Білім саласындағы алапат жемқорлық Үкіметті шұғыл реформаға мәжбүр етті

0
68

Таяуда бір топ депутат «білім саласында миллиардтаған теңгені құрайтын қаржы жымқырудың көптеген фактілерінің» әшкереленуіне алаңдап, Үкіметке сұрау жолдаған болатын.

Бұған үн қатқан Үкімет бұл саланы түбегейлі жаңғыртуға ниетті екенін жариялады. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова тиісті ақпарат жіберді.

Өйткені бұрынғы білім және ғылым басшысының тұсындағы реформалар ақыры білім саласының шенеуніктеріне ел қаржысын миллиардтап «жеуге» мүмкіндік берген. Жүйені түп қопара өзгертпей, «косметикалық жөндеулер», үстірт түзетулер нәтиже әпермейді.

Мысалы, Тамара Босымбекқызы жүйедегі вертикальді өзгерту қажет етілетінін жеткізді.

«Функцияларды аудандық деңгейден облыстық деңгейге ауыстыру арқылы білім беру саласын қаржыландыру вертикалын өзгерту Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауындағы тапсырмасын орындау аясында жүргізілді. Бұл ретте білім беру саласын басқарудың тікелей вертикалына көшу халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға әлеуметтік қолдау көрсету кезінде бірыңғай тәсілдерді (әлеуметтік төлемдер, жалпыға бірдей оқыту қоры), бүкіл облыс деңгейінде педагогтерге жалақыны уақтылы төлеуді ұйымдастыруды, нақты қажеттілік бойынша мектептердің ағымдағы және күрделі жөндеулерін жоспарлауды қарастырады», – деді вице-премьер.

Осыған орай, оның мәліметінше, қазіргі уақытта Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері бірлесіп, «Барлығына қолжетімді сапалы білім беру» ұлттық баяндамасын мақұлдады.

«Осы ұлттық баяндама аясында білім беру саласын қаржыландыру моделін толығымен өзгерту көзделеді. Соның ішінде, мысалға, облыс әкіміне енді тек МЖМБС-ті (мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын) іске асыруға байланысты шығындарды қаржыландыруды қалдыру ұсынылады. Ал, инфрақұрылыммен, көлікпен қамту, оқу ғимараттарын салу және оларға қызмет көрсету, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік аудандық және қалалық әкімдіктердің құзыретінде және жауапкершілігінде болуға тиіс», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бүгінде бұл модель Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының 4 ауданында сынақтан өтуде. Ол сынақ аяқтала сала, алдағы айда Үкімет шұғыл шараларға кірісуі мүмкін.

Тамара Дүйсенованың мәлімдеуінше, аталған пилоттық жобаның нәтижелері бойынша, сондай-ақ Ұлттық баяндамада қойылған міндеттерді ескеріп, биылғы жылдың мамыр айының соңына дейін «Білім беруді дамытудың салалық тұжырымдамасына» тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Бұл – салада реформаның басталғанын білдірмек.

Балалар балабақшаға жаңа қабылданады

Реформа бюджет қаражатын жоспарлау және игеру процестеріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталады. Осы мақсатта, Т.Дүйсенованың дерегінше, Үкімет коррупция тәуекелдерін және бюджет қаражатын ұрлаудың алдын алуға бағытталған, әлеуметтік саланы және көрсетілетін қызметтерді цифрлық трансформациялау шараларының кешенін қабылдауда. Бұл балабақшадан бастап, білім берудің барлық саласын қамтиды.

«Біріншіден, балабақшаға кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасы әзірленді. Ол ата-аналардың цифрлық форматта өтінім беруінен, өтінімнің ілгерілеу мәртебесінен, балабақшаны таңдауынан, шарт жасасудан бастап, баланың балабақшаға барғанын растауға дейінгі бүкіл процесті бақылауға мүмкіндік береді. Бұл алгоритм мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік балабақшалардағы орындарды бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ балабақшаға қатысты қос кезекті және ілеспе сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған», – деді вице-премьер Т.Дүйсенова.

Қазіргі уақытта платформаны сынақтан өткізу аясында, пилоттық режимде 1 279 бала балабақшаға жаңа тәсілмен, жаңа бірыңғай база аясында қабылданды. Тағы 1801 бала қабылдау рәсімінен өтуде: олар Жамбыл және Қызылорда облыстарында, Атырау, Петропавл, Шымкент қалаларында, Қарағанды облысының Шахтинск қаласында және Павлодар облысының 8 ауданында тұрады.

Білім беру «бұлтқа» көшеді

Екіншіден, Үкімет «Бірыңғай бұлтты платформа» құрады және саланы «Бұлтты есепке алу жүйесіне» толық көшіреді. Реформа аясында бұл бағыт «бірыңғай есепке алу саясаты» деп аталады.

Ол не бермек? Тамара Дүйсенованың сендіруінше:

• «Бақыланбайтын шығыстар» тәуекелдерін барынша азайтады;

• төлем алушылардың тізілімі арқылы айла-шарғы жасауға,

• сомаларды кешіктіріп, не асыра, не төмендете отырып, қасақана қате төлемдерді тағайындауға тосқауыл қояды;

• көрсетілмеген қызметтер үшін ақы төлеуді болдырмауға мүмкіндік береді.

«Үшіншіден, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, арнайы Жол картасы іске асырылуда. Соның шеңберінде Ұлттық білім беру деректер базасының ақпараттық платформасында «Педагог профилі» жаңа модулі әзірленді. Сондай-ақ білім беру ұйымдары мен меморгандардың бухгалтерлік есебі ақпараттық жүйелерінің интеграциялануын қамтамасыз ететін «Тарифтеу» модулін құру көзделген. Жалпы, білім саласындағы коррупциямен күрес мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында», – деп уәде етті Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Сала жемқорлары миллиардтарды ғана місе тұтады

Қалай болғанда, бір шара жасамаса, білім саласында қаншама ел қаржысы босқа талан-тараж болуда. Мысалы, өткен аптада Жетісу облысында Антикор Сарқан ауданының білім бөлімінің бас бухгалтерінің қылмысын әшкерелегені мәлім болды.

«Ол аса ірі көлемдегі соманы – 1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілікті. Бұл үшін ол осы бөлімнің бухгалтерлерінің шотына жалақыларды шектен тыс көп аударған. Тергеу іс-қимылдары барысында бас бухгалтерден 156 миллион теңге ақша табылып, алып қойылды. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда», – деді Антикордың ресми өкілі Данияр Бигайдаров.


ПІКІР ЖАЗУ