Тасқынның шығыны 200 млрд теңгеден асуы мүмкін – Ерлан Саировтың болжамы
Мәжіліс депутаттары тасқын болған өңірлерді аралап, апат салдарын жоюға атсалысып жүр. Осындай мақсатпен Шығыс Қазақстан облысына сапарлап келген депутат Ерлан Саиров Kazinform тілшісіне сұхбат берді. Шығыстағы ахуалды көзімен көріп қайтқан депутат су шаруашылығындағы бүкіл республикаға тән мәселелер туралы тұщымды ойлар айтты.
«Шығыста жағдай күрделі, бірақ тұрақты»
– Қазір депутаттардың бір тобы тасқын болған өңірлерде жүр. Өзіңіз де барып келдіңіз. Оның шығындарын партияларыңыз көтеріп жатыр ма, әлде Мәжіліс бөле ме?
– Ең бірінші Мәжілістің қаражатында осындай қиын жағдайларда депутаттарды өңірлерге жіберетін шығыстар қарастырылған. Кей кездері «Amanat» партиясы өтейді. Осы жолы Мәжіліс көтеріп отыр.
– Тасқын аймақтарына барайық деп өздеріңіз сұрандыңыздар ма? Әлде аппараттан тапсырма түсті ме?
– Мәжіліс дегеннің өзі ұжымды орган ғой. Ұжым болып осындай шешім қабылдадық. Шұғыл жағдайларда депутаттар фракция ішінде, кейін фракциялар арасында ақылдасады. Соның қорытындысы бойынша шешім қабылдаймыз.
– Шығысқа барып қайттыңыз. Әлеуметтік желіден жолдардың сапасын тексеріп жүргеніңізді көрдік. Сапарыңыздың нәтижесінде не өзгерді, не өзгеруі мүмкін?
– Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысындағы негізгі мәселенің бірі – Қалбатау-Боғас бағытындағы жолды салып бітіру. Ол жол төрт жыл бұрын біту керек болатын. Бұрын «КазГер» деген компания болған, олар бөлінген қаржыны қолды қылды. Қазір компания ауысты. Оған дейінгі мердігер компанияның басшылығы сотталып кеткенін білесіздер. Жолға бөлінген қаржының бәрі қайтты деп жатыр.
Қазіргі мердігерлер жыл аяғына дейін жолды ашамыз деп отыр. Ол жерде асфальтқа екі қатпар төселу керек. Тым болмағанда соның бір қатпарын төсеп, жолды ашамыз деп отыр.
– Жобадан бұлай ауытқудың технологиялық салдары сарапталды ма? Технологиялық тізбек сақталмай салынған жол ертең көпке шыдамай қалып жүрмей ме?
– Ондай тәсіл тәжірибеде бар. Майқапшағай-Боғас аралығындағы жағдай да қиын болды ғой. Сол кезде мердігерлермен келісіп отырып, кейбір тұстарда бірінші қатпары төселіп біткеннен кейін қозғалысты ашқызып отырдық. Екінші қатпарды шағын учаскелерге бөліп төсеп шығуға болады.
– Күн тәртібінде тұрған тасқын мәселесіне оралайық. Шығыста қар сәуірдің ортасынан кейін еріп бастайды да, маусымның басына дейін жалғасады. 2018 жылы қазіргі Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының бірнеше ауданында тасқынға байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланды. Сол кезеңнен жергілікті басшылардың сабақ алғаны көріне ме? Сіз сол өңірді жиі аралайсыз ғой.
– Шығыста тиісті топан су, төтенше жағдайларға қарсы инфрақұрылым бар. Осы жолы ШҚО-да Көкпектіден Самарға бұрылған кезде тасжолды үш жерден су алып кеткенін көрдік. Мердігерлер жедел түрде қосымша құбырлар қойып, қиыршық тас, топырақ тасып, бір жарым күннің ішінде жолды ашты.
Шығыста тасқын қаупі деген бұрыннан өзекті. Өйткені, таулы аймақ болғандықтан өзендері асау, қар қалың түседі. Бұқтырма деген өзеннің мінезі Ертістен де алапат. Сондықтан, ондаған жылдар бойы қалыптасқан тасқынға жауап берудің алгоритмі, жадысы бар. Белгілі бір инфрақұрылым бар. Қазір жағдай күрделі, бірақ тұрақты деп айтуға болады. ШҚО әкімімен оперативті байланыстамыз. Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын аудандарының әкімдерімен сөйлестім. Олар да жағдай тұрақты деп отыр.
– 2018 жылы Алтай, Глубокое, Шемонаиха аудандары тасқыннан қатты зардап шеккен еді. Бұл аудандарда да асау өзендер бар емес пе?
– Әзірге тыныш. Тыныш болсын деп тілеп отырмыз.
