар. Олардың әрқайсысында қызметкерлердің қауіпсіздігі және жұмыстың тиімділігі – біздің қамқорлығымызда», – деп сендіреді өз сайтында компания.

Алайда көршінің ақпарат құралдары Ozon-ды «ұрлық пен жаман сервис жайлағанын», маркетплейс пен беру пункттерінің иелері арасындағы тайталас өршігенін жаза бастады. Бұл дау-жанжал РФ федералдық антимонополиялық қызметіне шағым түскелі «жаңа белеске» көтерілді.

«Қақтығыстың себебі сол, маркетплейс сервистік алым енгізді. Кәсіпкерлердің айтуынша, алым оларды табысынан айырады және бизнесін дамытуға салым салуға тосқауыл болады. Біз сұрастырған эксперттердің байламынша, жаңа алым кесірінен, тапсырыстарды беру пункттерінің (ТБП) қожайындары өз қызметкерлерінің жалақысын төмендетуге мәжбүр болады. Бұл олардағы ұрлықтың және тауарларды алмастырып қою оқиғаларының әрі қарай ушығуына соқтырады», – деп жазады RTVI.

Биылғы жылы Ozon-ның ТБП-ларға қатысты сервистік алымды енгізгені туралы алғашқы хабарлар 14 наурызда пайда болды.

Маркетплейс алымның сомасы әр ТБП үшін әртүрлі болатынын ескертті: оның көлемі әрбір пункттің айналымына, арендалық шығынына, ТБП орналасқан елді мекендегі, көшедегі халықтың тығыздығына байланысты болатын көрінеді.

Компанияның есептеуінше, жаңа ережелер серіктестердің 1%-ының түсімінің 5%-дан 3%-ға дейін төмендеуіне, тағы 9%-ының түсімінің 3-5% айналасында тұрақтауына әкеледі.

Ozon жаңа алымнан түскен ақшаны тапсырыстарды беру бекеттерінің желісін дамытуға, онлайн «базарында» сауда жасайтын жаңа клиенттерді тартуға, сондай-ақ инфрақұрылымын өрістетуге бағыттауға ниетті.

Ozon-ның тауарларын беретін серіктестері өздерімен келісілмеген бұл өзгерістерге қарсы шықты. Baza порталының мәліметінше, ондаған кәсіпкер ТБП-ларын жабатынын айтып отыр. Ozon бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның өкілдерінің пікірінше, жаңа алым енгізілгеннің өзінде, олардың бизнесі табысты болып қалады.

Бұдан қазақстандық серіктестері – шағын және орта бизнес те зардап шегеді. Бірақ қазақстандық бизнес қоғамдастықтар да, билік органдары да әзірге үнсіз. Түсініктеме бермеді.

Forbes жазуынша, дау «додасына» Ресейдің Электронды коммерция нарығы қатысушыларының қауымдастығы (АУРЭК) ат қосып отыр. Ол сервистік алымның ТБП иелеріне қандай нұқсан-залал келтіретіні туралы мәліметтерді жинауға кіріскенін мәлім етті. Артынша қауымдастық кәсіпкерлердің шығыны 40%-ға жететінін жариялады.

Өткен аптада, 27 наурызда Ozon серіктестерімен және бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесті. Дегенмен, тараптар бір ымыраға келе алмады. Бір анығы, бизнестің шығыны шынымен, орасан болғалы тұр.

«Кездесу барысында біз серіктестерімізге сервистік алымның көлемін солардың пайдасына қарай өзгертетінімізді аңдаттық. Алым мөлшері біршама азаяды. Мысалы, төлеуге тиіс алымының көлемі максималды межеге, 20-дан 40%-ға дейін баратын серіктестеріміздің саны, қайта есептеуден кейін, 2 еседей азаяды. Кәсіпкерлердің 1%-ынан 0,5%-ына дейін кемиді. Серіктестеріміздің 92,5%-ы үшін алым көлемі сыйақысының 4%-ынан аспайды», – деді Ozon өкілдері.

Компания сәуір айы бойы серіктестерінен алым мөлшерін қате есептеуге қатысты шағымдар қабылдайтын болады. Соның негізінде талдап, түзету жүргізбек. Жаңа алым бойынша түзетілген төлемдер мамыр айында түседі.

Бірақ ТБП иелері бұл жеңілдікті азсынып, мардымсыз санап отыр. Ұйымшылдық танытқан ресейлік сектордағы кәсіпкерлер тізе қосып, АУРЭК қауымдастығымен бірге 28 наурызда Ресейдің құзырлы органдарына шағым түсірді.

Олар федералдық антимонополиялық қызметтен контрагенттеріне қолайсыз шарттарды біржақты таңғаны үшін Ozon-ды тексеруді сұрады. Қазақстан жағы тағы үнсіз.

Ресейлік қауымдастықтың пайымдауынша, «серіктестердің 92%-ы ең минималды алымды төлейді» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

«Бүгінде сауда-саттық маусымының көрігі әзір қызған жоқ. Қазақстанда, Ресейде, Беларусьте, басқасында жаңажылдық мереке, наурыздағы мейрамдардан кейін сауда тыншып қалды. Халық сатып алуларға қаражат жинауда. Салдарынан, агенттер бірнеше ай бойы тапсырыстардың аздығынан айналым қаражат тұрғысынан тапшылықты сезінуде. Соған қарамастан, контрагенттердің басым көпшілігіне сервистік алымның минималды емес, жоғарылау көлемін төлеуге тура келеді», – деп түсініктеме берді АУРЭК өкілдері.


ПІКІР ЖАЗУ