Қазақстан төл таксиін дамытпақ
Саясаттанушы, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев бір маңызды жайтқа назар аудартты.
Оның айтуынша, бүгінде Әзербайжанда «Яндекс.Такси» сервисі жойылды.
«Оның орнына бұл елде Yango қосымшасын жүктеп алуыңыз керек. Ол интерфейсі бойынша Яндекстікінен мүлдем ерекшеленбейді. Атауының өзі Yandex Go-дан туындаған. Бірақ Қазақстандағыдан басты бір айырмашылығы бар. Жергілікті Yango – Әзербайжанда тіркелген және өз қызметінде тек қана соның ұлттық заңнамасын ұстанатын заңды тұлға! Оның кеңсесінде де жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Ал, Қазақстанда «Яндекс.Такси» – ресейлік болып табылады! Салдарынан, Қазақстан тарапынан айтылатын барлық арыз-шағымдарға жалтарма жауап береді, айналдырған 20 миллион ғана халқы бар, айтуға да тұрмайтын шағын нарық үшін арнайы түрде қайта тіркеуден өту – тиімсіз екенін дәйектейді», – деді Т.Қалиев.
Әзербайжан Президентінің ресми сайтында көрсетілгендей, Әзербайжанда қазіргі кезде небәрі 10 млн 180,8 мың тұрғын ғана бар. Яғни, бізден екі есе дерлік аз! Израильде де жергілікті Yango агрегаторы жұмыс істейді, бұл елде 9,8 млн халық қана бар. Ендеше ресейлік Яндекстің жергілікті жерде қайта тіркеліп, жергілікті заңмен жұмыс істеуі нарықтың ауқымына тіпті де байланысты емес. Бар мәселе – жергілікті биліктің азуын көрсетіп, тегеурінді талап қойып, оны пәрменді орындата білуінде.
Сарапшы елімізде қаптаған ресейлік компаниялардың анағұрлым шағын нарықтарда қайта тіркеуден өтіп, Қазақстанда соны жасамауы – елді менсінбеуінің белгісі екенін білдірді.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров қазақстандық меморгандар «Яндекс.Таксиді» тәртіпке келтіру үшін қолдан келгенін жасап жатқанын жеткізді.
Мысалы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2023 жылғы желтоқсанда «Яндекс. ТаксиКорп» ЖШС-іне қатысты монополияға қарсы тергеуді аяқтады. Нәтижесінде, Яндексті әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Басқа ірі шараларын атасақ, антимонополиялық орган ресейлік компанияны өзі аяусыз, құлша жұмысқа жегетін жергілікті таксишілерге лайықты ақы төлеуге азды-кем мәжбүр еткен.
Агенттік пен Яндекс «монополияға қарсы комплаенс» туралы келісті, оның аясында келесі шаралар көзделген:
Егер тапсырыс сапардың базалық құнынан екі есе асып кетсе, сол үшін алатын Яндекстің әділетсіз комиссиясы жойылды. Бұл 2023 жылғы 14 желтоқсаннан бастап, жүргізушілердің табысын арттыруда. Экономикалық әсері – жылына 2 миллиард теңге. Бұл ретте осы бастама аясында компанияның алмаған комиссиясы 2024 жылдың бірінші тоқсанында 47 миллион теңгені құрады;
Жүргізушілерге арналған қосымша бонустық бағдарлама енгізілді. 2024 жылы сала айналымы мен инфляцияның өсуіне байланысты экономикалық эффект 7-10 миллиард теңге, бұл ретте жүргізушілерге 2024 жылдың бірінші тоқсанында төленген бонустардың жалпы көлемі 6,2 миллиард теңгені құрады.
Тарифті қалыптастырудың ашықтығын арттыру үшін пайдаланушы қосымшасы жақсартылуда. Онда тарифтің қымбаттауының негіздемелері және баға өзгерісінің болжамы келтіріледі. «Яндекс Go» қосымшасының басты экранына соны түсіндіретін «сұраныс индикаторы» қосылды.
Яндекс қосымша бонустық бағдарламаны енгізді. Оған сәйкес 2023 жылдың желтоқсанында Астана және Алматы қалаларының жүргізушілеріне 400 миллион теңгеден астам, ал, 2024 жылдың қаңтарында 700 миллион теңге төленді.
Жолаушылар үшін жаңартылған «Бірге» тарифі енгізілді. Ол жұмысы шұғыл емес адамдарға сұраныстың шырқау шегіне жететін кезеңдерде таксиге төмен бағамен тапсырыс беру мүмкіндігін ұсынады. Яғни, асықпайтын, бірақ әйтеуір көздеген жеріне жетіп қалуды қалаған адамдар осы тарифпен тапсырыс берсе, басқа жолаушыны апара жатқан такси оған жолшыбай соғып, алып кетеді. Бұл тариф 5-тен 40%-ға дейін қаржы үнемдеуге жол ашады екен.
Үкіметтің бас экономисінің айтуынша, 2024 жылдың бірінші тоқсанында осы тариф бойынша шамамен 4,5 миллион сапар жүзеге асырылды.
«Яндекс.Такси» такси қызметтеріне сұраныс ең жоғары болған жағдайларда, мысалы, қолайсыз ауа-райында, боранда, жауын-шашында немесе мереке күндері тарифті бұрынғыдай үш еселенген коэффициенттен жоғары көтеруге тыйым салмайды, бірақ шектеулер енгізеді: мұндай тасымал бір тоқсанда сапарлардың 5%-ынан аспайтын болады. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында құны үш еселенген коэффициентпен 238 мың тапсырыс немесе жалпы санының 0,15% жүзеге асырылды», – деді вице-премьер–ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Дегенмен, тек ресейлік заңға ғана бағынатындықтан «Яндекс.Такси» Қазақстан билігінің бұл талаптарын уақытша орындап, ізінше бас тарта салуы әбден мүмкін.
Нұрлан Серікұлы компанияның бұл талаптар мен шектеулерді орындауын бақылау тұратындарын жеткізді. Монополияға қарсы комплаенстің орындалуын антимонополиялық агенттік 2024 жылдың ІІ-тоқсанының, яғни маусым айының соңына дейін арнайы мониторинг тобы арқылы бақылауға ниетті. Топқа Көлік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Әділет, Цифрлық даму министрліктерінің, сондай-ақ таксопарктер қауымдастығының өкілдері кірмек.
Үкімет басшысының орынбасары болашақта жолаушылар мен жүргізушілердің мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету үшін антимонополиялық агенттік заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасағанын хабарлады.
Біріншіден, жаңа заң жобасы жүргізушілерге такси парктеріне тәуелді болмай (олар да әрбір тасымалдан өз ақы-комиссиясын жинайды), Яндекспен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, егер заң шынымен қабылданса, онда Яндекстің ресейлік бағдарламалық қамтылымын Қазақстан тарапына егжей-тегжейлі зерделеуге құқық береді. Зерттеу барысында ел Үкіметі ондағы такси тарифтерінің қалай қалыптасатынын, ауа райы жағдайлары, мерекелік сұраныстың артуы, жүргізушілердің болмауы және басқа факторлардың қалай ескерілетінін түсінгісі келеді.