Сингапур стиліндегі мүлдем жаңа әрі интеграцияланған мегаполис салуға ниеттіміз — Тоқаев

0
82

Президент Alatau City жобасын жүзеге асыру мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Қазақстан-Сингапур бизнес форумы аясында Алматы облысындағы аса ірі Alatau City жобасын іске асырудың маңызды аспектілері талқыланды.

Кездесуге Surbana Jurong компаниялар тобының бас директоры Шон Чао, Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы және Temasek Trust компаниясының директоры Хеан Файн Вонг, China Development Institute компаниясының вице-президенті Цзянь Цю, KPMG ASPAC мемлекеттік секторының басшысы Майкл Камерленго, Kuok Singapore компаниясының төрағасы Хун Ин Куок, Boustead Singapore Ltd компаниялар тобының төрағасы және бас директоры Фонг Фуэй Вонг, KPMG Korea серіктесі Мунгу Парк, Samsung C& T Engineering and Construction Group компаниясының вице-президенті Юнг-Вук Ким, Kuok Group компаниясының қаржы директоры және Allgreen Properties компаниясының бас директоры Леонг Чье Тхо, Caspian Group компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Цхай, сондай-ақ Қазақстан делегациясының ресми өкілдері қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуетті серіктестерге ілтипат білдіре отырып, Alatau City жобасы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі экономикасының катализаторы ретінде маңызды саналатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы бұл жобаны іске асыру мәселесі Сингапур Президентімен және Премьер-министрімен жүргізілген келіссөз барысында талқыланғанын айтты.

— Біз Сингапур стиліндегі мүлдем жаңа әрі интеграцияланған мегаполис салуға ниеттіміз. Ол әлемдік стандарттарға сай келетін жетекші халықаралық іскерлік хабқа айнала алады. Жан-жақты ойластырылып жобаланған инфрақұрылым, үй салу кезінде инновациялық технологияларды пайдалану және перспективті салаларға баса мән беру — осының бәрі орнықты даму жобасы ретінде Alatau Сity құрылысының сәтті іске асуына үлес қосатын аса маңызды элементтер. IT, стартаптар, зерттеулер мен әзірлемелер, тұрақты өндіріс, жаңартылатын энергия көздері, агробизнес, денсаулық сақтау сияқты инновациялық секторлардың дамуы ресурс тұтынуға негізделген дәстүрлі салалардан бас тартудың айқын көрінісі болуға тиіс. Жасыл, орнықты әрі инклюзивті қала құру, әлбетте, саяси жағынан үздіксіз үйлестіруді және инвестицияға қолайлы жағдай жасауды қажет етеді. Сондықтан Қазақстан Үкіметі ауданы мың шаршы километрге жуық Alatau арнайы экономикалық аймағын құрды, — деді Мемлекет басшысы.


ПІКІР ЖАЗУ