– Шығыстағы Ертістің бастауы Қытайда. Оған құятын қар суы мен мұздықтар маусымның ортасына дейін ериді. Бір жылдары Қытай Ертісті буып жатқан тоспалардың суын игере алмай бізге ағытып жіберген болатын. Содан Ертіс суы Өскеменнің көшелеріне де жайыла жаздаған. Жерлестеріңіз биыл да солай болмасын деп алаңдап отыр…
– Енді ол халықаралық деңгейде жолға қойылған дүние ғой. Бір-бірімізге алдын ала ескертіп, құлақтандыра отырып шешім қабылдаймыз. Шығыстағы ең негізгі мәселе Марқакөл ауданының ахуалы болып тұр. Қыста ондағы елдің қар құрсауында қалғанын көрдіңіздер. Сол қар еріген кезде біраз қиындық болуы мүмкін. Сіз келердің алдында ғана аудан әкімінің міндетін атқарушымен сөйлестім. Қар біртіндеп еріп жатыр дегенді айтты.
«Биылғы тасқындардың шығыны 200 млрд теңгеден асатын түрі бар»
– Шығыстан жалпы ауқымға оралсақ. Тасқынды еңсергеннен кейін шығындарды өтеу мәселесі алға шығады. Тасқынның экономикалық зардаптарын есептеп, өтейтін комиссияға депутаттарды қосып жатыр ма?
– Біз қазір бақылап отырмыз. Егер мәселе туындап жатса, араласамыз. Тасқын бүлдірген үйді мемлекет салып беру керек. Одан кейінгі негізгі мәселе – мал-жан. Өкінішке қарай, біздің кейбір азаматтар малын ресми тіркетпейді. Бірақ тіркелген мал да, тіркелмеген мал да – халықтың тікелей шығыны. Соны қалай өтеу керек? Осындай мәселе тұр. Одан кейін балалар мектепке бармай қалды. Олардың жазғы демалысы қалай болады? ҰБТ-ны қалай тапсырады? Бізге Үкімет мүшелері күнде келеді. Осы сияқты мәселенің бәрін солардың алдына қойып отырмыз.
– Мен айтып отырған комиссияға «депутаттар да кірсін» деген талап қоймадыңыздар ма? Тасқын кезінде елдің ішінде болған, халықтың жанайқайын ет құлағымен естіген депутаттар ондай комиссиялардың ішінде болу керек сияқты?
– Бұл былай болады. Қазір комиссия жұмысына араласпаймыз. Бірақ халықтан шағым түссе, міндетті түрде Үкіметтің назарын соған аудартамыз.
– Халық сонда қайда шағым түсіру керек?
– Әлеуметтік желі бар ғой қазір.
– Шығынды есептеу, өтеу алгоритмі әлі айқын емес сияқты. Малынан айрылған халықтың мәселесімен тасқынға байланысты құрылған республикалық штаб мамандарына хабарласып едік, ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеді.
Ертең мал тіркеуде болғанның өзінде өлексесін таппаса, суға кеткен малдың тасқыннан өлгенін дәлелдеу қиын болады. Санитария мамандары өлексенің көзін жоя бастайды. Малдың сырғасын сақтау керек бола ма? Тіркеуде жоқ малдың шығыны қалай есептеледі? Осының бәрін сұрап жолдаған сауалымызға жауап ала алмай жүргенімізге бір апта болды. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер малдың шығынын әр өңір өзі есептеп, өтейтінін айтты. Сонда осы күнге дейін ортақ бір алгоритм болмаған ба?
– Қазір өлген малдың бәрі судың астында, балшық боп жатыр. Бұл сұрақтарыңыздың жауабын ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары айту керек.
– Сіздердің алдарыңыздан ондай алгоритм үлгісі өткен жоқ па?
– Профильді министрлік өкілдерін Мәжіліске шақыртып, нақты мәселелерді қойып отырмыз, бұл мәселе де жеткізілетін болады.
– Кеше өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тасқын бүлдірген үйлердің орнына 80 шаршы метрлік үш бөлмелі үйлер мен 160 шаршы метрлік қоспәтерлі қоржын үйлер салынатынын мәлім етті. Әлеуметтік желіде осы қоржын үй жобасына қарсы пікір айтылып жатыр. «Бұрын жеке-жеке тұрған үйлерді бір-біріне міңгестірудің қандай қажеті бар? Басқадан үнемдесе болмай ма?» деген пікірлерді көріп, оқып отырмыз.
– Шынын айту керек, қазір Үкіметтің де жағдайы онша емес. Биылғы тасқынның шығыны менің есебім бойынша 200 млрд теңгеден асып кетейін деп тұр. Сондықтан бізге мемлекеттен тыс жекеменшік компаниялардың да көмегі өте қажет. Далада қалған азаматтардың бәрі келесі қысты жылы үйде қарсы алу керек. Басты мәселе осы.