Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендерге қандай көмек берілетіні белгілі болды

0
71

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесудің, шығынды өтеудің бірнеше бағыты түсіндірілді.

Алдымен жылжымайтын мүлік, тұрмыстық техника мен жиһазға келтірілген залал өтеледі, өтемақы беріледі.

«Өтемақының бұл түрін төтенше жағдай жарияланған аумақтардың (Әйтеке би, Қобда, Мұғалжар, Ойыл, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласының) тұрғындары ала алады. Ол үшін тұрғындар 30 күнтізбелік күн ішінде материалдық шығынды өтеу туралы өтінішке жеке куәліктің көшірмесі, жоғалған немесе бүлінген мүліктің тізбесін қосып, аудан әкімдіктеріне тапсырады. 15 күнтізбелік күн ішінде комиссия үй-үйді аралап, техникалық акт жасап, келтірілген залал шығынын бағалайды. Комиссия шешім қабылдап, қаржы бөлу мәселесін қарастырады. 30 күнтізбелік күн ішінде өтемақы төленеді. Ал мүлікті бағалау кезінде келтірілген залал 80% асатын болса, мүлік жойылды деп танылады, жаңа үй салынады», – деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Екінші төлем төтенше жағдай жарияланған және жарияланбаған, су тасқынынан зардап шеккен әр отбасыға қарастырылған. Ақтөбе қаласы және Әйтеке би ауданында 300 мың теңге, қалған аудандарда 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 369 200 теңге. Бұл төлемді алу үшін комиссия қорытындысын мен төтенше жағдайлар қызметінен анықтама алады. Кейін жергілікті жұмыспен қамту орталығына жүгінуі қажет. Құжаттар 8 күн ішінде қаралса, 3 күн ішінде біржолғы төлем төленеді.

Ал құжаты реттелмеген, бірақ аса мұқтаж адамдарға «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры арқылы беріледі. Депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері мен заңгерлердің басын біріктірген қорға бүгінде 400 млн теңгеге жуық ақша түсті. Мұнда кәсіпкерлермен қатар қарапайым адамдар, еңбек ұжымы ақша аударып жатыр.

Сонымен бірге, су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың несие өтеу мерзімі үш айға кейінге шегерілді. Оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар да бар.


ПІКІР ЖАЗУ