Бағдат Мусиннің неге отставкаға кеткені түсінікті болды

0
69

Экс-министр Президент Әкімшілігінен «Ақылды қалалар» жобасын үйлестіруді жоғалтқаны үшін сөз естіген.

Осы бағыттағы қаптаған жобаларға жұмсалған миллиардтардың қайда кеткені белгісіз.

Цифрлық даму экс-министрі Бағдат Мусин Facebook-тегі парақшасында «өз еркімен отставкаға» кеткенін («я подал в отставку») мәлімдеді. Бірақ үкіметтегілердің айтуынша, соның алдында ғана ол алдағы атқаратын жұмыстарын белгілеп, жүгіріп жүрген.

Б.Мусиннің өзі неге министр лауазымынан кеткенін түсіндірмеді. Қайда баратыны туралы да тіс жармады. Тек «цифрландыру саласын басқаруды сеніп тапсырған және мүмкіндік берген» Мемлекет басшысына алғыс айтумен шектелді.

«Қарапайым қазақстандықтардың өмірін жеңілдеткен және ыңғайлы еткен жетістіктерімізді мақтан тұтамын, бұл әрине цифрлы мемлекеттік қызметтер. Сонымен қатар, прогрессивті цифрлы өнімдеріміз халықаралық деңгейде атап өтілді және елімізді әлемдік цифрлы көшбасшылар қатарынан көрінуге мүмкіндік берді», – деп Бағдат үш жылдық министрлік қызметін жан-жақты қортындылап жатпай, қысқа қайыра салды.

Бұл жайт Президент Әкімшілігі жүргізген кешенді тексеру барысында да анықталды: Қазақстанда Цифрлық даму министрлігі жауап беретін имидждік және практикалық жоба – «Smart City» бағдарламасына кірген ақылды қалалар мен жобаларды дамытуда еш жүйелілік жоқ көрінеді.

Жан-жақты тексеріс өткен жылдың соңында жүргізілген, алайда оның қорытындысы енді ғана бізге, жұртшылыққа белгілі болып отыр.

Сонымен, Президент Әкімшілігі кешенді тексерісті 2023 жылғы қарашада жүргізді. Оның барысында ел басшылығының аудиторлары мен сарапшылары Қазақстанда «Smart City» жобасын жүзеге асырудың сапасына, сондай-ақ «Ақылды қалалар» концепциясы бойынша цифрлық шешімдерді ендірудің сапасына жіті үңіліп, жасалған жұмыстың егжей-тегжейін жан-жақты пысықтаған.

Нәтиже көңіл көншітпеген көрінеді

Тексеру қорытындысында Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ернар Баспаевтың тапсырмалары мен сын ескертпелері жазылған арнайы хат осы бағдарлама мен салаға жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне келіп түсті.

Ақордадан бағытталған хатта атап айтылғандай, «заманауи, барынша өзекті, тиімді және халық тарапынан шын мәнінде сұранысқа ие цифрлық жобаларды әзірлеу бойынша да, жүзеге асыру бойынша Цифрлық даму министрлігі тарапынан мүдделі меморгандар мен бизнес қоғамдастықтың іс-қимылдарын бірыңғай үйлестіру-координация жоққа тән».

Бағдат Мусин командасының жалғыз «Ақылды қалалар» саласындағы ғана емес, елге керекті цифрлық шешімдер бағытындағы бүкіл жұмысы сынға ілікті. Бұл сын әділетті болса керек. Б.Мусин 2021 жылғы қыркүйекте Қазақстанның бүкіл «электронды Үкіметін» Ресейдің «Сберінің» GovTech платформасына көшіруге талаптанды. Халық шу көтеріп, әзер тоқтатты. Әйтпесе, Мусиннің өзі хабарлағандай, Сбердің платформалық цифрландыру моделіне көшу Қазақстанға шамамен 500 миллион долларға (шамамен 215 миллиард теңгеге) түсетін еді. Оның үстіне келесі 2022 жылы Мәскеу Украинаға шапқыншылық жасап, алғашқылар қатарында Сбер халықаралық санкцияларға ілікті.

Сонда Қазақстанның бүкіл «электронды Үкіметі» жайрап қалуы мүмкін еді. Қалай болғанда, содан бері Цифрлық даму министрлігі заманауи, өзекті, тиімді және халық тарапынан шын мәнінде сұранысқа ие цифрлық ірі бастамаларымен көзге түспеді.

Цифрлық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, Президент кеңесшісінен түскен хатта «халықтың тіршілік салаларының барлық деңгейлерінде цифрландыруды ендірудің маңыздылығын ескере отырып, сондай-ақ мемлекеттегі коррупциялық көріністерді азайту, адамдардың өмір сапасын арттыру мақсатында» келесідей тапсырмалар берілген. Үкіметке уәкілетті орган ретінде Цифрлық даму министрлігінің «Ақылды қалаларды» дамытуды ведомствоаралық және салааралық үйлестіру құзырын қарастыру жүктелді.

Сондай-ақ Үкімет «Ақылды қалалардың» Эталонды стандартын жүзеге асыру сапасына бағалау жүргізу функцияларын пысықтауға тиіс.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, Қазақстанда «Ақылды қалалар» тізімін Астана мен Алматы бастап тұр. Сонымен бірге облыс орталықтары арасынан 2023 жылғы рейтинг бойынша Өскемен, Орал және Қарағанды қалалары көшбасшылардың бестігіне кіріпті.

Бірінші вице-премьер салада жүйелілік, кешенділік жоқтығын жасырмады.

«Қазақстанда «Ақылды қалалардың» толыққанды экожүйесін құру талап етілетінін мойындауымыз керек. Ол Смарт ситидің барлық технологиялық компоненттерінің өзара үйлесімді ықпалдастығын қарастыруға тиіс. Оның үстіне мұнда енді жасанды интеллект қолданылуы қажет. Осыған байланысты бүгінде Цифрлық даму министрлігі Эталонды стандартты актуализациялау жұмысын жүргізуде», – деді Премьердің бірінші орынбасары Роман Скляр.


ПІКІР ЖАЗУ