Жақыпбек Малдыбаевтың қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш екендігі қалай дәлелденді

0
67

Бейбітшіліктің ауылы алыстап, соғыс атты нәубет келгенде батырларымыз елі мен жеріне қорған болды. Соның ішінде Жақыпбек Малдыбаевтың орны бөлек. Себебі ол қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш. Бұл туралы анықтап, алғаш рет жазып, көпшілікке танытқан – шығысқазақстандық журналист Айтмұхамбет Қасымов. Kazinform тілшісі оны әңгімеге тартып, Жақыпбек Малдыбаев жайлы ізденісті қалай бастағанын сұрап көрді.

Мұғалім жіберген мақала

Биыл жетпістің төртеуіне келетін Айтмұхамбет Қасымов саналы ғұмырын журналистика мен жазушылыққа арнаған. Бірақ жалпақ жұрт оны қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаевтың өмірін зерттеуші ретінде таниды.

– Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде 40 жылға жуық уақыт жұмыс істедім. 1982 жылы газетімізге Күршім ауданы Қаратоғай ауылындағы мектеп мұғалімі Ақаш Жүністен шағын мақала келді. Онда Малдыбаев деген кісінің 5 ұлы туралы жазылған екен. Оның ішінде соғысқа қатысқандары, түрлі салада еңбек етіп жүргендері бар. Екінші ұлы Жақыпбек Малдыбаев туралы қысқаша сөйлемде «Испания соғысына қатысқан ұшқыш» деп сипатталыпты. Осы бір ауыз сөз кәсіби қызығушылығымды тудырды, – дейді қаламгер.

«Испания соғысы 1936-1938 жылдары болған. Демек, Жақыпбек ұшқыштың оқуын бұдан бұрын оқыған. Қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш болуы мүмкін ғой» деп ойлаған Айтмұхамбет Қасымов ізденісті бастап кеткен.

Жақыпбек Малдыбаев 1907 жылғы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында дүниеге келген. Жастайынан жылқы баққан ол еңбекқор болып өскен. 21 жасында Зайсан ауылдық Кеңесінде қызмет етіп, аудандық жалшылар комитетінің төрағасы болып сайланады. 1929 жылы өз еркімен қызыл әскер қатарына қосылған. Сол жылдың ақпан айында Түрікменстандағы кавалериялық бригадада қызметін бастайды. Басмашыларды жоюға қатысып, ерлігімен көзге түскен. Содан соң взвод командирінің көмекшісі болып, тәжірибесі мен абыройы арта берді.

1932 жылғы Жақыпбек В.Ленин атындағы біріккен Орта Азия әскери мектебінің кавалерия бөлімшесінің бірден үшінші курсына қабылданып, взвод командирі дәрежесінде бітіріп шыққан. РККА командирі атағын алған соң КСРО революциялық Әскери Кеңесінің бұйрығымен ұшқыштар және ұшқыш-бақылаушылар даярлайтын 9-әскери мектепке қабылданады. Осылайша, Жақыпбек Малдыбаев бұл мектепті бітірген тұңғыш қазақ болған. Испан соғысына қатысқан ол 1938 жылы Ташкентте ұшақ апатынан көз жұмған.

– Күршім, Зайсан, Тарбағатай аудандарына іссапарға шығып, Жақыпбектің інілерімен, туыстарымен сөйлесіп, біраз деректер жинақтадым. Хорьковтың авиация училищесіне хат жаздым. Ондағы музейдің директоры полковник М.Е. Калижниковтан жылы жауап келді. «Сіздің ізденісіңізді құптаймыз. Шыныменде Жақыпбек Малдыбаев біздің училищенің екінші түлектерімен бірге бітірген» деп жазылған. Өзім сол екі жылғы түлектердің тізім­дерін мұқият қарап, Малдыбаевтан басқа қазақ фамилиясын кездестірмедім. Одан бұрын 1928 жылы 31 тамызда құрылған Орынбор авиация училищесі және Борисоглебск ұшқыштар мектебінің бірнеше жылғы оқушыларының тізімдерін де қарап шықтым. 1929-1934 жылдары Орынбор мектебінде орыстардан басқа осетин, мордва, чуваш, поляк, неміс, татар, грузин, баш­құрт, латыш, корейлер оқыпты, қазақ жоқ. Ұлты жазылмаған Кадыров Рахман Сұлтанович деген адам оқыған екен, бірақ үлгере алмауы себепті 1930 жылғы 20 тамызда мектептен шығып қалған. Жақыпбек Малдыбаев 1933 жылдың 1 қаңтарында әскери ұшқыштар мектебінің табалдырығын қазақ жігіттері­нің ішінен тұңғыш рет аттаған азамат екені осылай белгілі болды, – дейді Айтмұхамбет Қасымов.

Мәскеуге барып материал жинады

Ол келесі хатты Москваға жолдаған. Сол жақтан Жақыпбектің 1929 жылғы 13 қарашада әскер қатарына алынғанынан бастап, 1938 жылғы 30 наурызда қаза болғанына дейінгі оқуы мен қызметтері жазылған жеке бас листогын хат арқылы алдыртқан.

