Түркі елдерінің алғашқы бірлескен қаржы қоры құрылды

0
59

Ыстанбұлда Түркі инвестициялық қорына мүше басқарушы елдер кеңесінің (ТИҚ) алғашқы ұлықтау отырысы өтті

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстан тарапынан қордың басқарушылар кеңесінің өкілі болды.

Түркі инвестициялық қоры түркі әлемі экономикалық интеграциясының алғашқы бірлескен қаржы институты. Қордың бастапқы капиталы 500 млн доллар. Оны құрудың басты мақсаты Түркі елдері арасындағы экономикалық және коммерциялық қатынастардың дамуын қамтамасыз ету.

Түркия Қаржы министрлігінің бағалауы бойынша 2024 жылдың соңына қарай түркі мемлекеттері әлемдік экономикада маңызды орын алады. Яғни, экономика көлемі 1,9 трлн долларға және халық саны 178 млн адамға жетеді деп күтілуде.

Нұрлан Байбазаров Қазақстан үшін түркі интеграциясын дамытудың айрықша маңызды екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі Қор қызметінің басталуын толығымен қолдайды. Аталған Қор қатысушы елдердің экономикалық өсуі мен дамуының катализаторы болатынына және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге әрі бірлескен жобаларды іске асыруда тиімді өзара әрекеттестікке ықпал ететініне сенімдімін», деді ол.

Қор қызметі барысында инфрақұрылымды, жаңартылатын энергия көздерін, ауыл шаруашылығын, туризмді, IT және басқа да. бағыттарды қамтитын түрлі секторлардағы бірлескен жобаларды қолдауға басты назар аударылады.

Мұндай жобаларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құру мен экономиканы әртараптандыруға бағытталады.

Қазақстанға түркі әлемінің белсенді қатысушысы болуға, жобалар үшін қаржыландыру, гранттар мен техникалық көмек алуға, Түркі мемлекеттері ұйымының өңірі аясында және одан тыс жерлерде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.


ПІКІР ЖАЗУ