Алматыдағы қонақ үйлер Бакумен салыстырғанда 3,5 есе аз – Инвесторларға жаңа кредит берілмек

0
64

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаланың туристік әлеуетін тежеп отырған негізгі факторларды айтып берді. Атап айтқанда, бұл – нөмірлік қордың шектелуі және MICE және EVENT туризмін дамыту үшін маманданған инфрақұрылымның болмауы.

«Алматы қаласында бүгінде 11 400 нөмірі бар 354 қонақ үй жүмыс істейді. Бұл Бакумен салыстырғанда 3,5 есе, Тблисиден – 2,7 есе, Ташкенттен – 2 есе төмен. Осыған байланысты жаңа қонақ үйлер құрылысына ерекше назар аударып отырмыз», – Е.Досаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Инвесторларды ынталандыру мақсатында «Бәйтерек» ұлттық қоры мен Алматы ӘКК желісі бойынша «Almaty tourism» жаңа кредиттік өнімі арқылы туристік сала жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы іске асырылып жатыр.

Бүгінгі таңда мегаполисте инвесторлар 227 млрд теңгеге 3,3 мың нөмір болатын 7 қонақ үй салып жатыр, 16 қонақ үйді жобалады. Аталған шаралар үш жыл ішінде нөмірлік қорды 17 мың нөмірге дейін 1,5 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Туристік қызметтер экспортын арттыру мақсатында Алматы қаласы жоғары әлеуетке ие MICE және EVENT туризмін белсенді дамытуда. Алайда Республика сарайы, Атакент секілді мамандандырылған нысандардың тозуына, халықаралық көрме стандарттарына сәйкес келмеуіне байланысты қала көпфункциялы көрмелік және концерт және іс-шара алаңдары ретінде таныла алмайды. Ал бұл Алматының туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермейді», – деп атап өтті әкім.

Осы орайда қалада 8,5-12 мың орынға Freedom Hall, мың орынға Swissotel Grand Hall нысандары жобаланып жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