Қазақ тілін жетік біл: тестілеу ережесі әзірленді

0
67

Тіл саясаты комитеті «Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың ҚАЗТЕСТ жүйесі қағидаларын бекіту туралы» бұйрығын әзірледі.

Қандай да бір мемлекеттік мекемеде, кез келген ұйымда мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуы, насихатталуы тікелей сол мекемені басқарып отырған басшының қойған талабына байланысты екені анық.

Сонымен, тестілеу ережесінде қандай ережелер қамтылған?

ҚАЗТЕСТ жүйесі негізіндегі тестілеуді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асыратынын атап өткен жөн.

ҚАЗТЕСТ тестілеудің екі түрінен тұрады: диагностикалық және сертификаттау. Тестілеу қағаз немесе электронды форматта жүргізіледі.

Диагностикалық тестілеу уақыты – 1 сағат 10 минут (70 минут). Сертификаттау тестілеу уақыты – 2 сағат 7 минут (127 минут).

Астана қаласында жеке тұлғалар үшін тестілеудің өтетін орнын Ұлттық тестілеу орталығы анықтайды. Заңды тұлғалар тестілеу залдары болған жағдайда шақырушы тараптың ғимаратында сынақтан өтеді. Ал облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда тапсырыс берушінің мекемесінде жүргізіледі.

 

Тестілеу залына жеке тұлғалар өтініш және жеке басын куәландыратын құжат негізінде жіберіледі. Сонымен қатар, төлем жасалған жағдайда жеке тұлғалар онлайн төлем жасау кезінде қызметке төленгенін растайтын құжатты (түпнұсқаны) ұсынады. Тапсырыс нөмірін көрсете отырып, түбіртек көшірмесін ұсынады.

Елімізде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ҚАЗТЕСТ жүйесі мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін арттырудың негізгі көрсеткішін іске асыру тетігі ретінде қарастырылып, мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйым қызметкерлеріне, ұлттық компаниялар мен холдингтердің қызметкерлеріне, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін үміткерлерге ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу өткізу міндеті қойылып отыр.

Осыған орай, мемлекеттік бағдарламаның міндеттерін орындау мақсатында орталық және жергілікті органның, мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелердің қызметкерлері мен ұлттық компаниялар мен холдингтердің қызметкерлері жыл сайын ҚАЗТЕСТ тестілеуінен өтетінін атап өткен жөн.


ПІКІР ЖАЗУ