Су басу қаупі жоқ»: Олжас Бектенов Астананың су тасқыны жағдайын тексерді
Астана қаласы арқылы тасқын суларды өткізуге және ықтимал су тасқынынан қорғауға арналған Астана контрреттегішінің жай-күйі тексерілді. Сонымен қатар, Майбалық көлі мен Вячеслав су қоймасының жағдайын бақылады.
Астаналық контрреттегіште судың ағуы қазір секундына 30 текше метрді құрайтыны баяндалды. Контрреттегішке келіп жатқан ағын секундына 248 текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда контрреттегіштің су ағызу қабілетін секундына 40 текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметтері бойынша ахуал тұрақты және ұдайы бақылауда, Астана қаласын су басу қаупі жоқ.
Олжас Бектеновке Астана су қоймасындағы жағдай туралы баяндалды.
Суды ағызу секундына 400 текше метр деңгейінде жүзеге асырылады, су қоймасының көлемі 409 млн текше метрді құрайды. Преображенский торабында шарықтау шегіне жетті, Нұра өзені арқылы торапқа құятын су ағыны азайып келеді: қазіргі уақытта секундына 1400 текше метр өтуде.
Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдігі жақын маңдағы елді мекендер мен қалаларды су басудың алдын алу бойынша бірлескен жұмыстар жүргізуде.
Тайтөбе ауылында су тасқынынан негізгі қорғаныс қызметін атқарған үйінділерді нығайту жұмыстары аяқталуда. Биыл қолданыстағы 2400 метрлік бөгетке ұзындығы 1200 метр, биіктігі 2,5 метр болатын жаңа бөгет тұрғызылды.
Жедел штаб Астана, Қосшы қалалары мен Тайтөбе ауылындағы су қоймаларынан су жіберу деректері бойынша жасалған болжамдарды ескере отырып, су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізеді.