Алматыда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған 14 адам сотталды

0
71

Алматыда былтырдан бері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойыша 18 қылмыстық іс қозғалып, 14 адам сотталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Алматы қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Сабырғали Балғалиев айтты.

Спикердің сөзінше, казино мен ойын автоматтары залдары Қапшағай және Ақмола облысының Щучье ауданынан басқа жерлерде ашу заңсыз.

«Алматыда 2023 жылдан бері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректері бойынша 18 қылмыстық іс қозғалып, 14 тұлғаға қатысты сот үкімі шығып, олар сотталды, 3 іс қаралып жатыр. Департамент өндірісінде — 5 қылмыстық іс тергелуде. Заңсыз айналымнан 111 монитор, 102 процессор және ойын терминалы тәркіленіп, 1 500 терминал жойылды. Күдікті сайттардың сілтемесі бұғатталды», — дейді ол.

Айтуынша, жедел-тергеу іс-шаралары барысында TikTok желісінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, ставкаларды қабылдау, банктік аударымдар арқылы ұтыстарды есептеу және беру функцияларын қолдайтын онлайн құмар ойындар фактісі анықталды.

«Оны тексеру барысында, бірнеше адамның төрт ай бойы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, 13 млнға жуық кіріс тапқаны дәлелденді», — деді Сабырғали Балғалиев.


ПІКІР ЖАЗУ