Мемлекет басшысы Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронды қабылдады

0
64

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға сапары екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін беру тұрғысынан мәні зор екенін айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

– Біздің маңызды стратегиялық серіктесіміз – Ұлыбританиямен арадағы өзара тиімді ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңіліміз толады. Бүгін Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын айрықша атап өткім келеді. Бұл жан-жақты құжат біздің сан қырлы байланыстарымызды кеңейту үшін берік негіз қалайтынына сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты, соның ішінде энергетика, «жасыл» экономика, қаржы, инновация салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мол әлеует бар екеніне назар аударды.

Өз кезегінде Дэвид Кэмерон қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ Ұлыбритания Премьер-министрі ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы сапарын ықыласпен еске алды.


ПІКІР ЖАЗУ