– Мұндағы деректер мені одан сайын қызықтыра түсті. Онда 82-атты әс­кер полкының жауынгері, курсант, әс­ке­ри училищені бітіріп, взвод командирі, одан 9-ұшқыштар мектебін бітіргендігі, Мәскеуде арнайы фотоқызмет бастығының курсында оқығаны, әскери өсу жолдары, қайтыс болуына байланысты, 1938 жыл­ғы 8 маусымда әскерилер тізімінен сызылғанына дейін жазылыпты. Енді архив­ке тағы да хат жазып, оларда қалай жұ­мыс істеуге болады, кіру үшін қандай құжаттар қажеттігін сұрадым. Жауап алған соң, газетіміздің бас редакторы Жұмәділ Әділбаевқа кі­ріп, осыған дейінгі жинаған деректерді көрсетіп, Мәскеуге іссапармен арнайы ар­хивке барып келуге рұқсат сұрадым. Арғы-бергі жолды есептеме­генде, бір жұма іс­сапар жолдамасын жазып берді. Сондағы Қа­зақстанның тұрақ­ты өкілдігі үйінде орналасып, бір жұма Орталық архивте жұмыс істедім. Әжептәуір материал жинақтадым. Бір өкініштісі, «Испания соғысының» қо­рына қол жетпеді, оған Генштабтың арнайы рұқсаты керек екен. Осы сапардан екі-үш ай өткен соң, Мәскеуге кездейсоқ тағы бір жолым түскені. Мәдениет қызметкерлері кә­сіподағының Одақтық съезіне делегат болып сайланып, бір жұма сонда болдым. Мұндай мүмкіндік «қалтасы тесік» журналиске жиі бола берер дейсіз бе. Сондықтан, жасыратыны жоқ, кәсіподақты мен көр­кейте қоймаспын деп тағы да архивке бар­дым. Таңертең съезге бір бас көрсетіп, үш-төрт күн Жәкеңнің құжаттарын қарастырып, зерттедім. Осы екі сапардан кейін, «Қазақтың тұң­ғыш ұшқышы» деген көлемді очерк жа­­­зып, «Коммунизм туына» ұсындым. Бү­кіл қазақтікі дей отырып, бір облыстың шеңберінен шығармағанымыз теріс болар деген оймен, сол очеркті республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне және ұсындым, – дейді жазушы.

Алайда сол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қазақтың тұңғыш ұш­­қышы кім?» деген тағы бір материал жарияланыпты. Оның авторы – Қазақ азаматтық авиация бас­қар­­масының 1-категориялы инженері Әбу Смағұлұлы. Онда 1933 жылы Балашов азаматтық авиация учи­лищесін бітірген қызылордалық Жолдасбек Нұрымұлы – қазақтың тұңғыш ұшқышы деп тұжырымдалған. Осылайша, пікірталас туындап кетті.

– Осы мате­риалда «…ұшқыштар мектебін 1933 жылы үздік бітірген ол…Мәскеудегі ССРО Азаматтық Әуе флоты Бас басқармасының 1933 жылғы 22-қыркүйегіндегі № 540 бұйрығымен 2-клас­ты ұшқыш болып бекі­тілген» деп нақты архивтік деректер кел­тірген. Сонымен, бұл очерк, мақалалардан кейін мынадай қорытынды жасалды: Жақыпбек Малдыбаев – қазақтың тұңғыш әскери ұш­қышы да, Жолдасбек Нұрымов – қа­зақ­тың тұңғыш азаматтық ұшқы­шы. Екеуі де училищені 1933 жылы бі­тірген, – дейді Айтмұхамбет Қасымов.

Осылайша, Жақыпбек Мал­ды­баевтың есімі күллі қазаққа танылды. 1997 жылы алғаш рет Зайсан ауданында ұшқыштың мерейтойы атап өтілді. Сол 90 жылдықта Малдыбаевтың ұрпақтары, туыстары келіп, аудандағы көшеге батырдың есімі берілді. Көп ұзамай Марқакөл мен Күршім аудандарында да Жақыпбек Мал­ды­баев атымен аталған көше пайда болды. Туған жері Шеңгелдідегі мектепке де оның есімі берілген.

– 110 жылдығында Өскемендегі Аблакетке шағын ауданындағы көшелердің бірі оның атымен аталса, 115 жылдығында, яғни 2022 жылы қаладағы сол Жақыпбек Мал­ды­баев көшесінің басталар тұсына стелла орнатылды. Оған мұрындық болған Өскемен әкімі Жақсылық Омарға алғыс айтамын. Стелла авторы – мүсінші Нұрбол Қалиев. Өздігінен ешкімге көше атауы беріліп, стелла орнатылмайды ғой. Бұл ұзақ жыл бойы төккен терімнің өтеуі десек те болады. 90 пайыз еңбектің 10 пайыздық ләззаты. Жақыпбек Мал­ды­баев мұндай құрметке әбден лайық! Бүгінгі ұрпақ осындай батырларын біліп, тағзым етіп, құрмет көрсетке екен деймін, – дейді қаламгер.


ПІКІР ЖАЗУ